Оның жұмысына өңір жетекшілігі, құқық қорғау органдары, күш құрылымдарының өкілдері, тәрбиеші офицерлер, әскер ардагерлері мен жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары қатысқан болатын.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» көлемді бағдарламасын жүзеге асыру, құқықтық тәртіп әскерлерінің игі дәстүрлері мен тарихын сақтау мен келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында мұндай басқосулар зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен еліміздің әр аймағында өткізіліп келеді.
Елбасы өз мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Ол замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» екендігін нақты атап көрсетті.
«Құқықтық тәртіп әскерінің аяғынан тік тұрып, даму тарихы, оның өткені мен келешегі еліміздің тарихымен етене байланысты. Ұлттық ұланның тарихын мемлекетімізде тыныштықты сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы оның жауынгерлері жасайды. Ел өз батыры мен ержүрек ерлерін білуі қажет. Жас ұрпақ олардың ерлігі үлгісінде тәрбиеленіп, аға ұрпақтың игі дәстүрін лайықты жалғастыруы парыз. Осы орайда және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» көлемді жобасы аясында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бастамасымен біздің әскерде осындай тектес «Ұлттық ұланның 100 жаңа есімі» жобасын өткізу туралы шешім қабылданды», деді өз сөзінде генерал-майор Мұхаметқали Сатов.
Атап айту керек, аталған жоба Ұлттық ұланның әр әскери бөлімін қамтиды. Әскери бөлімшелер қолбасшылығы, әскер ардагерлері және әскери қоғамдық ұйымдар өкілдерінен тұратын комиссия құрамы лайықты деген үміткерлерді олардың сіңірген еңбектері, қызметтік-жауынгерлік әрекеттегі жетістіктері және мемлекеттік наградалардың иелік етуіне қарай бағалайды.
100 жаңа есім жобасы алғашқыда әр әскери бөлімде, кейін өңірлік қолбасшылық деңгейінде, тек содан барып Ұлттық ұлан көлемінде іріктеледі. Жобаның жемісті нәтижесі ретінде Ұлттық ұланның жаңа есімдерінің өмірі мен тарихы туралы арнайы кітап жарыққа шықпақ. Сондай-ақ, жаңа есімдер жайлы мәліметтер ведомствоның ресми сайтында да орналастырылады. Жоба 2018 жылдың маусым айына дейін жалғасатын болады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»