Футбол • 27 Қыркүйек, 2017

Евгений Постников: Ертең гол жібермеуге тырысамыз

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» командасының қорғаушысы Евгений Постников Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі «Славия» командасына қарсы ойын алдында пікір білдірді.

Евгений Постников: Ертең гол жібермеуге тырысамыз

– Ертең жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймыз. «Славияның» деңгейін де жақсы білеміз, қанша дегенмен Еуропада өнер көрсетіп жүрген команда. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.

– Осыған дейін еурокубоктық матчтарда кездескен командалардың ішінде «Славия» қайсысына ұқсайды деп ойлайсыз?

– Шынымды айтсам, нақты бір командаға теңей алмаймын. Испанияда біз қысқа әрі пастарға сенім артсақ, бұл жолы бізді басқа ойын күтіп тұр. Шабуыл шебінде жылдам ойнайтын футболшылары да аз емес. Сондықтан әр команданың өзіндік стилі, өз тактикасы бар.

– Қорғаушы ретінде қарсыластарыңыздың біріне жауапты етіп қойды ма? Кімнен қауіп күтуге болады? Данни мен Томаш Нецидке қарсы ойнау қаншалықты қиын болуы мүмкін?

– «Славияда» мықты ойыншылардан жиналған. Кейбірін Ресейде жүргенімде көрдім. Томаш Нецид ЦСКА-да жүргенде, Данни «Зениттің» намысын қорғап жүрген болатын. Ал мен ол кезде «Динамоның» жастарында жүрдім. Бапкерім нақты біреуге жауапты етіп қоймады. Біз командалық ойынға көбірек сенім артамыз. Томаш Нецид жылдам, көбірек ойлануға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, «Славияның» өзге де ойындарын көрдім. Біз жұмылған жұдырықтай өнер көрсету үшін барымызды салатын боламыз.

– Томаш Нецидтен бөлек тағы кімнен қауіп күтесіз?

– «Славияда» талантты жігіттер жетерлік. Сондықтан бүкіл командадан қауіп күтуге болады. Олар шабуылға да, қорғанысқа да бірдей араласады. Бәрі ұйымшыл.  

– «Таразға» әдемі гол соғып, жанкүйерлеріңізді қуантқан едіңіз. Ертең де сізден осындай голдардың бірін күтеміз.

– Соққым-ақ келеді. Әрине, қолымнан келсе, мүмкіндігім болса, қайталаудан тайынбаймын (күлді). Көптен бері соқпап едім, чемпионаттағы алғашқы голым. Мен үшін әрбір соққан добым маңызды.

– Жасанды алаң туралы «Славия» ойыншылары да ойланып жүрген болар. Бұл «Астанаға» басымдық береді деп ойлайсыз ба?

– Бұл үлкен басымдық деп айта алмас едім. Әрине, біз күнде жаттығып жүргенннен кейін бізге оңайырақ болады. Ал «Славияға» аздап қиындау болуы мүмкін. Алайда, бұл футболдың бір бөлігі. Дегенмен, айтарлықтай кедергі келтіреді деп ойламаймын.

– «Астана» чемпионатта соңғы 11 ойында бір гол ғана жіберді. Ал еурокубоктың әр кездесуінде голсыз аяқталған емес.

– Біз әр ойында гол жібермеуге тырысамыз. Бірақ бұл ойымыз ылғи да жүзеге аса бермейді. Қорғаушы болғандықтан гол жіберген бізге де ыңғайсыз. Ішкі біріншілікте бұл мүмкін болғанмен, Еуропа футболының деңгейі жоғары, болмашы қателігіміз голға айналады. Ертең қақпамызға гол жібермеуге тырысамыз.

– Чехияда қазір 22 градус жылы, ал «Астанада» күн салқын. Мұндай ауа райында футбол ойнау қиын емес пе?

– Кеше стадионның шатырын жапты. Сондықтан жылы болады. Бірақ маған күн ыстықта ойнағаннан осындай салқындау ауа райы ыңғайлы.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»