Медицина • 28 Қыркүйек, 2017

Медициналық сақтандыру: оның тиімділігі неде?

60 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік банк жүргізген зерт­теу­лерді зерделесек, Қазақ­стан аза­мат­тарының түрлі ме­ди­­ци­на­лы­қ қызметтер үшін қал­та­сынан шыға­ратын қара­жаты­ның көлемі 38 па­йыз­дан асып жығылады екен. Ал Эко­­но­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) ел­дерін­­де бұл көрсеткіш 20 па­йыз­­­ға да жетпейді. Бүгінгі таңда ЭЫДҰ-ға мүше 35 елдің 19-ы ме­ди­­ци­на­лық сақтандыру жүйе­сін қол­да­на­ды. Олардың дені мем­ле­кет бақы­лауындағы медици­на­лық сақ­тан­дыру жүйесін басшы­лық­­қа ал­ған. Жалпы денсау­лық са­л­асы­на қай елдің бөлетін қара­жа­тын қара­са­ңыз да айдарынан жел ес­кен мем­лекетті көруіңіз екіталай. ІЖӨ-нің 8-15 пайы­зын ден­сау­лыққа жұм­сай­тын алпауыт АҚШ-тың өзін­де 40,4 млн адам қа­ра­пайым медици­налық көмекке зәру. 

Медициналық сақтандыру: оның тиімділігі неде?

Денсаулық сақтау меке­ме­лерінде аза­маттар үшін меди­циналық қызмет түр­лері қол­жетімділігінің әр елде әрқа­лай болуы­ның тарихи және әлеуметтік қыр­лары­мен қатар, сол елдің экономикалық әлеуе­тіне және мемлекет ұстанған саясат­қа тікелей тәуелділігі бар. Мәселен, кеңес­тік кеңіс­тікте медициналық қызмет­тің жал­пы­ға бірдей теңгерімділігі болға­ны­мен емдеу орындарының көп ретте база­лары әлсіз, озық технологияларды қол­дан­­бақ түгіл қарапайым құралдармен жаб­­­дық­­талуы еш сын көтер­мейтін. Тозы­ғы жеткен ауру­ханаларда айлап жата­тын емделушілерге жасалатын ем-дом шара­лары тар көлемді қамтыды. Ал Қазақ­стан на­рық­тық экономикаға бет бұр­ған­­да елімізде бұрынғы тарихи жад бойын­ша кепілді тегін медициналық көмек (КТМК) жалпыға бірдей бағытын сақ­тады. Алайда КТМК қанша тегін дегенмен, жұрт­шылықтың ден­саулыққа қатысты қалтасы­нан шығарар қаражаты 2011 жылғы 31 па­йыздан 2015 жылы 39 пайызға дейін өсті. Ал Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы егер пациент төлейтін ақша мөлшері 20 пайыздан асса, оны «апатты шығынға» ба­лап, адамдарды кедейлікке алып баратын жолдың бірі деп есеп­тейді.

Еліміз медициналық қызмет көр­сетуге өзге­ріс енгізуде қоғамдық сақ­тан­­дыру жү­йесін таңдады. Оның бас­ты артықшы­лығы – баршаға тең мүм­кін­діктің берілуі. Мұн­да жарнаны әркім мүм­кіндігіне қа­рай төлейді. Ал меди­ци­налық көмекті қажеттілігіне қарай алады деп күтілді. 

Яғни қаржыландырудың жаңа түрі меди­цина саласындағы тарифтерді тең­герумен қатар халықты бірыңғай сақтандыру пакетімен қамтамасыз етуге жол ашады, сондай-ақ белгілі бір санаттағы азаматтардың меди­цина­лық қызметтер алудағы шығынын мем­лекет өз мойнына алады. Міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру енгі­зіл­ген­нен кейін азаматтардың денсау­лық­қа жұм­сайтын шығындары төмендейді, ем­де­лушінің таңдау еркіндігіне жол ашы­­лады, озық технологияны талап ететін қымбат операциялар қор тара­пы­нан бөлін­­ген қаржы арқылы жасалады делінді.

Медициналық қызмет көрсетуде сақ­тан­дыру жүйесінің енуі әлемдік үрдіс екендігі аян. Оның үстіне нарық­тық қатынастар орнаған елде оның болмауы тіпті де мүмкін емес. Жасы­ратыны жоқ, жыл өткен сайын еңбекке жарамсыз қарттар мен балалар санының артуы мемлекеттік бюджет­ке түсетін салмақты ауырлата түсуде. Ғалым­дардың зерттеуіне сүйенсек, 2030 жылға қарай еліміздегі қарт тұрғындар­дың үлесі 11,2 пайызға жетеді. 2014 жылы бұл көрсеткіш 6,9 пайыз деңгейінде еді. Демек, келешекте бюджеттен бөлінуге тиіс қар­жы да қазіргіден әлденеше есе өсуі мүм­кін. Сондықтан нарықтық қа­ты­­насқа құрыл­ған медицина саласы­на өзгеріс ен­гізудегі жұмыстар шілде айынан бас­та­лып, жұмыс беруші кәсіп­орындар мен кәсіп­керлер тиесілі жарналарын аударып, қор­ға жиналған қаражат мөлшері 6 млрд тең­геге жетіп қалғанда, өзін-өзі жұмыспен қамту­шылардың қатарын анықтау қажеттігі атал­ған реформаға аздап дамыл берді.

Жуырда Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент сес­сия­сының ашылуында сөйлеген сөзі­нен кейін «Пре­зидент бүгінгі сөзін­де медици­на­лық сақ­тандыру мәсе­ле­ле­рі­не жеке тоқ­тал­ды. Біз бұл ба­ғытта біраз дайындық жұмыс­тарын жү­р­гіздік. Мәселен, медици­на­лық сақ­тан­­дыру туралы 4 арнайы заң қабыл­данды. Бүгінде міндетті медициналық сақ­тандыру қоры құрылып, жарна қара­жат­тарын жинауда. Осы бір айдың ішінде қорға 5 миллиард теңгеден астам қаржы түсті. Жалпы биыл 25 миллиард теңге жинауымыз керек. Елбасы 2,7 миллион қазақстандықтың медициналық сақтандырудан қалыс қалып қоюы мүмкіндігін ескертті. Расында өзін-өзі жұмыспен қамтыған бұл азаматтардың осы жүйеге қатысуы қиын болайын деп тұр. Олардың бір бөлігі тіпті «қатыспаймыз» деп ойларын ашық айтуда. Себебі сақ­тандыру жарнасы жалақыдан төленуі керек, ал оларда жалақы жоқ. Біз бұл мәселенің шешімін зерделеудеміз. Бұған қосымша уақыт керек. 2,7 миллион тұр­ғынның барлығының тізімін бекітіп, қандай санатқа жататынын анықтаймыз. Егер кәсібі болса, бірақ салық төлемей жүрсе, «жеке кәсіпкер» ретінде тіркетеміз. Жұмыссыз жүргендерін мемлекет оқы­тады, жұмыспен қамту шараларын қабыл­дайды», деп атқарылар ауқымды істерден хабардар еткен.

Бүгінде жылдамдығын тежеген ре­фор­­ма туралы пікірлер сан алуан. Мә­се­лен, «Гематолог-дәрігер­лер қо­ға­мы» рес­пуб­л­икалық қоғам­дық ұйымының жетек­шісі Ирина Пиво­варова орта жолда дамыл­даған дұрыс еместігін, қозғалыс керек­тігін, кезінде азаматтарды емдеу ме­кемелеріне тіркеуге тұру қа­жеттігі айтылғанда осы реформаны жүзе­ге асыруда көптеген күмәнді ойлар естіл­гендігін, алайда тұрғын­дар қа­ралуы үшін тіркелу қажеттігін ұғы­нып, өзгеріс еш байбаламсыз, ың-шың­сыз ат­қа­рылғанын жеткізе келіп, бұл жер­де де азаматтарға өз мәртебесін тезі­рек айқын­дау қажеттігі түсіндірілсе, Қазақ­стан аза­мат­тары сала жұмысын жетіл­діретін рефор­мадан қашпайды деген уәж айтады.

«Денсаулық сақтау республикалық палатасы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мақсұт Құлжанов «Дәрігерлер үшін қызмет көрсетуде қара­жаттың қай­дан алынатыны ма­ңыз­ды емес, оларға пациент­терді ем­деп, сол үшін дұрыс еңбек­ақы алулары өзекті. Ал медициналық қызметті қажет­ті ре­сурс­­тармен қамтамасыз ет­пей, қыз­мет­тің сапалы көрсетілуін талап ету қисынсыз», дейді. 

Денсаулық саласына реформа жүр­гізу әлеуметтік-экономикалық тұрғы­дағы проб­ле­маның қаншалықты қиын түйін екен­дігін айқындады. «Өзін-өзі еңбекпен қам­ти­ды» дейтін 2,7 млн адамның еш салық төлеместен жұ­мыс атқарушылармен бір­дей әлеу­меттік игіліктерді пайдалану мүм­­­кін­дігі барлығы көрінді. Алайда өзін өзі ең­бе­кпен қамтушы азаматтарға тие­сілі про­б­лемалар да жеткілікті. Мем­ле­кет ал­­дында салық төлейтіндердің қата­рын­­да жоқ болғанымен, зейнетақы қор­­­­лары­на қаражат жинақтамаған олар ке­йін зейнет жасына жеткенде әлеу­меттік ең аз қорғалған топқа айна­латыны аян. Күн­де­лікті күнкөрісі үшін жалдамалы жұ­мыс­қа жегіліп, жүк тасып, дүкендер мен базар­ларда сату­шы, мейрамхана, асха­на­лар­да ыдыс жуу­шы, даяшы болып жүр­ген қан­шама адам бар десеңізші. Жұ­мыс беру­ші­лерге олармен келісімшарт жасау тиімсіз. Жұ­мыс күнінің аяғында ғана күн­де­лікті келі­сіл­ген сомасын беріп, арзан күш ретінде пай­даланғанын жөн санайды. Мә­се­л­ен, көп­теген құрылыс компаниялары құ­ры­лыс­­шы­лар­ды келісімшартсыз жұмыс­қа қа­был­­дап, аяғында ақшаларын төлемей кете­­ті­ні де жасы­рын емес. Ал осы іспетті өзін-өзі жұ­мыс­­пен қамтушылардың проб­ле­масы­на мем­­ле­кет­тік деңгейде мән берілуіне ден­сау­лық сақтау саласына жасалатын реформа себін тигізді. 

Сөз жоқ, медициналық қызметтер сапа­­сы­ның жақсаруы, пациенттердің жо­ғ­ары технологияға негізделген қымбат опера­цияларды қор есебінен жасатуы, дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы, жақсы клиникада емделуге жол ашылуы халыққа өте маңызды. Бұл үшін МӘМС жүйесінің енгізілуі де заман талабы екені айқын. Егер барлық жұмыс беру­ші заңды айналып өтпей, маусымдық немесе уақытша келісімшарт жасасып, әлеуметтік төлем түрлерімен салықты дер кезінде аударып тұрса, мәселенің оң шешім табатыны, одан барлық тараптың ұтатыны анық. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар