Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2017

Алматыда «Латын әліпбиі: рухани тәуелсіздік жолы» атты шара өтті

627 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде «Латын әліпбиі: рухани тәуелсіздік жолы» атты іс-шара өтті. 

Алматыда «Латын әліпбиі: рухани тәуелсіздік жолы» атты шара өтті

«Мемлекеттік тіл – менің болашағым» ақпараттық насихаттау шарасы аясында танымдық үлгідегі сту­дент­­тер арасындағы өзара ой қозғаған, пікір бөліскен қызықты кеш болды. Кешті жоғары оқу орны­ның Этикалық кеңесінің төрайымы, профессор Жанар Мұстафина кіріспе сөзбен ашты. Биылғы оқу жылын­дағы студенттерге ерекше жылылық сыйлаған, көңілді тер­­беткен сөз болды. «Ежелгі тілдер жайлы әңгіме қоз­ғал­ғанда, ең алдымен ескі латын мен грек тілдері ке­леді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» мақаласын оқып, жақсы әсер алдым. Елбасы өз ойларын түйіндеп, әңгімені ұлттық сана­дан бастайды.

Негізінен ұлттық санаға әсер ететін қуатты күш ана тілінен бастау алады. Тілімізді латын әліпбиіне көшіру мәселесін халық талқысына ұсынуы мен үшін де шат-шадыман сәт деп білемін. Латын әліпбиі ел болашағы жолындағы жарқын сәттеріміздің арайлы кезеңдерінің көрінісі ретінде ерекшеленетін кез болып қала берсе керек. Бүгінгі жастар, мына сіздер үшін ғылыми инновация кезінде латын әріптерін оқып, жаза алатын дәуірдің ашылғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мұның өзі ертеңге деген үлкен сенім, жастарға беріліп отырған үл­кен мүмкіндік. Латынша жаза алатын ертеңгі дәрігер толық­қанды маман деп білемін. Адамдық фактордың ұлы өз­герістерінің бірі деп сезінемін», деді Ж.Мұстафина.

Өз кезегінде «Халық­аралық терминдерді латын әліпбиімен жазу» мәселелері жөнінде Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті Төлеубек Зайсанбаев айтып берді. 

Сонымен қатар ол Елбасы мақаласында айтылған латын әліпбиіне көшу мәселесі және «Туған жер» бағдарламасын қабылдау жөніндегі ұсынысының айрықша маңыздылығына тоқталып өтті. «Латын әліпбиі: ар­тық­шылығы және басым бағыттары» жайында тар­тымды әңгімелер айтқан «Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі» кафедрасының оқытушысы Назым Төлеева­ның әңгімесін жастар ұйып тыңдады. Латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екенін білдіреді. Жастардың оқуына тың серпін беретінін аңғартқан ерекше құбылыстың барын сезінген стоматология факультетінің деканы ме­дицина ғылымдарының кандидаты, доцент Бақанай Аман­таев кешті орнықты ойлармен қорытындылады.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ