Жоғарыда айтқанымыздай, табиғаты әсем Түлкібасыңызды да көпшілік «екінші Швейцария» деп атайды. Қазіргі таңда аудан туризмді дамытуға аса ден қойған. Туристерге қызмет көрсету мақсатында салынған қонақүйлер көбейіп, 2 қонақ қабылдау үйі, 2 шипажай, 17 демалыс аймағы, жалпы 30 орналастыру орны жұмыс істеуде. Туристерді тарту үшін демалыс орындары заманауи, барлық талаптарға сәйкес болуы тиіс. Жақында ғана ашылған аудандағы Керейт ауылындағы жалпы құны 1 млрд 200 млн теңгелік отбасылық демалыс кешенін салушылар осы жайтты ескерген.
Орталық бір мезетте 1000 адамды қабылдай алады. Бұл – өте сәтті жоба деуге болады. Керейт ауылы тау етегінде орналасқан. Әрқашан ауылдағы тал-теректерді самал тербеп тұрады. Жазғы қапырықта таптырмайтын мекен. Демалыс аймағына келушілер саны күн сайын өсе түсуде. Шетелдік қонағыңыздың тегіс жолды, сапалы қызметті қалайтыны мәлім. Бұл орайда, Түлкібас ауданының Ұлы Жібек жолына орналасқандығы септігін тигізуде. Аудан осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға талпынуда. Ол үшін күре жол бойында орналасқан Жабағылы ауылында 70 адамға арналған «Жайлау» емдеу-сауықтыру орталығы мен халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы бойынан жолаушыларға арналған сервистік қызмет көрсету орталығын ашу жоспарлануда.
Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық – Ақсу-Жабағылының орны бөлек. Жазықтар мен алаңқайлар биік шыңды тауларға алмасып, жартасты шатқалдармен қиылысатын, өзендері терең шатқалдарға құйылып, сарқырамалар түзейтін, түпсіз көгілдір мұздай тау көлдерінде аспан айнадай шағылысатын қорық ландшафтысы көркем және тылсым. Америкадағы атақты Колорадо тауларының шатқалынан кейінгі екінші орындағы Ақсу шатқалының ұзындығы 18 шақырым, тереңдігі 500-600 метр, ені жарты шақырымға жетеді. Мыңдаған жылдардан бері маңғаздана мұнартып көрінер керемет аршалары, жабайы алмалары – айрықша әлем. Оларды Сиверс алмасы деп атайды. Ғылыми түрде. Ал шынтуайтында, мамандардың мәлімдеуінше, Ақсудың алмалары. Ақсу өзенінің арналарын қуалай өседі.
Алма демекші, Түлкібас ауданы да Алматы секілді ел арасында алмасымен танымал. Кеңес Одағы ыдыраған тұста аудандағы алма баулар қараусыз қалып, талан-таражға түскен еді. Бұл олқылық соңғы 5 жылда реттелді. Аудан тұрғындары бұрын көзден бұл-бұл ұшып бара жатқан дәмі тіл үйіретін жергілікті алманы қайта тапты. Бүгінде ауданда 3077 гектар бау алқабы болса, оның ішінде қарқынды бау көлемі – 230 гектар. Биыл 356 гектар жерге алма ағаштары отырғызылған, оның 115 гектары қарқынды бау болмақ. Қарқынды бау талабына сәйкес, 1 гектарға 2000-2500 дана аласа бойлы көшет отырғызылады. Көшет санына қарай әрбір гектардан 80-100 тоннаға дейін өнім алынады. Қарқынды бау өнімді 3 жылдан кейін бере бастап, 20 жылға дейін жеміс береді. Алдағы уақытта Түлкібаста қарқынды баулар аумағы ұлғайып, экспорт көлемі артпақ. Жас әрі іскер басшы Нұрбол Тұрашбеков тізгін ұстаған Түлкібас ауданында осындай оң бастамалар аз емес.
Осындай табиғи мүмкіндіктері мол Түлкібас туризм мен өз аумағы арқылы өткізілетін транзиттік жүктерден көп пайда табатын, жылына 13 миллиондай турист демалатын Швейцариямен әзірге шендесе алмас, дегенмен талпынуда. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайтынын» айтты. Яғни сананың ашықтығы қажет. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» делінген бағдарламалық мақалада. Басқалардың озық жетістіктерін қабылдай отыра, үлгі ала деңгейлесуге, озуға ұмтылу қолдарлық қасиет. Жалпы елімізде туризмді, кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалуда. «Мәңгілік Ел» идеясының мұраты – қазақ елін озық отыздың ортасына қосу. Елбасы сол биікке жету жолындағы жұмыстарды жүйелеп берді. Айқындалған міндеттер іске асырылып, мақсат орындалса, көпшілік теңей айтатын «екінші» деген «анықтамадан» арыларымыз анық.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»