Кино • 25 Қыркүйек, 2017

Апта фильмі: «Kingsman: Алтын сақина»

590 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шытырман оқиғаға құрылған комедия, боевик жанрындағы «Kingsman: Алтын сақина» фильмі осы уақытта Қазақстан кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. Фильм режиссері Мэттью Вон мен Джейн Голдман бірлесіп жазған сценарий желісі «Kingsman: Құпия қызмет» (2014) фильмінің жалғасы ретінде көрініс табады.

Апта фильмі: «Kingsman: Алтын сақина»

Жыл: 2017

Ел: АҚШ , Ұлыбритания

Режиссер: Мэттью Вон

Басты рөлдерде: Тэрон Эджертон, Колин Ферт, Марк Стронг, Джулианна Мур, Холли Берри, Педро Паскаль,Ченнинг Татум, Джефф Бриджес, Эдвард Холкрофт, Ханна Альстрем және басқалар

Сценарий: Мэттью Вон , Джейн Голдман

Продюсер: Мэттью Вон , Адам Болинг , Дэвид Рейд

Жанр: Комедия , Боевик

Әлемдік премьера: 20 қыркүйек 2017

Қазақстандағы премьера: 21 қыркүйек 2017

Жас шектеуі:R рейтингі - 17 жасқа дейінгі тұлғалар үшін ересектердің қадағалауы міндетті

Ұзақтығы: 141 минут

 

«Фильмнің жалғасын түсіргім келе ме, жоқ па білмей жүрдім, – дейді Мэтью Вон. – Фильмнің кілті саналатын залым бейнесі ұзақ ойландырды. Бір күні таңертең оянғанда антогониске қатысты сюжеттер мен пландар дайын тұрғанын түсіндім. Сіздерге бұрын-соңды көрмеген эпизодтарды көрсетуді жоспарладым».

Бұл - Мэттью Вонның режиссерлік қызметіндегі алғашқы сиквелі. Джулианна Мур, Холли Берри, Джефф Бриджес, Колин Ферт пен Элтон Джон сынды бес бірдей Оскар сыйлығының иегерлерінің басын қосқан фильм көптің көңілінен шыға алды ма?

Фильм сюжеті Kingsman ұйымының америкалық жақтастарымен бірлесе отырып, әлемді зұлымдықтан арашалау жолындағы қиыншылыққа толы күресінен өрбиді. Валентайнның невралогиялық толқынынан әлемді құтқарып қалған Эггсидің (Тэрон Эджертон) Швеция ханшайымымен жарастықтағы отбасылық өмірінен басталады. Kingsman ұйымының бір кездегі оқушысы болған, кеудесі өшпенділікке толы қаскөй Чарли (Эдвард Холкрофт) алапат күшті кибернетикалық қолға ие. Ол бұл күндері «Алтын сақина» атты есірткі бизнесімен айналысатын қылмыстық топтың жетекшісі Поппи Адамстың (Джулианна Мур) сенімді жендетіне айналған.

Соның арқасында Kingsman агенттерін тып-типыл қырып салады. Осы тұста бұрын киім таңдап паңданып жүретін мұнтаздай  Гарри Хард (Колин Ферт) қайта оралады. Бұл жолы қай қылығымен сүйіндірмек?! Kingsman мұрагері Эггси мен тірі қалған Мерлиннің (Марк Стронг) ары қарайғы күреске толы өмірі жеңіске бастай ма, әлде құмға сіңген судай із-түссіз кете ме деген екіұдай ой көрерменді жетегіне қоса ілестіреді.

2014 жылы «Kingsman: Құпия қызмет» фильмі жарыққа шыққан соң, Марк Миллар мен Мэтью Вон фильм табысты болса, жалғасы түсірілуі мүмкін екендігін айқан болатын. Фильмнің алғашқы түсірілім жұмыстары 2016 жылы 15 мамырда Бирмингемде басталды. Қосымша кадрлар осы жылы желтоқсан айында Лондонда түсірілді. «20th Century Fox» киностудиясы фильмді 2017 жылдың 16 маусымында көпшілікке ұсынбақ болған, алайда шығу мерзімін 6 қазанға ауыстырды. Кейін Ұлыбританияда 20 қыркүйекке белгілеп, АҚШ-тағы тұсаукесерін екі күн алға ілгерілетті. Кей сыншылар мұны бәсекеден жалтару деп санады. Өйткен тура сол уақытта канадалық режиссер Дени Вильневтің «Blade Runner 2049» фильмінің премьерасы өтіп жатты.

Кино туралы сыншылардың пікірі әрқилы. Соның ішінде «Атлантик» әдеби журналының бас киносыншысы Кристофер Орр фильмнің көркемдік тұтастығын сөз ете келе, «Фильм өте ұзақ, тым қатал. Басқаша айтқанда, бірінші рет – сатира, екінші қайталау – фарс» деп кинотуындының мазмұнына көңілі толмағанын жеткізеді. Одан бөлек фильм барысындағы ерсі әзілдер мен қайта оралған Колин Ферттің төбелесінің сәтсіздігі туралы өзге сыншылардың пікірі «тотықұстай таранған Элтон Джонның әшекейлі кейпі де фильмді құтқара алмайды» дегенге саяды. Rotten Tomates шолу агрегаторында фильм рейтингіне орта есепте 5,3/10 балл берілген.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»