Футбол • 25 Қыркүйек, 2017

Футболдан Қазақстан құрамасы 5 қазанда Румынияға қарсы ойнайды

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 5-ші қазанда 2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда Румыния құрамасына қарсы ойнайды.

Футболдан Қазақстан құрамасы 5 қазанда Румынияға қарсы ойнайды

«Е» тобында сынға түсіп жатқан қос құрама былтыр елордадағы «Астана Арена» стадионында тұңғыш рет жолығып, тең тарқасқан. Топтағы турнир кестесінде Қазақстан құрамасы екі ұпаймен соңғы орында келеді. Ал қарсыластарымыз Румыния құрамасы болса, тоғыз ұпаймен төртінші орында.

Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойынын 4-ші қыркүйек күні Польша құрамасына қарсы ойнап, 3:0 есебімен есе жіберген болса, Румыния футболшылары да өткен турда ұпай жоғалтты. Черногорияда өткен матчта румыниялықтар 0:1 есебімен жеңілген.

Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) рейтингінде футболшыларымыз тамыз айындағы жағдаймен салыстырғанда 21 саты төмендеп, 126 орынға тұрақтады. Ал Румыния құрамасы 41 орында келеді.

Өткен апта құрама бас бапкері Александр Бородюк аталған ойынға шақырылған футболшылардың тізімін жариялады: 

Қақпашылар: Давид Лория («Ертіс»), Стас Покатилов («Қайрат»), Александр Мокин («Астана»), Игорь Шацкий («Шахтер»);

Қорғаушылар: Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Абзал Бейсебеков (барлығы – «Астана»), Гафуржан Сүйімбаев, Елдос Ахметов (екеуі де – «Қайрат»), Темірлан Ерланов («Ордабасы»), Александр Марочкин («Оқжетпес»), Виктор Дмитренко («Шахтер»), Дмитрий Мирошниченко («Тобыл»);

Жартылай қорғаушылар: Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, (екеуі де – «Қайрат»), Серікжан Мужиков, Асхат Тағыберген (екеуі де – «Астана»), Еркебұлан Тұңғышбаев, Азат Нұрғалиев (екеуі де – «Ордабасы»), Мақсат Байжанов («Қайсар»), Аслан Дарабаев («Ертіс»);

Шабуылшылар: Роман Мұртазаев («Астана»), Таңат Нөсербаев («Ордабасы»), Алексей Щеткин («Тобыл»), Сергей Хижниченко («Шахтер»).