Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2017

ОҚО-да батырлар жырын жатқа айтудан облыстық байқау өтті

1279 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Оңтүстiк Қазақстан» қоғамдық-саяси газетiнiң редакциясы Қазақстанда тұңғыш рет мектеп оқу­шылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын...» атты облыстық байқау өткiздi.

ОҚО-да батырлар жырын жатқа айтудан облыстық байқау өтті

Жобаның мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар аза­мат тәрбиелеу, өскелең ұрпақ­ты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып,­ отансүйгiш етiп өсiру. Батыр­лар жырын жаттап өскен бала­ның жат елдердiң идеология-сына бой алдырмайтынын ата-аналарға ұғындыру болған.
Облыстық орыс драма театрында өткен байқауға аудан,­ қаладағы іріктеулерден өткен 48 оқушы қатысты. Бәрі шеті­нен дүлдүл, шашасына шаң жұқтырмай мәреге жет­ті десек асыра айтқандық болар еді. «Қамбар батыр» дас­танын жаттап алғанымен тұсаулы аттай кібіртіктеп қала беретіндерін де кездестірдік. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері үшін ойланатын жағдай.

Мерекенің ашылу салтанатында Оңтүстіктің қадірлі ақсақалдарының бірегейі, кейбір шал-шауқандардай дау емес, халықтың сөз маржанын сүзген, «Қамбар батыр» жырының түрлі нұсқаларын жинап халықпен қауыштырған, жасы 93-ке қараған Әдіхан Шілтерханов ақсақал ақ батасын берді.
Тереңнен сөз толғаған қа­дір­менді қария Елбасының мақаласындағы Рухани жаң­ғыру мен ұлттық кодтың мәні батырлар жырында екендігін айтты.
«Ерлік өнегесі, батырлық, елге, жерге сүйіспеншілік, ата-анаға деген қамқорлық, асыл жарға адалдық, осының бәрі Батырлар жырында бар. Батырлар жырын оқыған өскелең ұрпақ ешқашан адас-пайды. Ұлтын, мемлекетін сүйеді. Ендеше  Елбасының кө­тер­ген мәселесінің мәнді тұсы осы. Осы орайда «Оңтүстік Қа­зақ­стан» газетінің ұжымы, Абай Балажан бастаған бас­шылығы ел болашағы үшін өте көреген іс бастап отыр. Ақы­ры баянды болсын» деп ордалы ой түйіндеді.

Қадірменді ақсақалдан соң облыстық ішкі саясат бас­қармасының басшысы Бо­латбек Төлеген, бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор – бас редакторы Абай Балажан сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқау ережесіне сәйкес ал­ғашқы турда қатысушылар 24 жұп құрап, сахна төріне шықты. Жазушы Мархабат Байғұт бастаған 5 адамнан тұратын қазылар алқасы жырды жатқа айтқан үміткерлерді тоқтатып, «енді мына жерінен жалғастыр» деп білім, білігін сын тезіне салды. Шын жүй­ріктерге, білімдіге кедергі жоқ.­ Дайындығы аздар жарыс жо­лы­нан шығып қалып жатты. Екінші кезеңге 24 үміткер шығып, әдебиет теориясынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Үшінші ақтық кезеңге 12 үміткер шыққан. Мұнда олар «Қамбар батыр» жырындағы көнерген сөздердің мағынасын түсіндіруге тиіс болатын.

Әрине, қазылар алқасына оңай болмағаны анық. Ұзақ кеңескен олар үміткерлердің жауаптарын саралап жеңімпаз­ды анықтады.

Байқаудың марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орын­басары Ұласбек Сәді­бе­­ков сөз алып, айтулы іс-шара­ның басы-қасында жүр­ген аза­мат­тарға алғысын айт­ты.­ –Батырлар жырының ұлт руханиятындағы орны ерек, оның ұрпақ тәрбиесіне оң әсері орасан. Міне, осы тұр­ғы­дан алғанда облыс баспа­сөзінің қара шаңырағы – «Оң­түстік Қазақстан» газеті ұйымдастырып отырған «Жақ­сылар,  дастан айтайын... » атты бүгінгі байқаудың маңызы зор. Алаш ардақтыларының, ұлт зиялыларының қолтаңбасы қалған бұл басылым қашан да ұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып келеді. Оған дәлел ретінде елу жылдан астам уақыттан бері редакция ұжымының ұйымдастыруымен қазақ күресінен газет жүлдесі үшін дәстүрлі турнир өтіп келе жатқанын айтуға болады. Сол үшін редакция ұжымына облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың атынан алғысымды білдіремін. Батырлар жырын дәріптеуге арналған бағалы бастама да бір жолғы іс-шарамен шектеліп қалмай, осындай игі дәстүрге айналуы тиіс. Биылғы байқау «Қамбар батыр» дастанына арналса, келесі жылы өзге де жыр-дастандар қамтылсын. Ол үшін өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді ол.
Сонымен «Жақсылар, дас-тан айтайын...» байқауында бас жүлдені Түркістан қала­сын­дағы №19 мектептің 8- сы­нып оқушысы Гүлжайна Елмұратова иеленді. Оған 200 мың теңге ақшалай сыйлық беріліп, жеңімпаздың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімі Майра Назарбековаға ав­то­көліктің кілті тапсырылды.­ Жүлделі бірінші орынды оты­р-а­рлық Олжас Бакира жеңіп алса, екінші орынды түркістандық Назерке Нарзолла мен арыс­тық Әлжаппар Жорабеков ие­ленді. Үшінші орын үш бір­дей үміткерге табысталды. Олар – отырарлық Әли Нұ­рилла, созақтық Ақбілек Кәрім және сайрамдық Сымбат Қырықбаева. Жүлдегерлер мен олардың ұстаздарына қаржылай және басқа да бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Бізді кешегі батыр баба­лардың ерлік баяны дастан айтудан бөлек ұсынылған тап­сырмаларды мүлтіксіз орын­даған білімпаз жастардың жау­қазындай қаулап өсіп келе жатқандығы, қазақтың тарихын жетік білмекке деген талаптары сүйсінтті. Елбасы айтқан Ұлттық жаңғырудың бір тармағы қазақтың осы ерлік баянында, жауһар жырында жатыр. Жеткіншектер осыны түйсініп қайтты.

Ал өзі тәрбиелеген шәкір­тінің арқасында ұстазы Түр­кістанға көлік мініп аттанды. 

Осы байқау өтеді дегенді естіген қазақтың талай жақ­сы­ мен жайсаңы өз ойын біл­дірген екен. Солардың бірі қа­зақтың көрнекті жазушысы, халқымыздың руханиятының жаршысы Дулат Исабеков ағамыз ойын былай түйіндеген екен.

– Батырлар жыры дегендi бүгiнгi ұрпақ ұмытып кеттi ме деп едiм. «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң бұл байқауды қол­ға алғаны дұрыс болған. Об­лыс тұрмақ, республикада бас­пасөздiң ақсақалы атанған басылым осындай игi iстерiмен көз­ге көрiнсе керек-тi. Газет – жаңалықтың жаршысы ғана емес, мәдениетiмiз бен әдебиетiмiздiң жоқтаушысы. Осы тұрғыдан алғанда «Жақ­сылар, дастан айтайын...» жыр байқауы нағыз жан­ашырлықтың белгiсi. «Оған мектеп оқушылары қатысады. 5-сыныптың баласы «Қамбар батырды» айтады» дегендi естiп, тiптi қуандым. Бұл бай­қауды ендi орта жолдан қал­дырмау керек. Ұдайы өтiп тұратын, дәстүрлi шара етсе, жыл сайын лек-легiмен батырлар жырын жатқа бiлетiн ұрпақ сахна төрiнен көрiнiп жатса, жоғалтқанымыз табылмай ма?! Ұрпағымыздың тамырынан ажырап қалмауы үшiн де керек қарекет бұл.

Әдебиетке деген қызығу­шылықты арттыратын, рухани байлығымызды көбейтетiн осындай байқаулар ауылдан бас­талып, Астана төрiнен кө­рi­нуi керек. Руханият жанашырлары ендi осыған шындап көңiл бөлсе деймiн, – деді жазушы.

Көрнекті жазушының ойын редакция ұжымы да қолдап, келесі байқауды Астанада өткізуге бел буып отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген Қайсар Шерім