ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
Алдағы аптада Астанада Батыс Қазақстан облысының күндері өтеді. Осыған орай, Орал қаласында жүзеге асқан мына бір жағымды жәйт туралы әңгімелегенді жөн көріп отырмын. Жалпысында, тек бір қала ауқымында ғана емес, республика жұртшылығы арасында үлкен жаңғырық туғызған бұл қуанышты оқиғаның орындалғанына да алтыншы жылға ауысып барады. Мен ол кезде Орал қаласы әкімінің орынбасары, сонымен қатар, қалалық ономастикалық комиссияның төрағасы едім. Тәуелсіздік алғанымызға 14 жыл өтсе де, қала көшелерінің коммунистік-тоталитарлық бағыттағы атаулары мызғымай сіресіп тұрған болатын.
Тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардан оны тәуелсіздік талаптарына қарай өзгерту, ыңғайлау жөнінде комиссия атына ұсыныстар мен пікірлер үздіксіз түсіп жатты. Оны аяқсыз қалдыру еш мүмкін емес еді. Комиссия төрағасы ретінде бұл жауапты істің негізгі жобасын өзім жасауға тура келетінін терең түйсіндім. Сөйтіп, іске кірістім. Оны көше атауларына талдаулар жасаудан бастадым. Қалада халқымыздың танымал тұлғалары мен ұлты қазақ Кеңес Одағы батырларының бір де біріне көше атаулары берілмеген болып шықты.
Соның бәрін жүйеге түсірген кезде ең алғашқы кезекте 34 көшенің атауын шұғыл ауыстыруға тура келетіні белгілі болды. Содан соң комиссия мүшелерімен кеңесе отырып Құрманғазы, Мұхит, Дина секілді халқымыздың біртуар талант иелері бір бағыттағы параллель көшелерге орналасқаны орынды деген тоқтам жасадық. Ерліктің қос қанатындай Мәншүк пен Әлия атындағы даңғылдарды да бір-бірімен жарыстыра қатар қоюды ұйғардық.
Сонымен бірге, қазақ халқының тарихына тікелей қатысы бар, оның қайғысы мен мұңына ортақтаса білген Мирзоян, Савичев, Иванов секілді тарихи тұлғаларға да көше атаулары берілгені орынды деп табылды. Орал қаласында XVIII ғасырдың аяғында өмір сүрген Карев деген көпес болыпты. Сол кездегі оның Оралда тұрғызған еңселі ғимараттары сәулет өнерінің қайталанбас үлгісіндей көрінетін. Бұл орындарда бүгінде облыстық филармония мен кітапхана орналасқан. Келешекке қалдырған осындай өшпес ізі үшін Каревтің атында да Оралда бір көшенің болғаны әділетті деп есептедік.
Осылайша әр көше жөнінде түйіндемелер мен анықтамалар және қабырғалық материалдар жинақталып, қалалық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылды. Әрі комиссия отырысында түсінбестік туғызған барлық сұрақтарға терең де жан-жақты жауаптар қайтарылды. Көшелердің атауын алмастыру жөніндегі түсінік жұмыстарына Болат Жексенғалиев, Жаңабек Жақсығалиев секілді филолог ғалымдар тартылды. Сөйтіп, Орал қаласында 34 көшенің атауын бір мезгілде өзгерту жөніндегі мәселе Орал қалалық мәслихаты қарайтын мәселелердің қатарына енгізілді.
Сессия болатын күн де келіп жетті. Көңілде алаңдаушылық та жоқ емес. Не болар екен деп сессия залында елеңдеп-ақ отырмыз. Құрамы бойынша алғанда қазағынан гөрі өзге ұлт өкілдері әлдеқайда басым қалалық мәслихат депутаттарының бәрі де бұл шешімді жақтап дауыс берді. Әрине, сол күнгі қуанышымызда шек болған жоқ. Тек сессия үстінде қалалық мәслихат депутаты Александр Потиченко ғана: «Сүндетқали Есқалиев кім еді?» деген сауал қойды. Оған толыққанды жауап берілді. Яғни, Сүндетқали Есқалиев 1924 жылы Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. 1942 жылы соғысқа аттанып, он сегізінде от кешкен. 1944 жылы Белоруссияның Могилев облысындағы қиян-кескі шайқастардың бірінде Александр Матросовтың ерлігін қайталап, күркіреп, аузынан от пен оқ жаудырып тұрған пулеметті кеудесімен көмкеріп ерлікпен қаза тапқаны, сол жылы оған осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағының берілгені айтылды. Міне, Сүндетқали Есқалиев кім еді деген депутат сауалына осындай жауап қайтарылды. Ол бұған қанағаттанатынын айтып басқа сұрақ берген жоқ.
Сөз жоқ, халқымыздың рухын биіктетуге әсері мол мұндай өзгерістер тек тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болып отырғаны белгілі. Осы ұлық мерекеміздің 20 жылдығы қарсаңында республиканың батыстағы қақпасы – Орал қаласында бір күнде атауы өзгерген 34 көше жөніндегі осы бір толғанысымды бас басылым оқырмандарының назарына бергенді жөн көрдім.
Ерболат МҰҚАЕВ, Сенат депутаты.