– Айдарбек Әнуарбекұлы, Қазақстанның БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне Орталық Азия елдері арасынан бірінші болып сайлануына қандай себептер болды?
– Өздеріңіз білетіндей, Біріккен Ұлттар Ұйымы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтап, оны нығайтуға жауапты басты халықаралық ұйым. Аталған ұйымның «Қауіпсіздік Кеңесі» деп аталатын құрылымына 15 мемлекет мүше болып сайланады. Оның ішінде бесеуі – тұрақты мүшелер, ал қалған оны – белгілі бір мерзімге сайланады. Назар аударарлығы сол, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған бүкіл қарарлар міндеттеуші күшке ие болып табылады.
Еліміздің осындай ықпалды құрылымға 2017-2018 жылдарға мүше болуы, біріншіден, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы жоғары мәртебесін көрсетеді. Екіншіден, халықаралық қоғамдастық тарапынан еліміздің жүргізіп отырған сыртқы саяси бағытына зор сенім артылғанын білдіреді. Әрине, қазіргі таңда көптеген қақтығыс ошақтары Азия және Африка құрлықтарында көрініс беріп отыр. Мысалы, Таяу Шығыс өңіріндегі Палестина-Израиль мәселесі, Сирия дағдарысы, Йемен, Ливия, Ирак елдеріндегі проблемалар әлі шешімдерін таппай келе жатыр. Сонымен қатар, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы мен Иран, Үндістан мен Пәкістан арасындағы текетірестер де әлемдік тұрақтылықты шайқалту қаупін тудыруда.
Осындай жаһандық қауіп-қатерлердің сақталуы жағдайында көптеген бейбіт бастамаларымен белгілі болған Қазақстан аталған қақтығыстарды реттеу бағытында едәуір күш-жігер жұмсады. Мәселен, 2013 жылғы ақпан және сәуір айларында Иранның ядролық мәселесі бойынша еліміз екі рет келіссөздер үшін өз алаңын ұсынды. Оған қоса, Астана қаласы 2015 жылғы мамыр және қазан айларында Сирияның бірқатар оппозициялық топтары арасындағы кездесулер үшін келіссөздер алаңы болғанын атап өтуге болады. Сондай-ақ Елбасымыз 2016 жылы Ресей мен Түркия арасында болған кикілжіңді реттеуге ерекше үлес қосқаны барлығының есінде.
Осының нәтижесінде еліміз «әділ бітімгер» ретінде танылып, халықаралық қоғамдастық арасында зор сенімге ие болды. Бүгінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы оған мүше барлық мемлекеттердің, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы мен оның арнайы өкілдерінің жоғары бағасына ие болып отыр деп толық сеніммен айта аламыз. Биылғы жылдың қаңтар айынан бері, яғни еліміздің осы құрылымға мүше болу уақытынан бастап Астананың алты рет Сирия жөніндегі халықаралық кездесулерді қабылдауы, сыртқы саяси бағытымыздың осындай жоғары баға алуына тағы бір себеп болып табылатыны сөзсіз.
– Солтүстік Корея дағдарысындағы Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі позиция-сы қандай?
– Қазақстан Корей түбегіндегі саяси ахуалдар шиеленісінің өршіп кетпеуін қалайды. Алайда, бұл елдің іс-әрекеттері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын өрескел бұзып, қазіргі таңда Шығыс Азия өңіріне және жаһандық ауқымдағы бейбітшілікке қауіп төндіруде. Сонымен қатар, Солтүстік Кореяның жауапсыз саясаты ядролық қарусызданудың жаһандық үдерісіне кері әсер етіп, келешекте ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі ұжымдық күш-жігерге зиян келтіріп жатқаны анық.
Пхеньянның қазіргі халықаралық қоғамдастықтың жоғарыдағы талаптарына мән бермеуі қазақстандық тарапты да алаңдатып отыр. Осы ретте Астана мүдделі тараптарды Солтүстік Кореяның қатысуымен көпжақты келіссөздер форматында жандандыруға үміт артады. Сонымен бірге, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың 14-бабы бойынша 9-шы конференцияға тең төрағалық ете отырып, Қазақстан қазіргі қайшылықты үнқатысу арқылы әрі саяси және дипломатиялық жолмен шешу ұстанымын басшылыққа алады. Жалпы, Қазақстан Пхеньян тарапының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын бірнеше рет өрескел бұзғандығына алаңдаушылық білдіріп, оларды мүлтіксіз және сөзсіз орындауды талап етуде.
– Сирия трагедиясының аяқталуына Қазақстанның қосып жүрген бітімгерлік бастамалары әлемде қалай бағалануда? «Астана процесінің» нәтижелері туралы айтып берсеңіз?
– Сирия жөніндегі «Астана процесі» туралы айта кетсек, аталған кездесулер Сириядағы қақтығысушы тараптар арасында соғыс амалдарын тоқтатуға бағытталған. Жоғарыда айтып өткенімдей, Сирия жөніндегі «Астана процесі» аясындағы келіссөздер Мемлекет басшысының толық қолдауымен және тікелей атсалысуымен 2017 жылдың қаңтар айында басталды.
Қазіргі кезге дейін «Астана процесі» аясындағы келіссөздердің алты раунды өтті. Оның негізгі нәтижелерінің бірі ретінде келіссөздердің мамыр айындағы төртінші раундының қорытындысы бойынша Сирияда деэскалация аймақтарын қалыптастыру жөніндегі меморандумға Ресей, Түркия және Иранның қол қойғанын атап өткім келеді. 2017 жылдың 14-15 қыркүйегінде өткен алтыншы кездесудің қорытындылары бойынша кепілгерлер «үштігі» аталған меморандум негізінде Сирияның түрлі өңірінде төрт деэскалация аймағының қалыптасқанын мәлімдеді.
Аталған деэскалация аймақтарын құрудың негізгі мақсаты Сириядағы қантөгіс пен зорлық-зомбылық деңгейін төмендете отырып, ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға, инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіруге, халыққа медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ босқындардың ерікті түрде Сирияға қайта оралуларына жағдай туғызу болып табылатынына назар аудару қажет. Қазіргі таңда Астанада өткен келіссөздерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру арқылы Сириядағы әскери қақтығыс ауқымы айтарлықтай төмендеп, жағдайды бейбіт реттеуге қолайлы алғышарттар жасалуда.
Жалпы, «Астана процесі» халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары бағасына ие болып, Сирияда бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қалпына келтірген процесс ретінде кеңінен мойындалуда. Өйткені, осыған дейінгі талпыныстарға қарағанда, Астана процесінің нәтижесінде бекітілген Сириядағы атысты доғару режімі қатарынан бірнеше айға созылып, қақтығыс басталғалы бері мерзімі жағынан ең ұзақ әрі тиімді механизм екендігін дәлелдеді. Сондай-ақ Қазақстанда өтіп отырған Сирия жөніндегі келіссөздер Женева процесінің саяси күн тәртібіндегі сұрақтарға, оның ішінде Сирияның келешек саяси құрылымына қатысты мәселелердің талқылануына серпін бергендігі сөзсіз.
– Сириядағы азаматтық соғыстың ғаламдық текетіреске айналып кету қаупі бар ма?
– Жалпы, Сириядағы жағдайды бөлек бір қақтығыс деп сипаттағаннан гөрі, әлемдік және өңірлік алпауыт елдердің арасында әлдеқашан туындаған кешендік текетірес алаңының бір бөлігі ретінде қарастыруды орынды деп санаймын. Сириядағы қақтығысқа түрлі халықаралық факторлардың көптеп араласуы себепті ондағы жағдайды реттеу аса күрделі міндет болып табылады. Дегенмен, бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан қарулы қақтығысты әскери жолмен реттеудің мүмкін емес екендігіне барлық мүдделі тараптың көзі жетті деп айтуға толық негіз бар.
– Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіндегі африкалық әріптес мемлекеттермен Қазақстанның қарым-қатынасы қандай?
– Қазіргі кезде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Африка құрлығынан сайланған мемлекеттер арасында Эфиопия, Мысыр және Сенегал елдері тұрақты емес мүше. Бұл елдермен еліміз БҰҰ шеңберінде тиімді әріптестік орнатты. Аталған құрлықтың басты өңірлік ұйымы Африкалық одақ екендігі белгілі. Сол себепті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға ниет білдірген африкалық елдердің кандидатуралары Африкалық одақ аясында өзара келісім негізінде таңдалады.
Қазақстанның Африка елдерімен қарым-қатынастары екіжақты негізде де қарқынды дамып келе жатқандығын атап өткім келеді. Осы құрлық елдерімен Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде ынтымақтастығымызды нығайту өзінің өзектілігі мен тиімділігін көрсетіп отыр. Жалпы, аталған өңір елдерінің басым көпшілігі түрлі саяси және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанына қарамастан, олардың болашақта зор әлеуеті бар екендігін атап өткен жөн.
-Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»