Жиын барысында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіруге орай, оның әлеуметтік-экономикалық және саяси негізі, қазақ қоғамындағы кирилл алфавитінің атқарған рөлі, латынға өтудегі ұйымдық және техникалық шаралар, латын алфавитіне көшудегі өзге елдердің тәжірибесі сынды бірқатар тақырыптар қозғалды.
«Алфавитті өзгерту – қоғам үшін ауқымды да маңызды мәселе, үстіміздегі ғасырда, қазіргі «интеллектуалдық технология» заманында, әсіресе өркениетті әлемнің негізгі ғылыми-техникалық, басқа да ақпаратты ағылшын тілінде пайдаланатын кезеңінде қоғамдағы орасан зор маңызды шара. Осыған орай белгілі ғалымдар мен сарапшылар және жалпы жұртшылық тарапынан қазақ графикасын латын әлпбиіне көшірудің тағдырлы шешімі жан-жақты талқылануы тиіс. Латын жазуы ғасырлар бойы құнын жоғалтпай келеді. Әлем тұрғындарының 80 пайыздан астамы латын қарпін пайдаланады. Әлемдегі ақпараттардың 70 пайызы латын әрпінде басылады. Әліпбиді өзгерту –қоғамымыздың жан жақты дамуына түрткі болатын тарихи шешім», деді ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ақан Бижанов.
Кездесуде Қазақстан халық ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Ирныхас» осетин мәдени-ағарту орталығының төрағасы Казбек Мамсуров, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Рүстем Қадыржанов, философия ғылымдарының кандидаты Жазира Ошақбаевалар өзекті мәселеге орай қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі ғылыми ұсыныстарын ортаға салды.
Профессор Рүстем Қадыржанов латын қарпіне қатысты пікірін білдіре келе: «Әліпбиді ауыстыру – күрделі әлеуметтік-саяси процесс. Өйткені ол осы мемлекетте өмір сүріп отырған әрбір адамға қатысты мәселе, әрбір адамның мәдени кодының алдағы уақытта рухани түрде жаңғыруы, өзгеруі дегенді білдірсе керек. Тәуелсіздік алған уақыттан бері әлсін-әлсін көтеріліп, қоғам арасында жақтаушылар мен қарсы уәж айтушылардың айтыс-тартысына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы латын қарпіне көшу туралы бастамасы ақырғы нүктесін қойды. Ендігі мәселе – қазіргі ұсынылып жатқан әліпби нұсқаларының ішіндегі ең оңтайлы, халқымыздың тілдік, үндік ерекшеліктерін толығымен өтеп, толығымен жеткізе алатын түрін таңдай білу. Ол үшін әлбетте, үлкен жүк, үлкен сын ең алдымен ғалымдарға түсетіні анық» деді.
Іс-шараға «Ғылым ордасы» гуманитарлық институттарының ғылыми қызметкерлері, Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптама тобының мүшелері мен қоғам өкілдері қатысты.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»