Зады, үлкен спортта жүрген атлеттердің сіңбіруге уақыты болмайды. Жарыс пен жарыстың арасын жалғап жататын жаттығулар өзге тірлікке мойын бұруға да мұрша бермейтіні рас. Кезінде қамқор жандардың ақылы мен көмегінің арқасында оқуға ілігіп, одан кейін диплом алып, санатқа қосылып кеткендері көп, әрине. Ал не алған дипломы, я болмаса үйренген кәсіп-мамандығы жоқ бұрынғы спортшы қайда бармақ? Бәрі бірдей емес-ау, бірақ біразының қылмыстық әлем серкелерінің қолтығына енетіні әмбеге аян.
Жасыратыны жоқ, қылмыстық әлемнің әккілері спортшы қауымның қыр соңында жүреді. Сол себепті де спорттық ғұмырын аяқтап, екі қолға бір күрек таба алмаған сайыпқырандардың амалдың жоқтығынан осы ортаны жағалайтыныны бүгінгі күннің ащы шындығы. Бұл, әрине өкінішті, біздің қоғам үшін күн тәртібінде өткір тұрған мәселе.
Қарағандыда Қазтұтынуодағының экономикалық университеті бар. Кеңес одағы кезінде атақ-даңқы дүрілдеп тұрған бұрынғы кооперативтік институт. Міне, соңғы жылдары осы оқу орны жасы бар, жасамысы бар студент спортшылардың ордасына айналғандай. Жақында ғана аталған университеттің табалдырығын елімізге есімдері мәшһүр боксшылардың студент ретінде аттағаны туралы ақпарат республикалық БАҚ-ты шарлап кетті. Әрине, «Талапты ерге нұр жауар» деген, білімнің соңына түсіп, ғұмыр бойы таусылмайтын рухани азық жиғысы келген атақты спортшыларымыздың бұл қадамына сүйсініспен қарадық.
Білім қуғандардың бірі «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын таңдаса, екіншісі «Кеден ісі» кәсібі бойынша магистратураға түсіпті. Бәрі де дұрыс-ақ. Бір ғана гәп, осы аталған спортшылар білімді тегін алады екен. Сірә, мемлекеттің атынан берілген білім грантына ие болса керек.
Рас, бұл спортшылар кезінде еліміздің жақсы атын жалпақ дүниеге жайды. Көк байрақты көтертіп, әнұранымызды әлемнің әр бұрышында шырқатты. Әлбетте, мұның бәрін жоққа шығара алмайсыз. Бірақ мемлекеттің де елім деген ерлерінен аянып қалған жері жоқ қой. Тиісті сыйақысын бір тиынын да қалдырмай тапсырды, жарқыратып темір тұлпарын мінгізді, бас-басына үй беріп, баспанамен қамтамасыз етті. Енді келіп, бұл аздай-ақ оларды тегін оқытуы – адамды кәдімгідей ойландырып тастайтындай-ақ үдеріс.
Неге дейсіз ғой? Мәселен, қазір спорттың жолына енді түскен дарынды жастың талайы жоғары оқу орындарында ақылы түрде оқып жүр. Несие алып, ілдебайлап жүргені қаншама? Міне, жоғарыда аттары аталған атақты спортшылардың осылардың ең құрығанда бірді-екісіне демеушілік жасауға бүгінгі күнде шамалары әбден жетеді. Бірақ бұларыңыз біреуге көмек қолын созғанша, мемлекеттің мойнында жүре тұрғанды әлдеқайда қолай көретін сияқты. Елім мені көкке көтерді, енді мен де сол еліме қолдан келгенше титтей де болса пайдамды тигізейінші деп ниет қылса, қанеки?
Мәселе мынада ғой: Тұманда Альбионда тұрып оқыған чемпион Қарағандыда қона жатып кітап кеміреді дегенге өз басым сеніңкіремейді. Олай болса, күні ертең «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша дипломды шаппай алған спорт шебері болашақта елді қалай басқармақ? Кеденшінің дипломын лекцияға бармай-ақ алатын болашақ маманнан не күтуге болады? Қарап тұрсаңыз, мақтаулы жігіттерімізге жұмыс пен қызмет дап-дайын тұр екен, тек қана жетіспейтіні әлгі бір жапырақ көк қағаз...
Бұрынғы спортшыларымыздың білімді болғаны қоғамға керек-ақ. Оларға тегін білім ұсынып жатқан жоғары оқу орнына да алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Тек, есімі елге мәшһүр спортшыларды жиып алғаннан, оларға сырттай сыдыртып оқудың дипломын үлестіріп, атақ шығарғаннан Альма-матердің абырой-беделі көтеріле қояр ма екен? Сапасыз білім күні ертең сан соқтыруы мүмкін-ау деп ойланған адам бар ма, өзі?
Үлкен спортта әрбір саңлақ өзінің асқаралы мақсатына жылдар бойы шелектеп төккен маңдай тердің арқасында жетеді. Ендеше, Мәңгілік Елдің ертеңіне қызмет ететін мығым білім де өз алдына асқар шың ғой. Ол мұратқа жету үшін де ерен еңбек, мол ізденіс және зор жауапкершілік керек емес пе?!