28 Қыркүйек, 2017

Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігі дыбысталады

919 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында Google Translate жүйесінде қазақ тілінде ауызша аударма жасауға мүмкіндік беретін Voice-to-Text қызметі таныстырылды. 

Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігі дыбысталады

Voice to text - ауызша айтылған сөзді мəтін мен дыбыс түрінде аударуға мүмкіндік беретін, дыбысты тану жүйесі арқылы жүзеге асырылатын технология. Осы ретте Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы жаңадан қолға алынған жүйе бойынша алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды. 

"Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігі бар. Осы сөздіктегі барлық сөз тіркестері мен сөздер қазақ тілінде дыбысталуы керек. Бұл жұмысқа Beeline компаниясы 4 млн теңге бөліп отыр. Кейін дыбысталған файлдардың барлығы сапалы түрде өңделіп, Google компаниясына жіберіледі. Олар біз жіберген материалдарды қайтадан өңдеп, жүйеге енгізеді. Одан кейін біртіндеп аударма нұсқасын береді. Ол нұсқаларды біз бағалап болғаннан кейін аталған жоба іске қосылады. Осы жұмыстың барлығына шамамен екі жыл уақыт кетеді деп жоспарлап отырмыз", - деді Рауан Кенжеханұлы. 

Конференция барысында Beeline Қазақстан компаниясының Корпоративтік коммуникация директоры Алексей Бендзь Google компаниясы аталған жобаға жан-жақты көмек көрсетіп, қазақстандық тараптан жасалған ұсынысты бірден қолдағанын атап өтті. "Бірнеше жыл бұрын біз Google Translate жүйесіне қазақ тілін қосуға ұсыныс білдіргенде, олар бізді бірден қолдай кеткен жоқ. Жасыратын ештеңе жоқ деп ойлаймын. Қазақстанда халық саны аз. Яғни, жаһандық компания үшін қызығушылық тудырмағанымыз белгілі. Бірақ олар бізге құрал беріп, краудсорсинг арқылы өздеріңізге көмектесе алатын адамдар тауып, істеп көріңіздер деді. Қолымыздан келсе, бізді қабылдайтындарын айтты. Бірақ, бірнеше аптада қазақ тіліне мыңдаған сөз енгізіп, бір жылдағы жұмыс нəтижесінде қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылған болатын. Ал Voice-to-text жүйесіне қазақ тілін қосу туралы ұсынысымызды компания бірден қабылдады", деді Алексей Бендзь. Оның айтуынша, ауызша аударма қызметінің маңызы зор. "Қазақ тілінен кейін Google  Translate жүйесіне 14 тіл енгізілген. Оған біздің тəжірибеміздің əсер еткені біз үшін зор мақтаныш", дейді А.Бендзь.

Естеріңізге сала кетсек, Google Translate жүйесінде бүгінгі таңда 103 тіл бар. Оны күніне əлем бойынша 200 млн адам қолданады. Ал ауызша аудару қызметі 32 тілде жұмыс істейді. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"