Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданынан Райхан Құсайынова, Балғын Әкімжанова, Күләш Ақынтаева және т.б. оншақты ананың қолы қойылған хат келді. Бұлар көп балалы аналар екен. Өздеріне Президенттің Жарлығына сәйкес берілген «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін алғанымен, қосымша төленетін мемлекеттік жәрдемақыға қолдары жетпеген олар шырылдап, біраз табалдырықты тоздырыпты. Соның ішінде аудан әкіміне, Зейнетақы төлеу орталығының директорына талай барғандарымен, маңдайлары тасқа тигендей, міз бақпаған күйді көреді.
Содан кімге шағынарын білмей жүрген жандар Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильяновқа барады. Аналардың шаруасына батыл араласқан депутат мемлекеттік бюджеттен бөлінген тиісті ақшаларының қолдарына тиюіне мұрындық болады. Тиісті дүниенің өзін зар қағып алған аналардың Нұртай Салихұлына айтар алғысы шексіз. «Сізге аналық ақ жүрегімізбен үлкен рахмет айта отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Еңбегіңіз еленіп, халықтың алғысына бөлене беріңіз», дейді көп балалы аналар.
Дұрыс екен, айтқандарына «әумин» дейік. Бірақ тиісті ақшаларын қалталарынан шығаратындай уақытында бергізбей, жазықсыз жандарды шырылдатып, есіктен есікке жүгіртіп қойған, сөйтіп, міндеттеріне жауапсыздықпен қараған Үржар ауданының әкімі мен тиісті шенеуніктерге не дейміз. Көп балалы аналардың осы тақылеттес проблемалары басқа жерлерден де естіліп қалып жатады. Сонда кейбір лауазым иелері мен шенеуніктер анадан тумаған ба?! Бұған облыс әкімдігі не айтар екен?
Жақсыбай САМРАТ.