Кәмила батик техникасы арқылы қайталанбас туындылар жасады. Оның қолынан шыққан жауһарлар тамаша қонақүйлердің төрінде, өнерді бағалайтын коллекционерлердің үйінде тұр.
Кәмила 5 сыныпта оқып жүргенде бір кезде жұрттың бәрі оқитын «Балдырған» журналының 3 бірдей бетіне өзінің суреттерін басқанда, бүкіл ауыл қуанып, ол өзін осы бір сұлу әлем жетектеп бара жатқанын сезбеген болар.
Бояу үндестігінде барынша кірпияз қылқалам шеберінің жұмыстарына қарап отырып, ол батик өнеріне әйелдің ғана бойында болатын ертегідей нәзіктік пен бояулардың қуатын қатар сыйлады десек қателеспеген болар едік. Не құдіреті бар екенін, маталарға салынған мінсіз әлем суреткердің ерекше талғам-болмысымен үндесіп, кемпірқосақтай құбылып, талантпен суарылған құндылыққа айналып шыға келеді. Әйтпесе, бұл өнермен айналысатындар аз емес. Алайда Жапалованың жұмбағы басқа, өйткені ол бұл өнерге шексіз мүмкіндіктер сыйлаумен келеді.
Сол сияқты суретші батик өнеріндегі тағы бір дәстүрлі әдіс – ыстық батик техникасы немесе «кракле» арқылы әбден машықтанған фольклорлық, декорациялық, абстракциялық ғажайып туындыларын талай халықаралық көрмелердің төріне шығарды. Астарынан сыр іздетіп әуре етпейтін бұл жұмыстарда хас шебердің анық қолтаңбасы мен ән салып тұрғандай әлем бар.
Ол кейде тауыс құсындай көркем, кейде көлде жүзген аққудай нәзік. Бірде самұрықтай көкті шарласа, біресе жұмақтың қайығында жүзгендей жастықтың бау-бақшасын шарлатады.
Кәмиланың бидай, қоңырқай, алтын дала түсті жылы реңктерге толы туындыларында қазақи лирикалық қолтаңба бар.
Санкт-Петербургтегі батик жанрындағы мамандандырылған сурет колледжін бітірген шебер Ресейде жүргенде ауыл тіршілігіне деген сағынышы тулаған теңіздей жүрегін тербеп, өзіндік бағытқа ие болуға септескенін айтады.
Оңтүстікте өскен қыз кілем тоқуды, киіз басуды, қыз жасауын қалай дайындайтынын анасының қасында жүріп дарытып, осы нақыштарды өзіндік қабілетімен байытып отыр.
Киім дизайнына қатар құлаш ұрған дарын иесі күнделікті өмірдегі киімдерге, беташар орамалдарға, ұзатылатын қыздың көйлегіне, жеңгелердің камзолына батиктің мүмкіндіктерін дарытуға көшті.
Халықаралық көрмелерде қабілетін мойындатқан қылқалам шебері облыстық әкімдіктің де қолдауына ие болып, «Даму» қоры арқылы қайтарымсыз грантқа ие болып, дизайнерлердің өз елімізде, Италияда өткен жарыстарында көзге түсті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ