Кеше іргелі оқу ордасында тіл білімі ғылымының кәсіби мамандары, зиялы қауым және Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері, оқытушылар «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің ғылыми-әдіснамалық негізі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосып, қоғам алдында тұрған басты мәселені бірге талқылады.
Конференцияны ашқан ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге ала отырып, латын әліпбиіне көшудің терең тарихи логикаға негізделгенін атап өтті. Ғалымқайыр Мұтанов қазақ тілін латын графикасына көшіру мемлекеттік тілдің рөлін одан әрі биіктете түсетін қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтатын рухани жаңғыру ұстанымының көрнекті бастауы екеніне ерекше екпін берді. «Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үдерісінің ерекшелігіне байланысты. Ұлттық құндылығымыз әрқашан ана тілімізден басталады. Латын қарпі оның қолданысын жаңа деңгейге көтереді. Әлем елдерінің басым бөлігінде, атап айтқанда экономикасы ең ірі 30 елдің 22-сінде, ал экономикасы жетекші 10 елдің 7-нде латын әліпбиі қолданылады», деді ол. Сондай-ақ университет ректоры дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы елдердің көпшілігі ғылымы мен білімін латын әліпбиімен көркейтіп отырғанына тоқталды. Ректордың айтуынша, ел дамуының жаңа сапалы кезеңінде қазақ тілінің жаңғыруы жаһандық ақпараттық-коммуникациялық құралдарды тіл саясатында қолданудың әлемдік сұранысына толығымен сай келеді. Мысалы, әлемдегі өзекті ақпараттың 70 пайызынан астамы латын графикасында беріледі, ал әлемдік IT-саласында техникалық шешімдер мен бағдарламалаудың басты құралдарын латындық формат құрайтыны – жұрт мойындаған шындық.
Ғылыми конференцияға қатысушылар латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізуге байланысты жобаны кеңінен талқылап, қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Сөз алған лингвистер мен филологтар латын әліпбиіне көшудің маңызды қырларын: әліпбидегі әріп пен дыбыс арасындағы байланысты талдауға, жаңадан жасалатын емлелердің сипатын анықтауға, әліпби мен жаңа емле-ережелерді оқыту мазмұнын саралауға ерекше көңіл бөлді. Филология ғылымдарының докторы, орыс филологиясы және әлем тілдері кафедрасының профессоры Валентин Ли «Айта кетерлігі, жаңа әліпбиге көшу қажеттілігі тіл, әлеуметтік өмір мен мәдениет, әсіресе этносаралық және мәдениетаралық байланыстар саласында болып жатқан бүкіләлемдік үдерістермен анықталған. Бұл жауапты міндетте отандық ғылым майталмандарының бай тәжірибесіне және латын әліпбиіне көшкен шетелдердің, ең алдымен түркітілдес мемлекеттердің жүріп өткен жолына арқа сүйеуіміз керек» екенін атап өтті.
Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Бұл қазақ тілінің әлемдік өркениет кеңістігіне шығуына, жаңа геосаяси жағдайдағы оның қолданылу аясын кеңейтуге және ғылыми-техникалық прогрестің бел ортасына кіруіне жол ашады.
Конференцияға қатысушылар ұлттың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізудің дер кезінде қолға алынғандығын, прогрессивтілігін және пайдасы мол екендігін өмірдің өзі дәлелдейтініне сенім білдірді, сондай-ақ осы стратегиялық жобаның табысты жүзеге асуы үшін аянбайтындықтарын жеткізді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ