Қолданыстағы заң жетілдіруді қажет етеді
– Өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша Атырау облысының даму көрсеткіштері жоғары. Бұл Елбасы саясатының нәтижесі, – деді Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Аймақта әлемдегі ірі кен орындарын игеру жүзеге асырылып жатыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 54 жоба бастау алды. Мемлекеттік бағдарламалар бұрын-соңды болмаған өндірістерді іске қосуға жол ашты.
«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қызметін және Солтүстік Каспий жобасын дамыту мәселелері бойынша Атырау облысында өткен көшпелі отырыста Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев осы бағыттағы жұмыстардың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгенін атап айтты. «Отандық индустрияның қарқынды дамуына мемлекеттік қолдау шаралары қабылданып, заңнамалар жетілдірілді. Бүгінде елімізде арнайы экономикалық аймақтар мен инвесторлар қызметі үшін қажет жағдайлар жасалған», деді ол.
Парламент Үкіметпен бірлесе отырып кәсіпкерлікті қолдау, инвестицияларды көтермелеу мен қорғау, экспорттық өндірісті ынталандыру, индустриялық-инновациялық дамуға байланысты заңнамаларды қарап, жетілдіру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар осы саладағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Жиында сөз алған аталған комитеттің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов Кеден одағы туралы келісімге сәйкес 2012 жылдың
1 қаңтарынан кейін тіркелген кәсіпкерлік субъектілеріне кедендік жеңілдіктер қолданылмайтынын айтты. Кәсіпкерлік кодексінде де солай көрсетілген. «Алдағы уақытта осы мәселені шешу жолдары қарастырылуы керек», деді сенатор.
Жоба неге жүзеге аспай келеді?
«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы Мемлекет басшысының Жарлығымен 2007 жылы құрылған. Кешен үш бөліктен тұрады, олар: Қарабатан стансасында, Теңіз кенішінде және Атырау қаласында. Әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін құру мен дамыту жөнінде серпінді инвестициялық жобаларды дайындау мен іске асыруды мақсат еткен жобаның маңыздылығы Елбасының екі бірдей Жолдауында айтылды. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауда Атырау газ-химия кешенінің жобалық қуатына шығуды қамтамасыз ету жайы көрсетілді. Кешен жылына 500 мың тонна пропилен мен 800 мың тонна полиэтилен шығаруы тиіс болатын. Алайда мемлекеттік бағдарламаларға енгізілгеніне қарамастан, жобаның 2014 жылы аяқталуы тиіс бірінші кезеңінің өзі әлі күнге толық жүзеге аспады. «Министрліктің ақпаратына сүйенсек, зауыт құрылысы 2017 жылдың қазан айында басталуы мүмкін, 2020 жылы аяқталады. Ал екінші кезеңге арналған полиэтилен зауытының құрылысы бұлыңғыр. Арнайы экономикалық аймаққа байланысты мәслихат пен әкімшілік тарапынан алынуға тиіс шешімдер қабылданып, жұмыстар атқарылған. Ендігі жұмыс Үкімет пен уәкілетті органға байланысты», деді сенатор С.Еңсегенов.
Ал Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев «Интеграцияланған газ-химия кешенін қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр», дейді. Оның айтуынша, бұл жобаны іске асыру экспортқа бағдарланған, жоғары деңгейде өңделген өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінде мұнай-газ химия зауыттарының жұмыс істеуі үшін инфрақұрылым құрылысын реттеп, жобалау мен құрылыс кезінде халықаралық стандарттарды қолдану, мемлекеттік сараптаманың талаптарын жеңілдету, жобаларды салу кезінде шетелдік жұмыс күшін шектеусіз қолдану секілді әкімшілік кедергілерді жою керек.
Күкірт зауыты мәселені шеше ме?
Солтүстік Каспий жобасы өнімді бөлу қағидатына негізделген. Бұл шарт көпшілікке қолжетімді емес, бірақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда маңызы зор. Осы екі бағыт бірдей тепе-теңдікте болғаны дұрыс деді Сенат депутаттары. Жобада еңбек ететін адамдардың әлеуметтік жағдайы назардан тыс қалмауы керек. Экология, қоршаған ортаның жайы да бар. Айталық, қазір Қарабатанда 4 млн тонна күкірт жиналған. Атырау облысында бұрын да күкірттің көп мөлшерде жиналып қалу проблемасы болды. Теңіздегі тау болып үйілген күкірттен әзер құтылған халықты енді Қарабатандағы жағдай алаңдатады. «Күкіртті сату бағасына қарап, табыс табудың көзі деп білгеннен көрі халықтың денсаулығына зияны тимеуі үшін тез кәдеге жаратудың барлық мүмкіндіктері қарастырылғаны жөн», деді сенатор С.Еңсегенов. Солтүстік Каспий жобасының операторы «NCOC.NV» компаниясының өндірістік операциялар жөніндегі директоры Ван Дайк Арьян алаңдауға негіз жоғын, Қашаған кенішіндегі мұнайды тазартудан алынған күкіртті өңдейтін зауыт өз жұмысын бастайтынын айтты. «Біз күкіртті экспорттау нысандарын іске қосып жатырмыз. Батыс Ескенедегі арнайы жүк тиейтін терминал арқылы темір жол бойымен күкірт экспортын бастаймыз. Табиғи ресурстарды оңтайлы пайдалану бойынша компанияның жоспарлары бар», деді ол.
Көшпелі отырыс жиынынан кейін Сенат депутаттары «Ұлттық индустриялық мұнай-химиялық технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы нысандарды аралады. Атырау облысының инвесторлар үшін қолайлы аймақ екенін айтқан депутаттар мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағытындағы жасалып жатқан жұмыстардың әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға серпін беретініне сенім білдірді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ