Осы мереке қарсаңында Өскеменде «Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Кәсіподақтар еңбек адамының құқын қорғау жолында» атты облыстық конференция өтті. Конференция аясында өткен секцияларда өңіріміздегі кәсіпорындарда өндірістік кеңестерді құру, келісім комиссияларының жұмысы мен еңбек дауларын медиацияны қолдану арқылы шешу мәселелері жан-жақты талқыланды. Облыстың түкпір-түкпірінен келген кәсіподақ өкілдері, заңгерлер мен адвокаттар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.
Бүгінде өндірісті өңір саналатын Шығыс Қазақстанда еңбекке қабілетті адамдардың саны 700 мыңнан асып жығылады. Оның 250 мыңға жуығы облыстағы ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істесе, соның 157 мыңы кәсіподақтарға мүше көрінеді. Аймақта әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу мақсатында үш жақты комиссия жұмыс істейді.
«Бұл комиссияның жұмысы өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, өңірдегі өндіріс орнының бірінде 200 қызметкерге қысқару қаупі төнгенде үш жақты комиссия көмекке келіп, қаладағы 24 кәсіпорынның қатысуымен еңбек жәрмеңкесін ұйымдастырып, нәтижесінде барлық жұмысшылар екі қолға бір күрек тапты. 2015 жылы облыста жалақы бойынша қарыз 1 миллиард теңгеге жеткенімен, әлеуметтік серіктестік арқылы қарыздың бәрін қайтаруға қол жеткізілді», - деді «Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айжан Садықова конференцияда сөйлеген сөзінде.
Бірлестік төрайымы сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы ұжымдық келісімшарттарға отыру бойынша республикада алғашқы бестікке еніп отырғанын, алдағы бір ай көлемінде өңірде жұмыскерлердің құқығын қорғаудың тиімділігін арттыру үшін арнайы методикалық кабинет ашылатынын, бұл кабинет кәсіподақтың барлық мүшелеріне қолжетімді болатынын жеткізді. Мерекелік шара соңында Айжан Садықова жиналғандарды Еңбек күні мейрамымен құттықтап, бірнеше адамға Қазақстан кәсіподақтары федерациясының белгісі мен Құрмет грамоталарын салтанатты түрде табыс етті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суретті түсірген - автор