ЭКСПО-2017 • 24 Қыркүйек, 2017

«ЭКСПО-2017»  кезіндегі үздік жобалар өндіріске енгізілмек

609 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмеде таныстырылған инновациялық технологиялардың ішінен үздік 105 жоба іріктеліп, соның 40-тан астамын бірқатар мемлекеттік және атқарушы органдар іске асыруға кірісті. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.

«ЭКСПО-2017»  кезіндегі үздік жобалар өндіріске енгізілмек

Энергетика министрлігі таңдап алған жобалардың 28-і отандық өнертапқыштардың туындысы екен. Олардың ішінде энергиялық үнемділікті арттыратын және қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған тың технологиялар бар. Сонымен қатар, шетелдік авторлардың да көрмеде ұсынған заманауи жобалары іріктеліп алынған. Атап айтқанда, немістің технологиясы энергияны алысқа тасымалдағанда қуат көздерін үнемдесе, енді бірі жерасты су мен топырақтан энергия алуға мүмкіндік береді. Пайдалы деп танылған жобалардың ішінде Беларустың «Трубосфера» технологиясы да бар. Осы жоба арқылы газдың қысымын барынша азайтып, өндірілген энергияны мұнай-газ саласында кеңінен пайдалануға болады екен. Бұған қоса, ағын суларды тазартуға арналған фин теxнологиясы ауызсуды тазартып қана қоймай, судың түбінде тұнып қалған лайды тыңайтқыш ретінде өндіріп береді. Бүгінде Финляндияның бір жобасын «Қазгидромет» сынақтан өткізуге кірісіпті.

«Көгілдір көмір» атты поляк теxнологиясы қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды 80 пайызға төмендетеді. Көмірдің қызуын да тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бізге мұндай теxнология аса қажет. Сондықтан бұл технологияны да болашақта тиімді пайдалануға іріктеп алдық. Біз таңдап алған жобаларды тәжірибеге енгізу мәселесімен арнайы сарапшылар тобы айналысып жатыр.  Олардың құрамына «Қазмұнайгаз», «ҚазТрансГаз», «КЕГОК» сынды ұлттық компаниялардың 40-тан астам сарапшысы және энергетика саласының кәсіби мамандары, министрлік пен оның құрылымдық бөлімшелердің өкілдері бар», дейді вице-министр.

Сарапшылардан құралған жұмыс тобы Австрия, Германия, Нидерланды, Ресей, Финляндия сынды мемлекеттердің алдыңғы қатарлы технологияларын іріктеп алып, оны төрт топқа жіктепті. Жобалардың 27-сі – мұнай және газ, 5-еуі – көмір мен атом өнеркәсібі, 44-і – энергия саласына, басқалары экология, ауаны тазарту, қоқысты жарату салаларына топтастырылған. Қазіргі уақытта үздік жобалардың 40-тан астамы 9 отандық компанияда зерттелу үстінде болса, 14 технологияны – екі университет, тағы 12 жобаны жергілікті әкімдіктер қолға алған.

Вице-министр сондай-ақ, жанар жағар майдың бағасына байланысты қойылған сауалға да жауап берді. Ол кейбір өңірлердің жанар-жағармай құю бекеттерінде бензин тапшылығы байқалып отырғанын айта келіп, оның басты себебі бензиннің Ресейден тасымалдайтынында екенін жеткізді. Қазіргі күні Ресейдің энергетика министрлігімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Вице-министрдің айтуынша,  қыркүйектің аяғына дейін жанар-жағармай құю бекеттеріндегі жағдай түзелуі тиіс.  
 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»