Қайрат Келімбетов Фото ©Ярослав Радловский, tengrinews.kz
Қ.Келімбетов халықаралық орталықтың ресми тілі – ағылшын тілі әрі ТМД кеңістігі елдерінің арасында ағылшындық құқық қағидатымен жұмыс істейтін тұңғыш қаржы институты екенін атап өтті. Бүгінде әлемдік қаржы орталықтарының 90 пайызы осы ағылшын қағидаттарына сүйенеді екен. Қазіргі таңда дүниежүзінде екі негізгі құқықтық жүйе бар болса, оның бірі – конституция мен заңдардың баптарына сүйенетін роман-германдық құқықтық жүйе, екіншісі – ағылшындық құқықтық қағидаты. Әлемнің бизнесмендері соңғысына көбірек арқа сүйейтін себебі, британ тәсілінде тәуелсіз сот әр істі адамгершілік-моральдық тұрғысынан қарастырып, бұған дейінгі соттардың даналық шешімдеріне, өзінің тәжірибесіне, ұстанымына, ішкі рухани құндылықтарына сәйкес шешім шығарады. Бұл шешім өте әділ әрі ашық болады. Былай қарасаңыз, ағылшындық сотының табиғаты қазақтың ертедегі билер сотына келеді. Мұндай жүйемен жұмыс істейтін қаржы институттарына кәсіпкерлер немесе инвесторлар ерекше сеніммен қарап, қаржысын құятыны да сондықтан.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі құрылымдарымен таныстырған Қайрат Нематұлы орталық құрамында жаңа аймақтық биржа құрылатынын, оның жұмысын жаңа құрылым – қаржы қызметтерін реттеу комитеті үйлестіретінін жеткізді. Бұдан бөлек, жылдың аяғына дейін xалықаралық арбитраж орталығы мен тәуелсіз қаржы соты құрылады. «Осылайша, биржа, қаржы қызметтерін реттеуші, арбитраж орталығы мен қаржы соты – «Астана» орталығының басты органдары болады. Орталық нақты алты бағытқа басымдық береді. Олар – капитал нарықтарын дамыту, мемлекеттік активтерді басқару, жаңа қаржы теxнологияларын дамыту, жеке адамдардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру мен цифрландыруды дамыту», деді Қ.Келімбетов.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»