Ашығын айтқанда бұған дейін тары өсіру технологиясы туралы ақпаратымыз аз еді. Осы орайда бұған қатысты ой-өрісімді кеңейте түсуге әжептәуір көмегін тигізген, тарылы өңірде туып-өскен перзент, Ойыл ауданының құрметті азаматы, жетпістен асса да шығармашылық бабын жоғалтпаған аға әріптес Аманқос Орынғалиұлына алғысым шексіз. Ол кісі тарының жай-күйін өте жақсы біледі екен. Бұған қоса Әбекең «бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады» делінетін Ақтөбе аймағына кеңінен тарап кеткен айшықты афоризмнің авторы болып шықты. Осы арқылы А.Орынғалиұлы тары дақылының барлық қасиетін бір ауыз сөзге сыйғыза салған. Ғажап емес пе?!
Тағы бірде тарының кәнігі білгірі ХХ ғасырдың 30-жылдарының аяғы мен 40-жылдарының алғашқы жартысында тары өсіруден әлемдік рекорд жасалған жерге барып қайту мүмкіндігі бар екенін айтты. Іздегенге сұраған дегендей, бұл ұсынысқа қуана келістім. Осынау журналистік іссапардың ұзын-ырғасы төмендегідей болып шықты. Әлемдік рекордты, тіпті бұдан да гөрі тереңдетіңкіреп айтқанда содан кейінгі 75-80 жылдың аралығында да қайталанбаған рекордты кім жасағанын оқырман айтпай-ақ түсініп отырған шығар.
Ол әрине, стратегиялық дақылдың атасы –Шығанақ Берсиев. Даңқты тары өсіруші Ойыл өңіріндегі Қаратал, Қарасу және Жымжарған ауылдарының арасында бел шешпей еңбек етіп, күнді түнге ұластырған екен. Сондықтан да күні бүгінгі дейін бұл ауылдардың атаулары Ш.Берсиевтің еселі еңбегі мен тары өсіру жөніндегі тың тәсілдеріне қатысты айтылатынын іссапар кезінде терең түйсіндік. Тағы бір көзіміз көрген жайт алдыңғы екі ауыл Ойыл өзенінің бойында орналасыпты. Ал кейінгі Құмарған ауылы кеңестік кезде Берсиев атындағы кеңшардың басты әрі негізгі бөлімшесі болыпты. Міне, осы киелі дейтіндей топырақта жарықтық Шығанақ атамыз алты-жеті жыл қатарынан әлемдік рекордты уысынан түсірмей келгені шын мәнісінде айтуға ғана жеңіл болса керек.
Осындан 75-80 жыл бұрын атамыздың кетпені тиген атыздардың сорабы әлі күнге дейін құс жолындай сайрап жатқаны ер мен жердің тағы бір қайталанбас қасиетіндей әсер қалдырады. Тағы бір айтарымыз, жоғарыда аталған ауылдарға қарасты Қияқты және Шөңке деп аталатын елдімекендер де бар екен. Шығанақ Берсиев дүниеден озған кез соғыстың соңғы жылдарының біріне тап келеді. Бұдан кейінгі кезеңдерде – елуінші-алпысыншы жылдарда бұл өлкеде Шығанақ дәстүрін жалғастырушылар біраз болғанымен, кейін тары өсіру ісінің шеңбері тарыла түскенін де дәуірдің бұлтартпас шындығы деуге болады.
Берсиев тарыдан мол өнім алу үшін ең алдымен арамшөптен таза құнарлы жерді таңдап алып, оған қой қиын төккен. Тұқымсепкішпен әр гектарына 20 келіден тоғыспалы әдіспен 5-6 сантиметр тереңдікке тұқым сеуіп, топырақты ауыр ағаш катокпен тегістеген. Негізінен суармалы тары егістігіне арқа сүйеп, дақылдың өсіп-жетілу кезеңінде 4 рет суарып, 2 рет үстеп қоректіндірген. Жаз бойы оның арамшөбін үш рет отап, оған күл мен құс саңғырығын шашқан. Тарыны пісіп, жетілуіне қарай іріктеп орған. Тары атасы Ойылдың ақ тарысының сабағы майысып тұрған күлтелерін таңдап, тек ірі дәндерін ғана тұқымға алған деп мәлімдейді белгілі Берсиевтанушылар.
Ендігі кезекте бүгінгі Ойыл өңірінде Шығанақ Берсиев қалдырған тары егу мен өсіру дәстүрі қалай жалғасын тауып келеді деген сауалға да жауап бере кеткіміз келеді. Шынтуайтына келгенде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері ұмыт қала бастаған бұл іске ойылдықтар соңғы екі-үш жылдың төңірегінде тереңдеп ден қоя бастапты. Ақтөбенің ақ тарысының бұрынғы даңқын қайта оралтып, оны шын мәніндегі бренд деңгейіне дейін көтеру жөнінде Ақтөбе облыстық әкімдігінде де тың іс-шаралар кешені белгіленгені де көңілге үлкен медеу.
Осы орайда тары өсіру ісі жоғарыда айтылғандай, Шығанақтың қолының табы қалған Құмжарған, Қияқты және Шөңке елдімекендерінен бастау алып отыр екен. Бұл өңірлердің қазіргі күні Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округ аумағына кіретіні де ата дәстүрге адалдықтың бір белгісі іспеттес.
Мұнда өткен жылы тары егіп, оны өсірумен айналысуды мұрат тұтқан «Нәби Диас» атауын алған арнайы ауылшаруашылық кооперативі құрылыпты. Оның құрамында 21 мүше бар екен. Осы кооперативтің төрағасы Ерлан Қалниязов бізге 120 гектар алқапта тары еккендерін айтып берді. Содан соң ол көп бөгелмей бізді өздері өсірген тары алқабына апарып көрсетті. Тары дақылы егістігін алғаш көріп тұрғандықтан, оның шығымдылығы жөнінде баға бере алмайтынымды білген соң, осы жерге бастап келген аға әріптесім Аманқос Орынғалиұлына қарадым.
Ол кісі менің ішкі ойымды айтпай түсінді де тары жақсы көтеріліпті, бас алып, әжептәуір өсіпті. Өнімділігі ойдағыдай болуға тиіс. Алайда әлі көктеу күйін сақтап тұр екен. Сондықтан алқапта бүгін-ертең орақ салуға сәл ертерек болар деп өз бағасын білдірді. Белгілі тарытанушының ұсыныс іспеттес осы ой-пікірін кооператив төрағасы да қостағандай түр танытты. Кооперативтің 800 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жері бар екен. Е.Қалниязов соның есебінен алдағы жылдары тары егістігін одан әрі ұлғайта түсу жөніндегі ойын жеткізді. Тағы бір көңілге түйген жайт, «Нәби Диастың» тарыға орақ салуға тыңғылықты әзірлік жасағандары дей аламыз. Бұл үшін олар арнайы «СК-5» комбайнын сатып алыпты. Бұған қосарымыз Ойыл ауданында суармалы тары өсірушілер тек «Нәби Диас» кооперативімен шектелмейтінін білдік. Оның қатарын Жұма Жақыпов, Берген Жұмырбаев және Ғазиз Займолдин секілді шаруа қожалықтарының жетекшілері толықтыра алады. Біз барған кезде олардың қай-қайсысы да суармалы тары егістігін оруға бел шешіп кірісіп кете қоймапты. Бұл жерде де бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкерінің бірі Аманқос Орынғалиұлының болжамы дәл келген секілді. Тек ойдым-ойдым алқаптар бөлектеп қана орылу үстінде екен. Әрине мұның себебі тек біреу ғана. Өйткені жоғарыда айтылғандай, суармалы тары егістігі сол бір күндерде толық пісіп-жетілу деңгейіне жете қоймапты. Кейін ойылдық тары өсірушілермен телефон арқылы хабарласқанымызда олар өздері көздеген деңгейде өнім жинап жатқандарын көтеріңкі көңілмен айтып берді.
Сөз соңында Ойыл ауданында кейінгі кездері суармалы тары өсірушілермен бірге қырлық тары егістігімен шұғылданушылар легі де пайда бола бастағанын айтқымыз келеді. Әрине оның өнімділігі алдыңғы әдіспен салыстырғанда әжептәуір төмендеу келетіні рас. Соның өзінде Берсиев еңбек еткен топырақта бұл технология бойынша да күткендегідей сапалы өнім алынып жүргені қырлық тары өсіру ісі де тиімді екенін дәлелдей түседі.
Ойыл – Ақтөбенің ақ тарысының отаны. Бүкіл еліміз бойынша бұл айрықша дақыл тек осы аудан көлемінде өсіріледі. Әрине бұл тым аздық етері кәміл. Нәрлілігі мен жұғымдылығы және құнарлығы мен азықтық құндылығы бойынша барлық дәнді дақылдардың алдында тұрған тарыны елімізде жаппай өсіруге Үкімет тарапынан тиісті қолдаулар жасалса, бұдан ұтпаса, ешкім де ұтылмасы анық.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Ойыл ауданы