Саясат • 28 Қыркүйек, 2017

Өркениеттік таңдау өрісі

296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың латын әріптаңбалы жа­ңа әліпбиінің жасалуы – рухани жаң­ғы­ру­дың басты темірқа­зығы. Ұлттық сана­ның кемелденуі мен білім көкжиегінің кеңеюі. Латын әліпбиі арқылы алаштың ана тілін алты құрлыққа танытуға бетбұрыс жасап отырмыз. Саяси маңызы бар тарихи сәтке куә болу бақыты бұйырған азамат ретінде мен осыған қуанамын. 

Өркениеттік таңдау өрісі

Латынға оралу, әліпбиді жа­ңарту – ұлттық мәселе. Саяси-мәдени, лингвистикалық, әлеу­меттік, экономикалық, тағы басқа тұстары бар латын әліп­биіне көшу туралы Елба­сы­ның шешімін жоғары бағалай­мыз, қолдап қуаттаймыз. Бола­шақтың тұтқасы – ұрпақтың мақ­танышына айналар бұл қа­дам жаңа өмірге бастар баспалдақ. Қа­зақ елінің білім, ғы­лым сала­сындағы ұлттық ұста­нымы, өмір­лік қолтаңбасы. 

Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың 2006 жы­лы Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХІІ сессиясында: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Ма­ман­дар осы мәселені зерт­теп, нақты ұсы­ныс­­тарын жасауы тиіс», – деген болатын. Осы тұжырымнан-ақ латын әліп­биіне көшу мәселесі тәу­ел­сіздік алған сәттен бері кө­кей­кесті болғанын айқын аңға­рамыз. 

Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ла­сын­да өзекті тапсырмалар берді, бағыт айқындалды. Қазақ халқының рухани құнды­лық­тарын дәріптеп насихаттау, оны түгендеп саралау, заман талабын ескере оты­рып дамы­туға арналған келе­лі ойларды бүгінгі күні қазақ елі бой­тұмар тұтынады.Ұл­тын сүйген Елбасының бұл мақа­ласы са­наға сілкініс сыйлап, ойға тағ­дыр­шешті қозғау салды.
Халық латын графикасына негізделген ұлттық әліпбиіміздің жасалуын ұлы жаңалық деп қа­былдады. Ұсынылған әліпбидің қызу талқыға салынуы да ха­лықтың болашаққа бейжай қарай алмайтынын көрсетті. Бұл – сүйсінерлік іс.

Жаңа әліпби – түркі тiлдес халықтардың тарихи мұражайын ортақ мәдени мұраға айналдыра отырып, кедергісіз тура жолмен әлемдiк ақпараттық кеңiстiкке енуге мүмкіндік беретін негізгі құрал. Ұлтты, мемлекетті бірік­ті­ретін алып күш.

Жаңа әліпбиге өту – өрке­ниеттік таңдау. Түркі тілдес ел­дерді жақындастыратын ма­ңызды шешім. Латын графикасына өту дегеніміз қазақ тілін таңбалау. Латын әліпбиі қол­­да­нысқа енсе тіл өзгеріске ұшы­райды деген жаңсақ пікір – аңғал­дық. Ұлттық дамудың ұлағат­ты үлгісі саналатын бұл реформа сананы жаңғыр­ту ғана емес, білімділікке ұмты­лу. Ұлт тарихындағы ұлы белесте бірлік танытып, қазақ халқының кемеңгер ұлт екенін көрсету бәрімізге асқақ мәртебе. Бабалар батасы дарыған, ата ама­натын арқалаған келесі ұрпақ­­қа қажымас, таусылмас қа­зына сый­лағанымыз аға ұрпаққа абырой. Ол қазына – латын әліпбиі. 

Бұл істе күдікке бой алдыр­май, шуақты үмітке орын бергеніміз жөн. Ана тiлiмiз – бiздiң рухани түпқазығымыз. Тiлiмiздiң халықаралық деңгей­де биiк мәртебеге ие болуы – елi­мiздiң өсіп-өркендеуі. Латын әлiп­биiне ауыса отырып қазақ өз руханиятының тiзгiнiн өзi ұс­тайды. Бұл бағасы жоқ, теңдессіз құдірет. Бiр әлiпби, бiр тiл. Аңсаған арман қол созым жерде. 

Келісім түбі келелі іс екенін ескерсек, ұлттық ортақ мүддеде бірігуіміз шарт. Елбасы ұсынған бұл шешім біз үшін тағдырлы бетбұрыс. Қазақ халқы Пре­зиденттің көрегендігіне сай болып, іс-әрекетін ширатып, үміт артқан жастар білімпаздыққа іскерлікпен ұмтылып, бүгіннен бастап латын әліпбиін игеруге кірісуі абзал. Ертеңгі күні жаңа әліпби ресми қабылданғанда бар қазақ латын әліпбиін қолданысқа енгізуге сақадай сай болуы керек. Бұл жауапкершілік біз үшін азаматтық парыз.

Оңалбай АЯШЕВ, 
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор