Алғашқы қазығы осыдан үш ай бұрын, «Туған жерге туыңды тік» акциясында қағылған нысанды салуға серіктестік есебінен 30 миллион теңге бөлінген. 100-ден аса жас көшет пен сәндік ағаштар отырғызылып, көгалдандырылған. Заманға сай толықтай абаттандырылған саябақта ауыл адамдарының демалуына барлық жағдай жасалған. Әдетте ауыл десе, көшені шаңдатып ойнап, жол бойында доп қуып жүретін бала-шаға елестейтін. «Шыбық мініп өстім» дейтін сөз поэзиямен астасқанда, бұрынғылардың балалық шағына қатысты айтылғанда жарасатын. Ал бүгін басқа заман. Уақыттың талабы бөлек. Расында, шыбықты ат қып мініп жүрген баланы көрмейсің қазір. Себебі басқа да қызықтар, көңіл аударар дүниелер аз емес. Тіпті «баламыз үйден шықпайтын болды, смартфоннан көз алмайды», деп шағынатындар да аз емес. Ал ауылыңда заманға сай (смартфоннан көріп жүрген) жетілдірілген саябақ тұрса, әңгіме басқа. Осы жағынан алғанда, өздері туып-өскен ауылға шағын футбол алаңы, балалардың ойнауына арналған түрлі алаңқайлар, стритболға арналған шағын алаң, 130 орындық концерттік сахна орнатылған бақ салып беру ауылдың көркін кіргізумен қатар, бірталай мәселені шешіп беретіні анық.
«Көпке үлгі болатын іс», деп жатты көлденең жұрт. Бұл, алдымен, жаңа бастама. Саябақ, арнайы жабдықталған ойын алаңдары дегеніңіз тек орталықтың, қаланың балаларына ғана тиесілі дүниедей көрінетін. Осыдан кейін, «біздің ауылда саябақ бар» деп мақтану әдетке айналар. Бұл өз кезегінде біраз азаматтарға ой салар. Осы күнге дейін мешіт салумен ғана шектеліп келген қалталы азаматтар бұдан былай ауылдастарын, ізбасарларын басқа жағынан да қуантуды ойға алар. Сөйтіп жаңа ұрпақ «қалада мынадай екен, шетелде анадай нәрселер бар дейді» деп алысқа көз сатып, жарым көңіл өсуден арылар.
Аталмыш парктің аумағы 1 гектар. Жоғарыда аталған ойындар ғана емес, өз қалаулары бойынша волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлерімен де айналысуға мүмкіндіктері бар. Сахнаның орын тебуі, алдымен кеш батса-ақ не істерге білмей, сенделіп, көше кезіп жүретін ауыл жастарына пайдалы. Нағыз мәдени орталық. Асқар және Динара Сабыровтарға елдің ризашылығы алабөтен. Өңір басшысы да парктің ашылуына арнайы қатысып, «елге деген пейілін, жерге деген мейірін ықыласпен көрсете алған» кәсіпкерлерге елдің атынан, өзінің атынан алғыс айтты. Бұл алғысты келешек ұрпақ та айтады. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін ел, бүгінгі жас шыбық ертең бәйтерекке айналғанда, саясына отырған сайын алғыс жаудырары сөзсіз.
Ал Сабыровтар мұнымен тоқтамаймыз деп отыр. Алдағы жоспар – дәл осындай саябақты Ж.Қайыпов және Қазақстан ауылдарынан ашу. «Amal Bio»-ның игілігін осында жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген ауылдық округтің 100-ден аса тұрғыны ғана емес, ендігіде саябақта ойнайтын бала-шаға да көретін болады.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»