– Әлемдік бәсі жоғары халықаралық байқауға қатысуға Астана, Қостанай, Көкшетау қалаларының театрлары да өтініш білдірген болатын. Олардың арасынан таңдау біздің ұжымға түсіп, арнайы шақырту алғанымызға өте қуаныштымыз.
– Шетелдік көрермендер назарына драматург Олжас Жанайдаровтың «Жұт» драмасының ұсынылуы кездейсоқ емес шығар?
– Әрине. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе сүйіспеншіліктен басталады» деген терең мағыналы сөздер кім-кімге болсын үлкен ой салары анық. Туған жерге, оның мәдениетіне айрықша іңкәрлікпен атсалыса отырып, ұлан-ғайыр аумаққа иелік еткен бабаларымыздың ерен ерліктері мен бастан өткерген тар жол, тайғақ кешу жолдарын жас ұрпақ зердесіне құя білсек, шынайы патриоттар буынын тәрбиелеуге қосқан үлесіміз болар еді. Бұл жұмыста шығармашылық қауымдарға да зор сенім артылып отыр. Қазақ «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» небір ауыр өткелдерін кешсе де, рухы сынбаған халық. Осы себепті аты өшкір заманның ақтаңдақ белгісіндей қара әріптермен тарихымызға өшпестей жазылып қалған 30-жылдардағы аштық ойранын әлем жұртының да білгені, сезінгені дұрыс деген оймен «Жұт» драмасы таңдап алынды. Оны алдымен жергілікті көрермендер тамашалап, жылы қабылдады.
– Адамды тұңғиық ойға батыратын, қасіретті трагедиялық жағдайды көз алдына елестететін ауыр тақырыпты, қазақ даласындағы ашаршылықты сахналауда қандай тәжірибелерге жүгіндіңіздер?
– Погодин атындағы орыс драма театрының тарихы 1886-1987 жылдардан басталады. Биыл 131-ші маусымның ашылатынын ескерсек, қаншама өнер ұрпағы алмасқанын шамалай беруге болады. Бүгінде Қазақстанның халық әртісі Людмила Турпаян-Ванюковадан, республиканың еңбек сіңірген әртістері Надежда Косыгинадан, Виктор Шалаевтан жастардың алатын тәлім-тәрбиесі мен өнегесі көп. Жыл өткен сайын ұжым талапты да талантты актерлермен толығып келеді. Олардың білмекке құштарлығы, жан-жақты ізденгіштігі қойылым барысында анық байқалды. Мәселен, басты кейіпкер Ахметті сомдаған Роман Лахтин бірқыдыру уақытын мұрағаттарда өткізіп, аштықтан шыбындай қырылған шарасыз жандардың суреттерін кезіктірген. Сол кездегі оның сезімін айтып жеткізу қиын. Көздері жаутаңдаған бауыр еті перзенттеріне бір жапырақ нан таппай саусақтарын кесіп, пісіріп беруі иланымды. Сәуленің рөлін бейнелеген Екатерина Литвинова аштықты көзімен көргендей күй кешеді. Қоюшы-режиссер Тимур Кәрімжанов өткенімізді бүгінгімен салыстыра отырып, тартысты, ширыққан көріністерге, тосын шешімдерге барған.
– Шетелдік сапар қалай аяқталды? Қанша айтқанмен, жат жердің өз ұстанымдары мен көзқарастары бар ғой.
– Сөз арасында гастрольдік сапарға баруымызға жан-жақты қолдау көрсеткен облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа, мәдениет және құжаттамалар басқармасына алғысымызды айта кеткен жөн.
Бір аптаға созылған фестивальға Чехия, Ресей, Венгрия, Финляндия секілді 14 мемлекеттен азуын айға білеген өнер ұжымдарының қатысуы, 29 спектакльдің қойылып, 11 тілде «сөйлеуі» бәсеке-тартыстың оңай болмағанын аңғартса керек. Біз Қазақстанның намысын жалғыз қорғағандықтан үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезіндік. Еуропалық аудиторияның ерекшелігіне, көрермен талғамының өзгешелігіне қарамастан, бір отбасы арқылы қазақ халқының ауыр жағдайын шынайы суреттейтін драма қазылар алқасынан да, көрермендер тарапынан да зор бағасын алды. Арнайы дипломмен марапатталып, елге ерекше әсермен оралдық.
– Спартак Өмірзақұлы, ұжымның қазақ драматургтерімен әріптестік қарым-қатынасы қаншалықты дәрежеде орныққан?
– Театр шығармашылық қызметінде қазақ, орыс, шетел мәдениеттерінің өзара ықпалдастығын, рухани, адамгершілік, әлеуметтік, эстетикалық тақырыптардың қамтылуын қашанда басты бағдар етеді. Соғыс жылдары 2500-дей спектакль көрсетіліпті. Осылардың ішінде ең көп қойылғаны – Мұхтар Әуезовтің «Намыс гвардиясы». Төлеген Тоқтаровтың образын тартымды бейнелеген Павел Рогальскийдің есімі Қазақ КСР халық әртісін тұңғыш алғандардың санатында мақтанышпен аталады. Сахнаға әр шыққан сайын көрермендер оны ду қол шапалақпен қарсы алып отырған. Мұқаң мен Леонид Соболев бірігіп жазған «Абай» трагедиясы, Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» тарихи драмасы театр репертуарында айрықша бағаланған. Сәбеңнің «Сәкен Сейфуллин», Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн» туындылары керемет келісім тапқан. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмасы бойынша қойылған спектакль театрлардың Х республикалық фестивалінде Гран-приді жеңіп алды. Қазақтың ақиық ақыны жайлы «Мағжанның соты» Орталық Азия елдерінің ІІ театр фестивалінде «Тарихи тұлғаны айшықты сомдау» аталымында жүлдеге ие болды. «Ұлпан» шығармасы желісімен қойылған пьеса да көрермендер ілтипатына ие болды. Театрдың 129-шы маусымының шымылдығы белгілі жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» туындысымен ашылып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Басты рөлді Евгений Патешкин сәтті ойнап, Атырау қаласында өткен халықаралық конкурста жүлдегер болды.
Алдағы уақытта да драматургиялық шығармалардың тақырып ауқымдылығы да, уақыт өзектілігі де баса назарда болады.
Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы