Қазақстан • 22 Қыркүйек, 2017

Сұрақтың да сұрауы бар

505 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

немесе жауаппен жүздесу

Сұрақтың да сұрауы бар

Әр заманда да өткен мен бүгінді көп ойлау, талқылау, жазу болғанымен, болашақтың еншісі әрқашан өзіне қалып отырыпты. Терең түйсік пен нәзік жүректің иелері ғана оқта-текте алдыңғы күннің бедері осылай болуы мүмкін деген қауіптері мен қуаныштарын болжап қана айта алған. Оның кейбірін ғажайып көріпкелдікке баласақ, кейін әншейін кездейсоқ айтыла салған сөз деп ұқтық. Жердің ғарыш кеңістігінен көгілдір болып көрінетінін айтқан, өзінің дәл қай күні өлетінін болжап кеткен ақындардың тағдырын тылсым дүниемен байланыстырдық. Ал саяси жүйелер мен формациялардың ақыры қалай жалғасатынын тарихшылар мен саясаттанушылар тәжірибеге, өткенге сүйеніп болжады. Әдебиетте болашақта кітап оқылмайды, ұзақ роман өледі, ақын-жазушы бұрынғы миссиясын атқара алмайды деген болжаулардың бәрі сандырақ екенін уақыт өзі дәлелдеп келеді. Ендігі қаламгерлер тарапынан жазылар, айтылар, тартысар, жарысар дүниелердің бәрі өткен мен бүгінге емес, бүгін мен болашаққа негізделуі тиіс. Өйткені қазақ әдебиеті әлем әдебиетінің бір бөлшегі ретінде өз дауысын келер заманның қай кезеңінде болсын жарқын естірте алуы керек, ал қазақ халқы өзінің тарихын алдымен әдебиетімен, кейін ғылымымен толықтырды. Бұл ешқашан аяқталмайтын үрдіс болғандықтан ендігі тарихтың ауыр жүгін ғылымға табыстап, қа­ламгерлер (әсіресе жастар) болашақ әде­биет­тің құнарлы топырағына айналуды көздейтін кез бе деп ойлаймын.

Ағылшын ақындары Вордсворт пен Коль­ридж қолдан жасалған өркениеттен қашып, таби­ғаттан алыстамауды, жалған риторикаға жақындамауды айтты. Ал оның оппоненттері де өздерінше жазып, өзінше  әдебиет жасады. Қазақ поэзиясында да жаңалық іздеп талпынғандарды айыптап, дәстүрден алыстамайық деушілер бар. Бұндай пікірталастардың болғаны жақсы-ақ. Әбіш Кекілбаев «Аңыздың ақырынан» соң «Үркер», «Елең-алаң» сияқты тарихи романдарды жазғанында да түсінбеушілік болды. Әбіштің қаламы басқаша, жаңа романдарды жазуы тиістей көрінген. Бір сұхбатында жазушы неге ондай қадамдарға барғанын айтқан. «Егер маған дейін осы тақырыптар, романдар жазылып қойса, басқаша жазар едім» деген мағынадағы жауабына үңілсек, оның айтылмай тұрған екінші бөлігі бардай көрінеді. Ендігі жас жазушылар соғыс, өнер адамы, дала, бұрынғы ауыл, бұрынғы қазақ, батыр, ақын, шешендер туралы жазудан гөрі, бүгінгі ауыл, қала, қазіргі қазақ, оның мінезі мен болмысы, өзгерсе, неге өзгерді, қалай өзгерді деген тақырыптарда жазуы тиіс секілді. Өйткені тарихи романдар біршама жазылды, өнер адамының жан дү­ниесі де бар, ауыл тақырыбына жазылған қан­ша шығарманы білеміз. Ашаршылық, қуғын-сүр­гін, соғыс кезіндегі, одан кейінгі ахуалдың көбі қағазға түсті. Ендігі мақсат бүгінгі қазақ аху­алы, әлеуметтік жай-күйі, мінезі. Әдетте  өт­кен күннің салиқалы әңгімелерін, өнегелі оқи­ға­ларын көп айтамыз. Жақсы көреміз. Демек біз өзгергенбіз. Өйткені өзіміз бұрынғылардай болмағаннан кейін сағынамыз. Онда бүгінгі өзгерген қазақ қайда? Қандай?

Формация өзгерген кезде, қоғамдағы көңіл-күй де өзгереді. Саясат күшейіп, капитал алға ­озған сайын адамдар романтикалық аңсар­дан арылып, нақтылықты сүйе бастайды. Әлеу­мет­тік мәселелер маңызды болған сайын роман­ти­калық қаһармандар мен олардың қиял-ға­жайып оқиғалары, табиғат сұлулығы, экзотика, батырлық тарих «ұмыт» болып, ахуалды дәл суреттеу әдебиеттің бас­ты критерийіне айналады екен. Біз капитализмге өткен болсақ, феодалдық дәуір мен социалистік кезеңді артқа тастасақ, бүгінгі күннен өзекті қандай тақырып болмақ? Поэзия да, проза да, драма да бүгінгі күнді жазумен бағаланады. Әдебиеттің жауһарларына айналған шығармалардың көбі өз заманын жазғаны үшін даңқты болмады ма?! Гоголь, Достоевский, Толстой, Чехов, Бальзак шы­ғар­малары, ескі мен жаңаны шебер үйлес­тірген Шоудың пьесалары, мысалы.

Әлеуметтік драма кино мен прозада, театр­да алға шықса, экономикалық, рухани межеміздің қай шамада тұрғанын бағамдай алар едік. Ондағы сентименталды көріністерге мән берсек те, шындыққа да толқымай тұра алмаспыз.

Тарихты жазу соңғы күнге дейін жалғасады. Бүгінгі күніңіз ертең-ақ  тарих. Бірақ тарихты болары болып, бояуы сіңген соң, яғни үш ғасыр кейін тұрған қашықтықтан емес, дәл бүгін жазған бағалы.

Әрбір қаламгерде амбиция бар. Бірақ осы бір қасиеттің өзі сан қырлы. Бір заман­дарда «осы шығармамнан кейін қоғам өзгереді» деген сенімдер бүгін жоғалып бара жатқандай. Әрине он­дай үміттердің күл-талқаны шықты. Ешқан­дай қоғам өзгерген жоқ. Бірақ сол шығармалар арқылы мемлекет ұстанып отырған саясаттың қайда апара жатқанын дәл айтқандары да бар. Ал бүгінгі жас қаламгерлердің амбиция­сы қандай? Танымалдық пен атақ қана ма? Жоқ. Олай болуы мүмкін емес, тиіс те емес. Шығармашылық жеке мүдделер мен баспайдалық өзімшіл мақсаттарға негіз­дел­генде әдебиет әуелгі мұратынан айниды.  Не­ше заман құндылығын ұрпақтан ұрпаққа жет­кізіп келе жатқан поэ­зия екені рас болса, бүгінгі гуманистік көзқарастар мен пайымдар бүтін қалпы келешекке көркем жеткені абзал. Қоғамның тоғы мен ашын, байы мен кедейін, тартысы мен таласын, қуанышы мен қайғысын, арманын, асыға күткен болашағын аз да болса айта алған проза болса, дербес Қазақстанның келбеті, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы атмосферасы тура солай әңгіме, повесть, роман болып түзіліп келер заманға көш түзеуі ләзім. Ол көш басталған да шығар. Бәлкім Әбіштің «Күйімен», Төлен Әбдіктің «Қонақтарымен», Дидахмет Әшімханұлының үштағанымен, Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелер өлімімен», Жұмабай Шаштайұлының өліара жылдар әңгімелерімен... Бұл шығармаларды айтудағы себебіміз, қоғамдағы белгілі бір тенденциялардың себептері мен салдарын жаз­ушы ретінде көрсете алуларында. «Күй» – мәң­гүрттіктің себебі, «Қонақтар» мен «Жылы жай­­дың қияры» – формацияның салдары, «Пе­ріш­те­лердің өлімі» – идеологияның қателігі, өліара жыл­дар әңгімелері – формация ауысқан кездегі қоғамның көңіл күйі.

Әдебиет адам жанын, тағдырын жырлап келеді. Бүгінгі қазақтың жыры қандай? «Зама­ны­мыздың кейіпкері жасалған жоқ» деген сөздің жазушыларға ауыр айып болып тағылып келе жатқанына отыз жылдан асыпты. Бүгінгі әлем әдебиетінде үздік деп бағаланған шығармаларда да көбіне басты қаһарман жоқ секілді сезіледі. Оларда өрелі ой бар, айтпақ идеясы мен заман келбеті  бар. Болмаса адамзат алдындағы бүгінгі күннің басты сауалы бар. Шыңғыс Айматов пен Қалтай Мұхамеджанов жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасындағы сұрақ  «Қайткенде адам қалады адам болып?» еді. Біз осыған жауап бере алдық па? Ал бүгінгі қаламгерлер қандай сұрақ қояды? Бәлкім, қазақтың қазақ болып қалуы туралы болар...

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»