Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2017

Түркістанда «Ясауитану» халықаралық байқауы аяқталды

1654 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2017 жылды «Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы» деп жариялауына орай Қазақстан Республикасы Мəдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Түркі əлемінің жалпы білім беретін оқу орындарының 6-11 сынып оқушылары арасында «Ясауитану» Халықаралық байқауы өтті. 

Түркістанда «Ясауитану» халықаралық байқауы аяқталды

Жыл сайын ұйымдастырылатын байқауға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен үздік 42 оқушы қатысып білімдерін сарапқа салды. Білім және өнер сайысының мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, «Әзірет Сұлтан» кесенесіне жерленген дара тұлғалардың елі үшін атқарған еңбектерін, сондай-ақ, Түркістан қаласының тарихы мен Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлерді және музей ісін насихаттау.

Осы орайда, Түркі əлемі жас дарындарының сайысына екі кезеңнен тұратын іріктеу сындарынан жеңіске жеткен оқушылар қатысты.
Сайысқа қатысушылардың білімін сарапқа салған қазылар алқасына «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов төрағалық етсе, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының төраға орынбасары Фурат Фурташ,
«Əзірет Сұлтан» қорық-музейінің бас редакторы Əбдікерім Манапов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университетінің профессоры теолог, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Əзірет Сұлтан» қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Нұржамал Əшірбекова төрелік етті.

Бірінші кезеңде хикметтерді еш мүдірмей жатқа айтудан сынға түскен үміткерлер дарындылықтың ерен үлгісін көрсетті. Екінші кезеңде Қазақ хандығының тарихына, Қожа Ахмет Ясауи бабамызға, «Әзірет Сұлтан» музейіне қарасты тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерге қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Халықаралық байқауды ұйымдастыру себебіміз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасы мен ілімін насихаттау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киеліжерлерінің географиясы» және «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты жобаларын жүзеге асыру болып табылады» - деді қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов.  

«Ясауитану» байқауының екі кезең қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Қараман Ажар бас жүлдені (150 мың теңге), ал, Ақмола облысынан келген Оқа Жанат бірінші орынды (100 мың теңге) иеленді. Екінші орынға 75 мың теңгеден екі орын белгіленген болатын. Қызылордалық хикметші Ақыпбаев Нұрсұлтан және ОҚО келген Сейткулова Роза ІІ – орынды әрқайсысы (75 мың теңге) марапатқа ие болды. Келесі жүлделі үшінші орын иелеріне келетін болсақ, Түркістандық хикметшілер Хакимова Роза, Мажитова Дияра және Ақмола облысынан келген Дәулетхан Ділнәр ІІІ – орынды әрқайсысы (50 мың теңгеге) ие болды. Жүлде қорынан он оқушыға ынталандыру сыйлығы ретінде 20 мың теңгеден жүлде берілді.

Байқауға қатысқан Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген оқушыларға және Қазақстанның түкпір түкпірінен келген сайыскерлер мен шәкірт тәрбиелеген ұстаздарға қорық-музей әкімшілігі тарапынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған, Түркі халықтарының рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтері мен ілімін насихаттап, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандырып, жас өркеннің интеллектуалдық пайым-парасатын арттыратын бұл байқау әлі де өзінің жалғасын табады.