Ұлттық валютаның орта мерзімді перспективадағы бағамын айқындайтын жағымды іргелі факторларға қарамастан, валюта нарығында құбылмалылық сақталуда. Бұл үрдістің себептері мен басқа да көптеген мәселелер жайында ҚРҰБ Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығында (КОжҚСО) өткен мерзімді баспасөз және телевизиялық БАҚ бас редакторларымен кездесу барысында Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді.
Екі жыл бұрын Ұлттық Банктің басшысы лауазымына кіріскен кезде Данияр Ақышев «ақпараттық ашықтық» саясатын реттеуші жұмысының негізгі қағидаттарының бірі ретінде атап өтті. Оның пікірінше, қаржы нарығына кәсіби қатысушылармен, БАҚ-пен және халықпен адал әрі толыққанды ақпарат алмасқан жағдайда ғана реттеушіге деген сенім арта түседі. Ұлттық Банк басшысы реттеуші саясатын алдын ала болжау нарықтардың тиімді жұмыс істеуінің және қатысушыларының болашақта сенімді болуының кепілі болып табылатынын бірнеше рет атап өтті.
Жоғарыда айтылған қағидатқа толық сәйкестікпен Данияр Ақышев жетекші БАҚ басшыларын кездесуге шақырды, кездесу Ұлттық Банктің режімдік объектісі – еліміздің алтын қорының негізгі бөлігі сақталған орын – КОжҚСО-да өтті. Осында, зіл батпан есіктің арғы бетінде басылған, бірақ әлі айналысқа шығарылмаған резервтік банкноттар сақтаулы және осы жерде қағаз ақша өзінің қолданылуын тоқтатады: айналыстан алынған олар мықты шредерден өтіп, төлем құралынан түрлі-түсті қағаз қиқымына айналады.
Данияр Ақышев кездесуге қатысушыларға мерзімді баспасөзді оқитындар мен телекөрермендерді толғандыратын бірде-бір сұрақ жауапсыз қалмайтындай, Ұлттық Банктің құзыретіне кіретін барлық тақырыптар аясы бойынша брифинг өткізуді ұсынды.
Бір жарым сағатқа созылған сұрақтар мен жауаптар сессиясы қазақстандықтарды көп толғандыратын тақырыптардың бірі: теңгенің Ресей рубліне қатысты бағамының төмендеуін талқылаудан басталды.
– Қыркүйекте теңгенің Ресей рубліне қатысты бағамы 5,94 болып, рекорд орнатты. Бұл үрдісті қалай түсіндіресіз, әлде бұл жаңа тепе-теңдік пе? Теңге рубльге қатысты 5-5,5 болған тепе-теңдікке орала ала ма?
– Теңгенің бағамы өзгермелі, негізінен ол Ұлттық Банктің валюта нарығына қатысуынсыз қалыптасады. Қазіргі кезде қалыптасқан рубльдің теңгеге қатысты туындаған бағамы – бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы сыртқы экономикалық қатынастардың даму ерекшеліктерінің көрінісі. Теңге құнының рубльге қатысты әлсіреуі Ресей рубліне деген сұраныстың жоғары екенін білдіреді, ол АҚШ долларына деген сұраныс арқылы жанама іске асырылады. Соңғы кезде Ресейден келетін импорттың өскенін байқап отырмыз, соның нәтижесінде Ресей рубліне деген сұраныс та өсуде. Ахуал ағымдағы сыртқы экономикалық үрдістерді көрсетеді. Мен қандай да бір тепе-теңдік туралы айтпаған болар едім. Рубль немесе теңге арасындағы тепе-теңдік таргеттелмейді, яғни Ұлттық Банк оны белгілемейді. Сондықтан ахуал екі ел арасында орын алған сыртқы экономикалық өлшемдермен айқындалады. Бірінші кезекте Ресей мен Қазақстан арасындағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты және импорты. Айырбастау бағамы – төлем балансы көрсеткіштерінің негізінде қалыптасатын, шетел валютасына деген сұраныс пен ұсынысқа ғана байланысты индикатор, өлшем. Төлем балансы – бұл Қазақстан мен басқа елдер арасындағы барлық шетел валютасы ағындарының балансы және тиісінше, егер бұл баланс теріс болып, валютаның әкетілуі әкелінуіне қарағанда теріс болса, нәтиже де сондай болады. Теңгенің деңгейі валюта биржасындағы Ұлттық Банктің нақты күндегі ұстанымымен емес, бірінші кезекте осы факторлар арқылы айқындалады.
– Алдыңғы екі көлемді түзету мұнай бағасының шектен тыс құлдырауы кезінде болды. Халық мұнайдың негізгі экспорт тауары екендігін, бағасы түссе валюталық кірістердің де түсетінін белгілі бір дәрежеде қабылдап, түсінді. Жаздың ортасынан бері мұнай бағасы орнықты өсуде, сонымен бірге Қашағандағы өндіру көлемі де ұлғаюда. Экспорттың 55%-ын мұнай құрайтынын ескерсек, валюталық түсім күн өткен сайын өсуде. Мұнай бағасының өсіп, Қашағандағы өндіру көлемінің өскеніне қарамастан, теңгенің әлсіреуін қалай түсіндіріп берер едіңіз?
– Валюталық түсім ұлғаюда, бірақ оның барлығы, өкінішке орай, валюта нарығына түспейді. Бізде ырықты валюталық режім, валюталық түсім тауарды сату кезінде репатриацияланбайды. Девальвациялық күтулер кезінде экспорттаушылар валютаны ұстай тұрып, оны сатпауына болады. Валюталық ырықтандырудың жағдайы тұрақсыз. Бұл, бір жағынан, инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. Екінші жағынан, валюта нарығында түсімді толық алмауға әкеледі. 25 компанияның валюталық түсімі бізде биржада сатылатын бүкіл валюталық түсімнің 75%-ын жинақтайды. Бұл компаниялар – мұнай және кен-металлургия секторының көшбасшылары. 2013 жылы бұл компаниялар биржада 40 млрд доллар, ал 2016 жылы 10 млрд доллар сатты. Экспорттаушылардың кірісі төмендегені көрініп тұр, себебі әлемдік бағаның құлдырауы нәтижесінде олардың тауарларының бағасы да түсті. Түсімнің қандай да бір бөлігін олар елге әкелмей, биржада сатпаған да болуы керек.
Сіздің бақылауыңыздың дұрыс екені сөзсіз және валюталық түсімге қатысты жағдайды реттеу қажет деп санаймын. Бізде мұнайды өндірудің ұлғайғаны байқалғанымен, ішкі нарықта валюталық түсімнің ұсынысы әрдайым бола бермейді. Сондықтан да Ұлттық Банк пен фискалдық органдардың жұмысын үйлестірген маңызды. Бізде екі жылдан аса уақытқа созылған, импорттың ақысы төленген, бірақ тауары әлі келіп түспеген не экспорт жеткізілгенімен, ақшасы әлі түспеген келісімшарттар бар. Екі жылдан аса уақытқа созылған келісімшарттар бойынша шетелдегі соманы біз 4-8 млрд АҚШ доллары мөлшерінде бағалап отырмыз.
– Ұлттық Банк валюта нарығындағы ахуалға араласпайтынын айтып отыр. Алайда, шілде және тамыз айларында Ұлттық Банк валюта сатушысы ретінде болды. Бұл жағдайдың өте сирек орын алатынын және қандай да бір шегінің бар-жоғын білгім келеді. Мұндай өктемдіктер қаншалықты жиі болады?
– Шынында, нетто-өктемдіктердің көлемі маусымда 100 млн долларға, тамызда 70 млн долларға жуық болды. Маусымдағы және тамыздағы бір айдағы сауда-саттық көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асады, тиісінше Ұлттық Банктің тарапынан өктемдік көлемі аз ғана.
Ұлттық Банктің өктемдіктері қандай да болсын нақты уақыттағы бағамға әсер етеді. Халық, кәсіпорындар және банктер де сенетін девальвациялық күтулер туындайтын жағдайлар болады. Бұл кезде нарықта шетел валютасын сатушылар жоқ болып, бірақ, мысалы, өзінің импорттық келісімшарттарына қызмет көрсетілетін, айырбастау пункттеріне валюта сату қажет болатын 10 сатып алушы бар жағдай орын алуы мүмкін. Ал осы уақытта валютаға ұсыныс нөлге тең. Осындай жағдайларда кез келген бағам болуы мүмкін. Себебі, валюта биржасындағы сауда-саттық қағидалары негізінде бағам нақты мәміленің орташа алынған бағасына қатысты қалыптастырылады. Егер валютаға ұсыныс шектелген болса, валютаны сатып алғысы келетіндер бағаны көтере бастайды. Осы жағдайларда бізде араласу құқығы болады. Әдетте осындай жағдайлар сирек, не айтарлықтай шиеленіскен, не сыртқы нарықтағы өлшемдер өзгерген кезеңде болады. Өктемдіктің қашан және қандай мөлшерде болуы мүмкін екенін есептеп шығара алатын ешқандай нақты математика және айқын формула жоқ және болуы мүмкін емес. Еркін өзгермелі бағам жағдайында осыған уақыт жұмсау қажет емес деп санаймыз. Бағам өлшем өзгермеген кезде өзі қалыптасуға тиіс: мысалы, нарықта 10 валюта сатушы және 10 сатып алушы болған кезде. Ал стрестік жағдай болған кезде, Ұлттық Банктің сауда-саттыққа араласуға құқығы болады. Бірақ, егер теңге бағамының өзгеруі бойынша орнықты үрдісін көретін болсақ, біз оған кедергі жасамаймыз.
– Криптовалюта. «Иә» немесе «жоқ»? Қазақстанда криптовалютаны қалай қабылдайды? Ұлттық Банктің осы нарықты реттеу бойынша пайымы бар ма?
– Қазақстанда криптовалюталарды реттеу, не шектеу мәселелері қосымша зерделеуді талап етеді. Ұлттық Банкте криптовалюталарды зерделеумен және оларды Қазақстанда пайдалану мүмкіндігі мәселесімен бірнеше департамент айналысады. Қазір осы нарықта болатын процестерді кеңінен бағалауға әлі ерте. Осы кезеңде біз белсенді ойыншыға қарағанда, бақылаушы ретінде боламыз. Біріншіден, мынаны түсіну керек: криптовалютаны шектеу, не реттеу үшін, осындай шектеулерді басқару тетігінің бар-жоғын білу қажет. Мысалы, егер сіз шетелдегі қаржы пирамидасының қатысушысы болсаңыз, Ұлттық Банкте сізге әсер етудің ешқандай тетігі жоқ, ал Қазақстанда бұл мәселені реттеп, басқара аламыз.
Осы жылдың көктемінің соңынан бастап Ұлттық Банк іске асырып отырған әріптес банктер арқылы халыққа өлшеуіш алтын құймаларды сату бағдарламасы журналистердің үлкен қызығушылығын туғызды.
– Алтын құймаларын сату қарқынын ескере отырып, тәжірибе табысты өтті деп санаймыз, – деп атап өтті елдің бас банкирі. – Бізде бір жүз грамдық алтын құймалар сатылады, олардың біреуінің құны 1 млн теңге – бұл халық үшін барынша қымбат өнім. Осы фактіге қарамастан, осындай номинал аса танымал болып отыр. Бағдарлама іске қосылған кезден, ағымдағы жылдың 31 мамырынан бастап, біз 900-ге жуық құйма саттық. Бұл шамамен 24−25 кило алтын. Осы бағдарламаның табысты болуы – бұл құймаларды Ұлттық Банктен ғана емес, банктерден сатып алуға болатынында деп ойлаймын. Бұл қолжетімді. Сонымен қатар алтын – бұл өтімді актив. Сіз банкке келіп оған алтын құймасын кез келген сәтте орауының бүтін болуы шартымен сата аласыз. Астана мен Алматыға қарағанда құймалар көбірек қызықтырып отырған өңірлер бар. Өскеменде сұраныстың айтарлықтай өсу қарқынын байқап отырмыз. Бұл ең алдымен, осы өңірде өнеркәсіп кәсіпорындарының өте көп екенімен түсіндіріледі. Халық өзінің жұмыс ерекшелігіне байланысты бағалы металдарды көбірек түсінеді. Бірақ сұраныстың негізгі бөлігі он грамдық құймалар есебінен қалыптасады, – деп толықтырды Данияр Ақышев.
Ұлттық Банктің басшысы алтын туралы әңгімеден оны көрсетуге көшті. Көп тонналы есік ашылғаннан кейін журналистер бағалы металдар толтырылған бункерлерді көрді. Құймалар мен пластиналар біз қиялдағандай, төбеге дейін бірінің үстіне бірі, үш қатардан аспайтындай етіп қойылған. Алтын – жұмсақ металл және сақтықпен қарауды талап етеді. Елдің «алтын жүрегіне» экскурсия – бұрын-соңды болып көрмеген қадам. Сенімді қауіпсіздік деңгейі бар режімдік объект. ҚР алтын қорының үлкен бөлігі дәл осы жерде сақталады. Алтын, платина, бүкіл көлемнің 60 пайызына жуығы. Журналистер жадында 40 тонна бағалы металды сақтап қалды, Қазақстан қорын ұстап және иіскеп көрді. Көп болған соң алтынның да иісі болады екен. Ал жаңадан шығарылған, шытырлаған банкноттардың иісі қандай болады екен… Сырт көзбен қарағанда шап-шағын құйманың салмағы 12,4 кило, ал оны көтеруге ер адамдардың ғана күші жетті. Ал «алтын саяхатымыздың» нәзік жандарының естелікке суретке түсулері үшін құны 185 млн теңге тұратын құйманы ақырындап көтеріп ұстатты. Айналымға әлі енгізілмеген қолма-қол ақшамен танысудың да кезегі жетті. Айта кетсек, жиырма мыңдық ақшаның бір метрі 13 млрд теңге болады екен. Жаңадан басылған банкноттар сақталатын бөлмеден кейін БАҚ және Ұлттық Банк өкілдерінен тұратын делегация зертханаға аяқ басты. Орталықтың қоймасына түсетін бағалы металдар нақ осы жерде жан-жақты, мұқият сараптамадан өтеді. Зертхананың қызметкерлері әр металдың өзінің айрықша ерекшеліктері бар екенін айтты. Яғни, кез келген бұйымды арнайы аппаратқа орналастырып, бір минуттан кейін оның сапасы мен құрамын білуге болады. Журналистер мұндай мүмкіндікті бос жібермей, аппаратқа өздерінің неке жүзіктері мен басқа әшекейлерін тексеруге кірісті.
Экскурсиямыздың соңғы, біршама көңілсіздеу сатысы банкноттарды жоятын бөлмеге келдік. Бұл жерде біз ақша ғұмырының қалайша аяқталатынының куәсі болдық. Машина салынған қағаз ақшаны аяусыз турап, шыққан «қалдықты» нығыздап тастады. Алайда, мұқият қарасаңыз, бастырылған қағаздың құрамына қандай номиналды ақшаның кіргенін байқауға болады. Банкноттарды жоюшылар осы бөліктерден құрақтап толыққанды ақшаны жинауға бола ма деген журналистердің сауалына тек күлді де қойды – ұсақтап туралған қалдық бұған ешқандай мүмкіндік қалдырмайды. Экскурсияға қатысушылардың әрқайсысы кеше ғана ақша болған 300 грамдық кәдесыйлық брикетті редакцияға ала кетті.
Тақырыпқа орай:
– Қазіргі уақытта сыртқы нарықтарда жағдай қолайлы болып отыр. Мұнай бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ доллар жоғары деңгейде қалыптасты. Оң фактор ретінде сауда әріптес елдер Ресей мен Қытай экономикасының оң өсуі және тұрақты дамуы атап өтілді.
– Қазақстанның экономикасы 3 жылдық баяулаудан кейін өсу көрсетіп отыр. Бірінші жартыжылдықтың ішінде ІЖӨ нақты көрсеткіште 4,2%-ға ұлғайды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экономикалық өсу қарқыны 2017 жылы 3%-ға жуық болады.
– Ағымдағы жылдың 8 айы ішінде өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі 5,4%-бен салыстырғанда инфляция 3,9%-ға дейін баяулауын жалғастыруда. Тамыздың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7%-ға дейін төмендеді (2016 жылғы желтоқсанда – 8,5%) және 2017 жылға арналған 6-8%-дық нысаналы дәліздің ортасында тұр. 2018 жылы да біз инфляция 5-7% нысаналы дәліздің ортасында болады деп күтеміз.
– Халықтың алдағы уақытта бағаның өсуін күтуі тұрақты деңгейде тұр. Бір жылға бұрын инфляциялық күтулердің сандық бағалауы соңғы пікіртерімдердің нәтижелері бойынша 6,5%-ды құрады. Сол себепті ағымдағы жылдың басынан бастап Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені біртіндеп азайта отырып, ақша-кредит талаптарын жеңілдетуді жалғастыруда. 21 тамызда ол 10,25%-ға дейін 0,25%-ға төмендеді.
– Ұлттық валютаның орта мерзімді перспективадағы бағамын айқындайтын оң іргелі факторларға қарамастан, валюта нарығында құбылмалылық сақталып отыр. Девальвациялық күтулермен күшейтілген шетел валютасына артық сұраныстың нәтижесінде теңге 14 қыркүйектегі жағдай бойынша бір доллар үшін 337 теңгеге дейін – 0,3%-ға әлсіреді. Жыл басынан бері 1,4%-ға әлсіреу байқалады.
– Ұлттық Банктің болжамы бойынша теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы, егер мұнай бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ долларынан аз төмендемесе, ал Ресей рублінің бағамы бір АҚШ доллары үшін 59-60 рубльден аспайтын болса, ағымдағы деңгейлерде сақталады.
– Алдын ала деректер бойынша, елдің алтын-валюта резервтерінің өсуі сегіз ай ішінде 11,6%-ды, 32,9 млрд АҚШ долларын құрады. Елдің халықаралық резервтерінің жалпы сомасы 2017 жылғы тамызда Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, 58 млрд АҚШ долларына жуық болып, 91 млрд АҚШ долларына немесе ІЖӨ-нің 61%-на жетті.
Дина УСТИНЕНКО