Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы ақпан айында Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындарының халық алдындағы ашықтығын, жауаптылығын, есептілігін арттыру мақсатында қол қойған Жарлығына сәйкес өтіп отырған аталмыш есеп беру жиынына Алматы қаласы әкімдігі мен мәслихатының, Медеу ауданының жоғары оқу орындары мен білім беру мекемелерінің басшылары, ҚР ҰҒА мүшелері, ғылыми қауым, жұмыс берушілер мен университет түлектері, шетел консулдықтары мен компанияларының өкілдері, білім алушылар мен олардың ата-аналары қатысты.
Отандық педагогикалық ғылым мен мәдениеттің қара шаңырағы саналатын, келесі жылы 90 жылдық мерейтойын университет деңгейінде ғана емес, республика деңгейінде атап өткелі отырған, өз тарихында 250 мыңнан астам түлек ұшырған ҚазҰПУ-да бүгінгі таңда 7 мыңға жуық студент білім алып жатқанын айта кеткен жөн. 2017 жылы алғаш рет әлем университеттерінің ТОП-500 қатарына және QS World University Ranking рейтингінде әлемнің үздік 491 университетінің қатарына енген, ұлттық рейтингтер бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында алдыңғы орынды иеленіп келе жатқан Абай атындағы ҚазҰПУ елімізде педагогикалық кадрлар дайындауда оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету орталығы болып табылады. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Такир Оспанұлы өзі басқарып отырған іргелі оқу ордасының бір жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері жайлы айта келе: «Елбасымыз өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің оратлық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын білім алушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек» деген еді. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен оның білімімен анықталады. Демек, педагог мамандарды дайындауда сапалы жаңа үрдіс қажет», – деді.
Республика көлемінде педагог мамандарды қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып отырған білім ордасы сапалы кадрлар даярлау үшін табандылықпен еңбек ете беретінін, оған университет ғалым-педагогтарының мүмкіндігі толық жететінін нық сеніммен айтқан ҚазҰПУ басшысы жалпы саны 883 адамды құрайтын профессор-оқытушылардың ішінде 157 ғылым докторы, профессор, 369 ғылым кандидатынан өзге, 14 ҚР ҰҒА академигі мен корреспондент-мүшесі, басқа да қоғамдық академиялардың 45 академигі, шығармашылық одақтардың 19 мүшесі, 6 еңбек сіңірген жаттықтырушы, 12 спорт шебері жұмыс істейтінін атап өтті.
Әлемдік білім беру кеңістігіндегі қазақстандық білімнің мәртебесін нығайту мақсатында университет қабырғасында жыл басынан бері алыс және жақын шетелден келген 75 ғалым дәріс оқып, шеберлік-сыныптарын өткізумен бірге, «Сорбонна–Казахстан» институты және ҚазҰПУ-дың профессор-оқытушылар құрамындағы 23 оқытушы Париж қаласындағы Сорбонна университетінде біліктіліктерін арттырып қайтқан.
Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі саналатын латын әліпбиіне көшу екенін, сонымен қатар, мектеп және ЖОО оқулықтарының басым көпшілігінің авторлары аталмыш оқу орнының профессорлары екенін ескерсек, ректор университет ғалымдарының алдында тұрған басты міндеттердің бірі – орта мектеп оқулықтарының жаңа құрылымы мен мазмұнын анықтау үшін Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Финляндия сияқты әлемнің үздік білім беру жүйелері мен жетекші баспаларының тәжірибесі мен оқулықтарына талдау жасауды іске асыру екенін жеткізді.
Жиналған қауымға университет жайында көптеген тың мағлұматтарды таныстырып өткен Такир Оспанұлы кездесу соңында студенттерді, ата-аналарды толғандырған сауалдарға жауап берді.
Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ