Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО-2017 қонақтарының лебізі топтасқан кітап жарыққа шықты

366 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесінің құрметті қонақ­тары қалдырған жазбалар топ­тас­қан кітап жарыққа шықты.  

 

 

ЭКСПО-2017 қонақтарының лебізі топтасқан кітап жарыққа шықты

Жинақты Қазақстан мен оның экономикасына деген әлем елдерінің қызығу­шы­лы­ғын көр­сететін тарихи құжат ре­тінде баға­лауға болады.
Халықаралық шараға қа­тыс­қан жо­ғары лауазымды тұл­ғалар қалдырған тілек пен алғыстар жаңа кітапқа арқау болды. Олардың көпшілігі ЭКСПО туралы жүрекжарды лебіздерімен және әсерлерімен бө­ліседі. Мысалы, БҰҰ Бас хат­шы­сының орынбаса­ры Джихан Суо­лтаноглу ЭКСПО-2017 сияқты бола­­шақ­тың энергиясына арналған үл­кен оқиғаның куәсі болғанына өзін бақытты сезінетінін айтыпты. «Көрмеде көрсетілген инновациялар Қазақстанға ғана емес, басқа мем­лекеттерге де пай­дасын ти­гізеді деп ойлаймын.

Се­бебі жаңғырмалы қолжетімді энер­­гия эко­номикадағы тұ­рақ­­тылықты қам­та­масыз ете ала­ды», дей келе Джихан Суол­та­ноглу «Нұр Әлем» павильоны­нан ерекше әсер ал­ға­нын жазған. «Қазақ­стан­ға бо­ла­шақ үшін маңызды са­ла­да ха­лық­аралық деңгейде қол­дау біл­ді­ріп жатқанына БҰҰ аты­нан ал­ғыс ай­тамын», деп түй­ін­дейді. 

Кітапқа енген тағы бір­не­ше адамның лебізін шолып көрсек. «ЭКСПО-2017 көр­­месінен ләззат алдым. Әсі­ре­се Қазақ­стан­ның ұлттық павильоны ерекше әсер етті. Сіздерге қонақжайлықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Мем­ле­кеттеріміз ара­сындағы се­рік­тестік дами береді де­ген се­нім­демін», дейді АҚШ энергетика министрінің орынбасары Дэн Бруйетт. Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өз тілегінде барлық қа­­зақ­­­стандықтарды көрменің сәт­­ті өтуі­­­мен құттықтапты. «Астананың за­­ма­­­науи инфра­құ­­­рылымына, ЭКСПО ғи­ма­ра­т­тарын салу ба­ры­сын­­да Түр­кияның жекеменшік компанияларының атсалысқанын мақ­­тан тұ­тамын. Бауырлас Қазақстан үл­­кен же­тіс­тіктерге же­тіп, қарыштап да­ми бе­ре­тініне сенімдімін», дейді Түркия президенті. 

Үндістанның қарулы күш­тер генералы Бипин Рават халықаралық маман­дан­ды­рыл­ған көрменің әлем эко­ло­гиясына, қоршаған ортаның та­­зал­ығына әсері тіптен орасан екеніне се­­німді. «Қазақстан ұйымдастырған ЭКСПО көр­месі әлем елдерін бала­ма­лы энер­гия көздерін зерттеуге ба­ғыт­­тай­тын, бо­лашақтың энер­гиясына назар аударуға итер­мелейтін бірден-бір шара. Расымен дәстүрлі энергия басқа ресурстармен алмастырылса, экология үшін де, экономика үшін де пайдалы болар еді», дейді Бипин Рават. 

ЭКСПО алаңында көр­ме­ге қатыс­қан мемлекет­тер мен ұйымдар өзде­рі­­нің тех­ноло­гиялық және ғы­­лы­ми жа­­ңа­лықтарын таныс­тыр­ғаны белгілі. Еуразиялық эко­но­микалық одақтың Еура­зия­лық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тиг­ран Сарки­сянның айтуынша, көрмеде таныстырылған инно­вациялық зерттеулер мен же­тістіктер осымен тоқтап қал­май, әрі қарай да тиімді пайда­ланылуы керек. «Сондай-ақ ЭКСПО алаңындағы ерекше сәу­­лет кешені де технология мен иннова­ция орталығына ай­налсын. ЭКСПО-ны ұйым­дас­тырушыларға алғыс біл­діремін», дейді Тигран Саркисян. 

ЭКСПО көрмесінің тарихында ал­ғаш рет көмірсутегі шикізатына бай Орталық Азия мемлекеттерінің іші­нен Қазақстан жасыл энергияға ар­нал­­ған көрме өткізді. Көрме барысын­да еліміздің экономикалық даму те­тігі ретінде карбонатсыз энергияға ба­сым­дық бергені де ескерусіз қалмады. 93 күнге созылған көрмеге 110 жоғары лау­а­зымды қонақ келген. Оның ішінде 19 мемлекет басшысы, 16 премьер-министр мен орынбасарлары, 11 парламент бас­шысы мен орынбасарлары болды. Ал көр­ме тақырыбы танымал экономист-ғалымдарға, энерге­тика са­ласының ма­мандары мен футу­ро­лог­тарға зор қы­зығушылық тудырса, «Болашақтың энер­гиясы» форумына 300-ден астам шетелдік сарапшы қатысты.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»