25 Қыркүйек, 2017

Ұзынқұлақ

1937 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғасырлар бойы кең далада көшіп-қо­нып ғұмыр кешкен халқымыздың алыс­тан хабар алғызған әйгілі фено­мен­­дерінің бірі – ұзынқұлақ. Бұл бір етек-жеңі кең пішіліп далиған қазақы мінез­ді, тек қазаққа ғана тән үлгі-үр­діс. Бір ғана айырмашылығы – қазақ жай­ба­сар, жайбарақат, ұзынқұлақ – жылдам. 

Ұзынқұлақ

Осы ұзынқұлақты сөз зергері, ғибратты Ғабең – Ғабит Мүсірепов өзінің атақты «Жиырма төрт сағатта» атты кезінде «Правда» газетінің тұтас бір бетінде жарияланған әңгі­ме­сінде былайша сипаттайды: «Қан­дай хабар болса да Орынборға жетуі мұң, одан әрі шексіз-шетсіз қазақ даласына ұзынқұлақтың өзі алып кетеді. Телеграммалар кешігеді, пойыз­дар кешігеді, уәкілдер кешігеді. Ұзын­құлақ ондайды білмейді. Кейде тіпті Орынбордың өзі орта жолда қалып, Москва, Париж, Лондон хабарлары атқа, түйеге мінгесіп алып даланы шарлап кетіп бара жатады» деп келеді де, классик жазушы ұзынқұлақтың қасиет-қырларын да жайып салады. Ғабеңе жүгінсек: «Алланың қолынан өткен әрбір мүшелік сияқты, ұзынқұлақтың да өзіне ғана тән мінездері бар. Естіген хабарды аздап өсіріп, аздап өңдеп, аздап толықтырып, жағымды болса өз ауылына, өз еліне қарай бұрып, жағымсыз болса көрші ауылға, басқа елге қарай аудара салатыны болмаса, басқа күнәсі болып көрген емес».

Иә, ұзынқұлақ та ұлттың өмір дағды­ларынан, тұрмыс пен тіршілік салт­тарынан, халықтың ділі мен мінезінен хабардар ететін ұлы феномен дер едік. Әріге бармай-ақ, ұзынқұлақ деген атаудың өзінен қазақтың жан-дүниесі, жаңалық әңгімеге жақындығы көрінеді. Телефоны жоқ замандарда, одан кейін де уақыттан оза шауып, өз миссия-міндетін артығымен атқар­ған ұзынқұлақ әлі де халықпен бірге жасасып келеді. Қазақ бар жер­де қашан­да ұзынқұлақ та бар. Бай­қап қарасақ, осы сөздің пошымы да қазақ­тың өзінен аумай, аузынан түсіп қалған сияқты әсер береді. Сөз – халықтың жанының бір бөлшегі деген осы-ау. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп келетін Абай өлеңіне бақсақ та ұзынқұлақ деген идиом сөздің шығу тегі мен эти­мо­ло­гиясының астарлы сырын аңғарғандаймыз. 

Жә, ол жағын ғалымдарға қалды­райық та, архивке асықпайтын ұзын­құлақ­тың басқа қырларына зер салайық. Жер шарының кез келген нүктесінен әп-сәтте хабар алып отырған ғаламат ғылыми технологиялар, компьютер мен ұялы телефон, әлеуметтік желілер заманында отырып, әлі күнге дейін сөзімізді «ұзынқұлақтан естуімізге қарағанда, ұзынқұлақтың айтқанына жүгінсек» деп бастап жатамыз. Ұзын­құлақтың айтпайтын әңгімесі жоқ, білмейтін нәрсесі жоқ. Соған қарағанда ұзынқұлақ бүгінгі қазақ қоғамында өз қызметін әлі де атқаруда, кәдеге жарауда. Тіптен ұзынқұлақтан естуімше, «Ұзынқұлақ» аталатын БАҚ құралдары да бар сияқты. Қалай деген­мен де қазағымның қайран ұзын­құлағы­ның жаны сірі екен. Әрі бұдан біз қазақ сөзінің, оған құйылған мән-мағынаның құдіреттілігін байқап бағамдасақ керек. 

Ұзынқұлақтың атасы – сөз, анасы – жаңалық оқиғалар. Атам қазақ: «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» дегенді баяғыда айтып қойған. Қашан, қай кезде болсын, әсіресе, қазіргі заманымызда, қазақтың еркін тыныстаған бүгінгі егемен қоғамында бізге тас жаратын алдаспан ақжолтай сөз болмаса, бас жаратын ниеті бұзық бүлдіргі сөз керек емес. Тағы да «Сөзде – қаңқу жаман, Ауруда – шаншу жаман» деп те бекер мәтелдемеген данышпан бабаларымыз. Бас жаратын бұзық сөздердің аурасы ауыр, көпшілік қауымға әсері де жаман болмақ. Қаңқу сөз жүректі ауыртып, жүйкеге салмақ салып, күйзеліске түсірмек, қабырғаны күйретпек. Міне, осылардың кей-кейде қазіргі ұзынқұлаққа жармасып ере жүретіні, баяғы жаман тымақтай жар-биып соңнан қалмайтыны жаман. 

Қазақтың бағзыдан келе жатқан әзелгі ұзынқұлақ құбылысының таби­­ғаты таза, аңқылдаған ақжарма, ақ­жолтай болғандығын байыптау қиын емес. Ол далиған даланың самалдап ескен желіндей, дарқан бабаның көңі­лінің айдын көліндей болатын. Онда өсіріп айту болатын, бірақ өтірік айту болмайтын. Ол ұзынқұлақтың құсни сәлемдері ізгі ниетті қарлығаш хабар­шы­дай сүйіндіріп жететін, ақ жаңбырдай себе­леп, сергіте серпілтетін. Осы саф таза, самородный сары алтындай бұрын­ғысымен салыстырғанда бүгінгі ұзын­құлағымыз біршама божырағанын байқап көңіліміз бұзылып қынжыламыз-ау. Бұрынғы ұзынқұлақ жақсылық ха­ба­р­­­ды жайқалтуға құлшынып тұрса, бүгінгісі жамандықты көбірек күйт­тейтін сияқты, жаманатты жеткізуге асығатын сияқты. Ұзын­құлақ­қа өті­рік пен өсек, қаңқу мен сәңку қосып, құ­рық­қа сырық жалғайтын бол­дық. Со­дан ба, қазақтың қастерлі ұзын­құла­ғы­ның қадірін қашырып бара жатқан сияқтымыз. 

Бұған кінәлі ұзынқұлақ емес, өзіміз. Қазақ рухының, салт-санасының ескірмес өрелі қазынасы ұзынқұлақ жаңа заманда да жақсылық хабарларды молынан сүйіншілеп халқымызбен бірге жасай берсін. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»