Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2017

Түркілерге ортақ тарих кітабы мақұлданды

673 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркі Академиясы XV ғасырға дейінгі «Ортақ түркі тарихы» оқулығының соңғы жобасын талқылаған сарапшылар жиынының қорытындысын өткізді. 

Түркілерге ортақ тарих кітабы мақұлданды

Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің төрағалығымен өткен жиында «Ортақ түркі тарихы» мақұлданды. Арнайы жұмыс тобына кірген мамандар Академияда 3 күн бойы оқулықтың жобасын жан-жақты талқылап, қажетті түзетулер енгізіп, мазмұнын толықтырды. Сарапшылар Түркі тілдес мемлекеттердің Білім министрлерінің IV жиынында қабылданған шешімдерді негізге алды.

Отырыста Дархан Қыдырәлі түркі халықтарына жаңа тарих кітабын жасауға ат салысқан сарапшыларға алғысын білдірді.

«Бүгінгі отырыста іргелі мәселені орындадық. Үш күндік жұмыс барысында Академияға мүше елдерден келген өкілдер кітаптың әрбір сөзін талқылап, ортақ кітап жасап шықты», ‒ деді Академия президенті Д.Қыдырәлі.

Ежелгі түркі халықтарының XV ғасырға дейінгі тарихын қамтыған оқулық 7 бөлімнен тұрады. Онда түбі бір түркі халықтарының егжей-тегжейлі тарихы қамтылған. Жаңа тарих кітабы 8-сынып оқушыларына оқытылмақ. Оқулықтың жобасы 2018 жылы Қырғызстанда өтетін Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының VI Саммитінде ұсынылады.

Айта кету керек, талқылауға Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркияның Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, Түркі кеңесі мен Халықаралық Түркі академиясының сарапшылары, сондай-ақ тарихшы ғалымдар қатысты.

Жұмыс тобы талқылаудың қорытындысы бойынша арнайы Хаттама қабылдады. Жиынға қатысушылар Түркі Академиясының жұмысын жоғары бағалады.