Жуырда «Ұрпақтар жалғасы: отбасым – бақыт мекенім» атты шара өтті. Астана қаласындағы №74 мектеп-гимназиясы ұйымдастырған жиында отбасылық еңбек өтілі 100 жылдан асқан ұстаздар марапатталды. Олардың қатарында әулеттің еңбек өтілі 341 жылды құрайтын №54 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Гүлбарша Бүркітбайқызы, әулеттің еңбек өтілі 327 жылға жеткен №38 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Байтемір Ділбар сияқты 10-нан астам білім қызметкерлері бар. Сондай-ақ жұмыс өтілі 20 жылдан асатын және еңбекті енді бастаса да қызметінде белсенділік танытып жүрген бірнеше мамандар да назардан тыс қалмады.
Осы ретте еңбек өтілі 341 жылға жеткен мұғалімдер әулетінің өкілі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі мен «Ұлағатты ұстаз» медалінің иегері және Астана қаласы әкімінің грантына ие болған Гүлбарша Бүркітбайқызынан ұстаздық кәсіптің сырын сұраған едік.
«Ұстаздық жолда атқарған адал еңбек ешқашан бағасыз қалмайды. Бұл мамандықты жақсы көре білу керек. Мен әлі де болса сүйікті кәсібімді жалғастырып, ұлтымыздың ұлы тәлімімен ұштасатын педагогикалық тәрбиені шәкірттеріме берсем деймін. Өйткені, мұғалім болу менің бала күнгі арманым еді. Әкем мен анамның екеуі де ұстаз болғандықтан соларға қарап бой түзеп, мұғалім болсам деген мұратқа талпындым. Әкем ән сабағын оқытса, анам бастауыш сынып мұғалімі болды. 1992 жылы мен де бала күнгі арманыма жеттім. Менің атам 1910 жылы дүниеге келген. 1934 жылы Моңғолия Халық Республикасындағы ең алғашқы қазақ мектебін ашып, өзі сол мектепте жұмыс істеп, 1964 жылы Моңғолияның «Халық мұғалімі» атағын алған. Ол кісі педагогика саласында 48 жыл қызмет етті. Атамыздан бастап бүгінге дейін әулетіміздегі 12 адам осы мамандықтың иесі атанып отыр. Олардың ішінде екеуі Моңғолия мемлекетіндегі мектепте бірі директор, бірі оқу ісінің меңгерушісі болып істейді. Бір сіңлім Шахтинск қаласында оқу ісінің меңгерушісі, бір ағам Астана қаласындағы №40 мектепте еңбек және сурет пәнінің мұғалімі, тағы бір ағам орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берсе, 44 жылдық еңбек өтілі бар атам – физика-математика пәнінің мұғалімі, ал енем химия-биология пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. Өзімнің екі ұлым бар. Үлкен ұлым Мәскеуде әскери университетте білім алуда. Кенжеміз елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде 3-курста оқып жүр. Кенже ұлымыз да ұстаздық жолды жалғастырады деп сенеміз», деді Гүлбарша Бүркітбайқызы.
Аталған шараға Астана қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин, Қазақстан кәсіподақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева, Астана қаласы білім қызметкерлерінің «Әділет» кәсіподағының төрайымы Балсұлу Наурызбаева қатысып, ақ тілектерін ақтарды. Алғыс хатқа ие болған әрбір мұғалімге ақшалай сыйақы табыс етілді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»