20 Қыркүйек, 2017

Қазақстанның миссиясы айқын

569 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің сыртқы әлемдегі абы­рой-атағы мен халықаралық бе­делі жүзеге асырылып жатқан ірі­ бас­тамалар мен кең ауқымды іс-шаралардан көрініс тауып, өзі­нің тиісті бағасын алып отыр. 

Қазақстанның миссиясы айқын

Мә­селен соңғы уақытта Астанада ірі­ халықаралық көрменің жабы­лу салтанаты және мұсылман әле­­мінің өзекті даму мәселелері тал­қыланған жоғары деңгейдегі саммит аяқталды. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан, Астана және Елбасының есімі жиі аталып, мемлекетіміздің әлемдегі орны айқындала түсті. 

Осындай халықаралық саяси шаралар еліміздің әлемдегі бейбітшіл бейнесін, тегеурінді тұлғасын, ымырашыл имиджін нығайта түсері анық. Астана мәмілегер дипломатиясының арқасында «Азияның Женевасы», ірі қаржы орталығын құру арқылы «Орталық Азияның Дубайы» аталып, Орталық Еуразия мен Таяу Шығыс түйіскен күрделі аймақтағы ықпалды саяси орталықтардың біріне айналуда. 

Аймақтық қақтығыстарға ара­аға­йын­дық жасауға талпынудың қиын­дықтарымен қатар, өз жеміс­тері де болары сөзсіз. Мәселен, ха­лық­аралық қоғамдастық бұдан былай елімізге айрықша назар аударып, Астананың іс-қимылдары мен сөз­деріне үлкен мән бере бастады. 
Осы орайда Қазақстанның әлемдегі шы­найы миссиясы қандай деген маңыз­ды концептуалды сұраққа жауап­ іздеу қажет деп ойлаймыз. 

Қазақстанның сыртқы саясаты жү­зе­ге асырған мәмілегерлік шараларды шет­елдік сарапшылар «жұмсақ күш» деп бағалады. Халықаралық қатынастар теориясына сәйкес белгілі нәтижеге немесе мақсатқа тараптарды күштемей, ақылмен көндіру, көңілін табу арқылы жетуді білдіреді. Қазақстанның жұмсақ күші міне осындай дипломатиялық татуластыру, халықаралық тұрақтылық, дінаралық және ұлтаралық келісім, көпжақты сыртқы саясат идеяларына сүйенеді. 

Кез келген ірі мемлекеттің сыртқы саясаты ішкі саясатының жалғасы деуге болады. Мәселен, еліміздегі ұлтаралық келісім ұраны, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері сыртқы халықаралық мақсаттармен қатар, ішкі саяси мүдделерді де көз­дейді. Осындай бастамалар елдің сырт­­тағы, халықаралық сахнадағы тү­сіністік пен өзара сыйластық идеяларын қолдайтынын айшықтайды. Мәселен, «өркениеттер қақтығысы» сынды идео­логемалар ұсынылып жатқан тұстан бері еліміз табанды түрде «өркениеттер үнқатысуы» идеясына жұмыс істеді. Осы орайда, Қазақстанның Батысқа да, Шығысқа да жатпайтыны, екеуінің ортасында «өркениеттерді жалғастырып», тиімді, артықшылыққа ие дәрежеде тұрғаны аса маңызды деген пікірдеміз.

Мәселеге басқа қырынан қарайтын болсақ, еліміз өркениеттер диалогы, араағайындық миссиясы идеяларына қолдау көрсетумен бірге Батыстың терроризмге қарсы бағытталған жаһандық науқаны кезінде әлемдегі экстремистік әрекеттерді терістеп, онымен күресу қажеттілігін ашық мә­лімдеп отыр. 
КСРО-ның ыдырауымен әлем­де коммунизмнің ықпалы күрт тө­мен­деген кезде Батыстағы күштер мұ­сылман елдерімен айналысуға білек сыбана кірісті. Өйткені, жаһандық сая­­саттың негізгі бағыттарының бі­рі идеологияның немесе діннің рө­лін пайдалануға байланысты. Осы тұр­­ғыдан келгенде Қазақстанның бей­бітшілік пен тұрақтылықты орна­ту­ға бағытталған күш-жігері сыртқы бел­сен­ділік пен көпжақты саясаттың жа­һандық сипаттағы үйлесімді көрі­нісі деу­ге келеді. 

Елбасының БҰҰ деңгейінде терро­ризммен күресуге қатысты көтерген идеялары да тұрақсыз аймақтардың ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономи­калық мәселелерімен байланысты болды. Осыған сәйкес, аймақтағы елдер Қазақстан сияқты дінаралық түсіністік идеясына сүйеніп, экстремизмнің әлеуметтік-экономикалық және мә­де­­ни тамырларын жоя алады. Бұл жерде мұсылман елдеріндегі тұрақ­сыздықтың әлеуметтік теңсіздік пен халықтың наразылығынан туындағаны да ескерілуі тиіс. 

Осылайша, Қазақстан өркениет­аралық үнқатысу мен мәдениетаралық пікір алмасуларды қолдай отырып, әлемнің тұрақтылығына үлес қосуға үлкен күш жұмсап келеді. Мұндай көпжақты саясат әлемді шарпыған әлеуметтік және геосаяси теңсіздік мәселелерінен елімізді сақтауда. 

Сонымен қатар, жоғарыда атал­ған прагматикалық мақсаты бар елі­­міз шын мәнінде, халықаралық қоғам­дастықтың толыққанды, жауап­кер ойыншысы болуды көздесе, жалпы тұжырымдамалармен қатар, қазақ­стандық қоғамның сыртқы әлем­мен органикалық, табиғи байланыстарын негізге алатын концептуалдық әдістемелер мен ұғымдарды жетілдіру қажет. 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
сарапшы