Осындай жағдайда көкнәр, қарасора нағыз табыс көзі. Жақында Мақтаарал ауданында жұмысы жоқ бір азамат жеңіл пайда табамын деп құрыққа түсті.
Бір азаматтың қарасора егетіндігі жөнінде ақпар алған Мақтаарал АІІБ қызметкерлері күдіктінің үйіне келеді. Сырт көзге ілік іздейтіндей дүние жоқ. Аулада қолдағы малдың қыстайғы азығы – бір мая шөп жиналған. Полиция қызметкерлері маяны ашып қараса, арасына сора егілген екен.
Сонымен, полиция қызметкерлері заттай дәлел ретінде жалпы салмағы 1,5 кило болатын 6 түп сора және 130 гр кептірілген марихуана тәркілейді. Күдіктінің үйін тінтіп шыққан тәртіп сақшылары қағазға оралған 15 гр болатын есірткі заттарын да тапты.
Осыған орай Мақтаарал АІІБ қызметкерлері ҚК 4-і бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Зертханалық тексеру тағайындалды. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Сора егемін деп сормаңдай болған азамат енді шерменде күй кешіп отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы