Кейінгі жылдары қазақ футболы клубтық деңгейде толағай табыстарға қол жеткізді. Еуропаның ірі додаларында атой салу біз үшін қалыпты жағдайға айналып үлгерді. Мәселен, биыл «Астана» үшінші мәрте топтық кезеңге өтіп отыр. Әйтсе де қазақ футболының еңсесі көтерілді деуге әлі ерте. Ұлттық құрамамыз жеңілістен көз ашпай жүр. Таяуда ғана «Аренада» Черногорияға 0:3 есебімен есе жібердік. Оған қоса, әлемдегі №1 спорт түрі елімізде бұқаралық деңгейге көтерілген жоқ. Ала доптың артынан күн ұзақ жүгіретін тастүйнектер ауладан ғана кездеседі. Ал командасын қолдауға стадионға барған жанкүйерлер қарасы тым аз.
Біздің клубтар еуропалық командалармен сынға түскенде аренаға ағылатын жанкүйерлерді ішкі біріншілікте майшаммен іздеп табу қиын. Мәселен, биылғы премьер-лиганың 23-турындағы бүкіл ойындарды қосқанда стадионға 489540 жанкүйер жиналыпты. Осы аралықта 135 матч ойналғанын ескерсек, орта есеппен әр матчты 3626 көрермен тамашалаған. Тіпті кей кездесулерге 100 жанкүйер жиналған сәттер кездесті.
Неліктен қазақ футболының жанкүйерлері аз? Осы сұрақты спорттың басы-қасында жүргендерге қойған едік. Журналист Руслан Меделбектің пікірінше, жанкүйер мәдениеті Қазақстанда енді-енді қалыптасып келеді. Дегенмен, көрерменді көбейту үшін ең әуелі олармен тығыз байланыс орнату керек. Фанаттар ұйымын құрып, клуб жейдесін, түрлі заттарын сататын дүкендер ашу – жанкүйер жинаудың тәсілдері екенін айтады ол. Русланның пікірінше, адамдар команданың нәтижесіне қарап жанкүйерлік етеді. «Қазақ футболындағы көрерменнің артуына «Шахтердің» Еуропадағы жеңістері себеп болды. Мәселен «Қайрат» чемпиондыққа таласып жүргенде стадион лық толатын. Қазір екінші орыннан көтерілмегендіктен, аренаға жиналатындар саны сиреді», дейді ол.
«Ақтөбе» клубының жанкүйері Аршат Оразов та көрермен тарту үшін нәтиже мен маркетинг керек екенін айтады. Оның пікірінше, қазіргі таңда «Қайрат» пен «Астана» клубтары екі бағытта да сүбелі жұмыс атқарып жатыр.
«Жанкүйерді ең әуелі нәтиже қызықтырады. «Ордабасы», «Ақтөбе», «Ертіс», «Тобыл» – соның жақсы мысалы. Жақсы нәтиже көрсеткенде стадионға адам көп бара бастады, тұрақты фанаттар қалыптасты. Сонымен қатар бұл қалаларда футбол мәдениеті бұрыннан бар. КСРО-ның 2-лигасында «Актюбинец», «Мелиоратор», «Трактор», «Энергетиктердің» ойындарына адам көп жиналатын. Ол кезде әр матчта лотерея ойнату дәстүрі болды», – дейді 30 жылдық жанкүйерлік тәжірибесі бар Аршат Оразов.
Ала доптың басы-қасында жүргендер елдегі футбол клубтарына нәтижесіне қарамастан мемлекеттен өте көп қаражат бөлінетінін айтады. Мысалы, Қазақстандағы көптеген клубтардың бюджеті 1,5-4 миллиард теңге шамасында. Бір-екі клубтың қаражаты олардан көп болуы мүмкін. Кейінгілері Еуропада атой салып, салынған қаржыны ақтайтын деңгейде. Әйтсе де не чемпиондыққа таласпайтын, не Еуропада ойнамайтын, бірақ мемлекеттен қомақты қаражат алып отырған командалар жетерлік. Оларға жергілікті әкімшіліктен жыл сайын қомақты сома бөлінеді.
Мұндай бюджеті бар еуропалық клубтар мемлекеттен қаржылық көмек алмай-ақ талай шыңды бағындырып жүр. Мысалы, былтыр Англияның «Портсмут» клубының бюджеті теңгеге шаққанда 2 миллиардтан асқан жоқ. Алайда бұл сома оларға молынан жетті. «Портсмут» Англияның екінші лигасының чемпионы атанып, әр матчқа орта есеппен 16 мыңнан астам жанкүйер жиналды. «Шеффилд Юнайтед» клубы да кедей команда қатарында саналады. Әйтсе де, олардың әр ойынын орта есеппен 21 мыңнан астам көрермен стадионнан тамашалапты. Осыдан-ақ, қарт құрлықтағы футболдың бір ізге түскенін байқауға болады. Жоғарыда аталған Англияның клубтары шығындарының басым бөлігін осы стадионға жиналған жанкүйер арқылы қайтарып алады. Оған қоса, ол жақта кәсіби футбол клубтарға мемлекеттен көк тиын қарастырылмаған. Тиімді жұмыс атқарғаны пайданы күреп табады. Қысқаша айтқанда, қарт құрлықтың футболын нарық заңы билеп тұр.
Осы орайда, «Қазақстандық кей клубтар не жанкүйер жинамаса, не ішкі біріншілікте жарытып өнер көрсетпесе, мемлекеттен миллиардтаған қаражат бөлудің қажеті қанша?», деген заңды сұрақ туындайды. Оның орнына еліміздің абыройын асқақтататын спорт түрлеріне назар аударған дұрыс емес пе?! Миллиондаған қаржыны түк бітірмейтін 22 футболшының қалтасына салып бергеннен, Қазақстан атын әлемге танытатын спортшыларды баулуға жұмсау әлдеқайда тиімді екені анық.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Фото: inform.kz