Спорт • 29 Қыркүйек, 2017

Ашғабадтағы Азия ойындары аяқталды

441 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сәрсенбі күні Түрікменстан астанасы Ашғабад қаласында жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындары аяқталды. 

Ашғабадтағы Азия ойындары аяқталды

17 қыркүйекте жалауы желбіреген байрақты бәсекеге Азияның 62 елінен келген 6000-ға жуық спортшы спорттың 21 түрі бойынша сынға түсті. Ал Қазақстан құрама сапынан 16 спорт түрі бойынша 181 спортшы ел намысын қорғаған. Жарыстың ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде мемлекет басшылары, беделді саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болған еді. 

Он екі күнге созылған V Азия ойындарының қорытындысы бойын­ша 181 спортшымыз 28 алтын, 28 күміс және 40 қола жүлде иеленді. Жалпыкомандалық есепте 96 медаль жиынтығына қол жеткізген біздің спортшылар төртінші орынға тұрақтады. Бұл сында Түрікменстан спортшылары бірінші болды. Жарысты өткізуші ел қоржынында 245 медаль бар (89 алтын, 70 күміс және 86 қола). Қытай құрамасы 97 жүлдемен (42, 32, 23) екінші орынға орналасты. Ал үшінші сатыға табан тіреген Иран Ислам Республикасы спортшыларының қоржынында 118 медаль бар (36, 23, 59).

Жабық ғимараттағы және жауын­герлік өнер бойынша V Азия ойындарында ел қоржынына ең көп медальды самбошылар салды – 19 жүлде. Оның жетеуі алтын, алтауы күміс және алтауы қола. 13 медаль жинаған белбеу күресінің балуандары екінші орында. Олардың еншісінде төрт алтын, үш күміс және алты қола бар. Сондай-ақ биылғы Азия ойындарында жеңіл атлеттеріміз де сәтті өнер көрсетті. «Спорт падишасы» саналған спорт түрінен жерлестеріміз алты алтын, бір күміс және үш қоламен жалпы саны 10 медаль жинады. 

Жабық ғимараттағы және жауын­герлік өнер бойынша Азия ойындары 2005 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биылғы жарыспен қоса есептегенде Қазақстан құрамасының спортшылары мұндай сайысқа бесінші рет қатысты. Осы аралықта біздің спортшылар жалпы саны – 363 медаль иеленген екен. 2005 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған аталған турнирде біздің елдің спортшылары 23 алтын, 15 күміс және 6 қола медаль иеленген болатын. Жалпы саны 44 жүлдемен медаль көрсеткіші бойынша жалпыкомандалық есепте екінші орын алған. 

Араға екі жыл салып жабық ғимарат­тағы және жауынгерлік өнерден Азия ойындары Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы саналған Макао қаласында өтті. Бұл додаға Азияның 44 елінен келген 1800-ге жуық спортшы спорттың 17 түрінен өз бақтарын сынады. Қазақ­стан құ­рамасының спортшылары бұл сында медаль бойынша екі жыл бұрынғы нәтижесін қайталай алмады. Спорт­шыларымыз Макаода тоғыз алтын, 20 күміс және 13 медальмен жалпы­командалық есепте үздік бестікке енді.

Вьетнамда өткен үшінші Азия ойындарында қазақстандық спортшылар спорттың 10 түрінен құрама қоржынына 59 жүлде салған болатын. Жалпы есеп бойынша Қазақстан құрамасы 21 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль еншіледі. Медаль жиынтығы бойынша үшінші сатыдан көрінді. 
Ал ІV Азия ойындары 2013 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қала­сында өтіп, бір аптаға созылған бәсеке­де қазақстандық спортшылар 31 медальға қол жеткізді. Оның жетеуі алтын, сегізі күміс және 16-сы қола. Жалпы­коман­далық есепте бесінші орынды қанағат тұтқан болатын.

Жабық ғимараттағы және жауын­герлік өнерден келесі Азия ойындары 2021 жылға жоспарланған. Бірақ нақты қай ел өткізетіндігі туралы мәліметтер жоқ. Жарысты ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, VI Азия ойындарын өткізуші елдің аты жыл соңына дейін белгілі болмақ.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»