Қазақстан • 22 Қыркүйек, 2017

Туған жер неліктен қымбат?

12338 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл саналылықтан гөрі санасыз психоло­гиялық, сезімдік, табиғи құбылыс. Барлық тіршілік иелері белгілі жерде өмір сүреді. Оны жаратылыстық жағдаймен есептеспей басқа жерге ауыстырсаң, үйренбеген мекен оған кері әсерін тигізеді, өсіп көбеймейді. Мәселен, түрікмен жерінде керемет «ахал-теке» деген сұлу жылқы өседі, ол жері құмды, ылғалы кем, ыстық аймаққа бейім­­делген. Егер ол жылқыны Англияға, не басқа елге апарсаң, өсіп, көбей­мейді. Өшіп бітеді. Бұл – жаратылыстық табиғи заңдылық. 

 

Туған жер неліктен қымбат?

Адам – саналы тіршілік өкілі. Ол өзін санамен билеп, әр жерге бейім­деледі. Бірақ, солай десек те, туған, өскен жер сезімі адам бойынан өшпейді. Айталық, өз жерінен, елінен басқа жерге кеткен адам жақын­дарын аңсайды. Ол белгілі. Сөйтсе де, жылдар өткен сайын оның сағынышы бәсеңдеп, басқаға көңілі ауа бастайды. Бұл да түсінікті. Ал туған жерді аңсау жылдан жылға өршіп күшейе түседі, мәңгі арманға айналады. Өмірден өксіп өтеді. Сондықтан емес пе, жат жерде өмірден өткен адамның қабіріне елінен бір уыс топырақ әкеп себеді. Сонда туған жер ата анасынан да артық болғаны ма деген ой келеді. Пайымдап қарасақ солай екен.

Сонда бұл қандай күш? Санаға, ырыққа да көнбейтін не құдірет? Шыны солай, негізсіз емес. Шет жерде амалсыз жүрген адамның да елін аңсау сезімі – өлім мен өмір арасы секілді, қиямет қиын, бітпейтін арман. Мәселен, өз елінде, үйінде жүрген жасөспірімге өз ұлтының кейбір әдет-ғұрпы ұна­мауы мүмкін, ал енді сол жасөс­пірім білім іздеп шетелде жүргенде кездейсоқ басқа бір ел өкілі абайсыз әлгі жасөспірімнің ұлтына тиетін пікір айтса, сонда ол ойланып жатпай-ақ, бірден намыстанып, наразылық білдіріп, өз елінің дәстүрін, мәдениетін жақтап шыға келеді. Бұл не? Бұл іште жатқан патриоттық сезім. Ол сезім бірте-бірте қалыптасады. Адам оны сез­беуі де, ойламауы да мүмкін. Бірақ жағдайға байланысты, кейде бұрқ етіп көрініс береді.

Немесе шет жерде жүрген адамға бұрын көрмеген, білмеген өз елінің кісісі кездейсоқ кездесе қалса, онда ол сөзге келмей-ақ бірден жақындық сезім оянып, туыс болып шыға келеді. Бұл не? Сағыныш. Әлгі бей­таныс адам сол өзі өскен елдің бір бөлшегі сияқты көрінеді. Өйткені ол да сол сағынышты жердің ауасын жұ­тып, суын ішіп, тағамын жеп өсті. Сондықтан ол оған тонның ішкі бауындай жақын. Сонда сол сезім­нің негізінде не жатыр? Әрине, био­ло­гиялық және физиологиялық қа­сиет, сапа жатыр. Айталық, жас нәрес­те ана құрсағында бітәнә болып пай­да болған кезден ананың жұтқан ауасы­нан, ішкен суынан, жеген тағамы­нан нәр алып, қалыптасады. Кейін айы-күні жетіп жарық дүниеге келген­де ана сүтімен коректеніп, өседі. Кейін азамат болады, қоғамға араласып, түр­лі жерлерде жүреді. Қайда жүр­­се де өз елінің ауасы, тұз-дәмі өзі­не жет­пей тұрған сияқты сезіледі. Ол рас.

Қазақ жері кең-байтақ. Солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс өңірлері­нің тағамында да (ет, сүт, қымыз), өсім­дігінде де айырмашылық бар. Кім­нің де болса физиологиялық, био­логиялық ағзасы туған жеріне бейім­делген. Сондықтан емес пе, әр­кім­нің өз елін сағынатыны, тұз-дәмін татып, аунап тұрғысы келетіні? Орыс халқында мақал бар «Каждый кулик свое болото хвалит» деген. Дәлме-дәл айтылған пікір. Кімнің де болса туған жері өзіне жұмақ, жаннан артық. Өйткені, Отан тірегі – жер, жері мәні – тіршілік, өмір мәні – еңбек, тіршілік. Жан – табиғаттың, өмірдің туындысы, тіршіліктің өзі.

Адамда арман да, мақсат та бар. Түрлі тілек, аңсар-армандардың ішінде ең құдіреттісі Отан, туған жер, оның табиғи негізін айттық. Бәрі уақыт өткен сайын бәсеңдейді, ұмытылады, ал туған жер, өскен орта, аунаған топырағын аңсау еш уақыт­та өшпейді, қайта күшейе береді. Ол – Отан­дық сезім, туған жер кереметі. Н.Ә.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы проблеманы ғылыми тұрғыдан әлемдік дәрежеге, үлкен парасат биігіне көтереді.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
академик