Хоккей • 29 Қыркүйек, 2017

"Барыстың" жеңісінен жеңілісі көбейіп тұр

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасында кезекті кездесуін 25 қыркүйекте Санкт-Петербургтің СКА командасына қарсы өткізіп, 1:4 есебімен есе жіберген еді. 

"Барыстың" жеңісінен жеңілісі көбейіп тұр

Ал арада екі күн өткенде Астанадағы «Барыс Арена» мұз сарайында Ярославльдің «Локомотив» командасын қабылдап, 6:1 есебімен ойсырата жеңді. 

СКА командасына қарсы өткен ойынның алғашқы минуттарында-ақ армияшылардың шабуылшысы Сергей Калинин дубльдің авторы атанды. Матчтың 58-секундында есепті ашса, алтыншы минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша, бірінші кезең қонақтардың айқын басымдылығымен өтті. Бұл арада қақпашы Хенрик Карлссонның өрескел қателіктер жібергенін айтпасқа болмайды.

Қонақтар екінші кезеңді де сәтті бас­тады. Бір ойыншысы көп болып ойнаған СКА хоккейшілері матч тізгінін қолға алып, 23-минутта Патрик Херсли қонақтардың үшінші шайбасын соқты. Екінші кезең аяқталар тұста шабуылшы Александр Барабанов таблодағы көрсеткішті 4:0-ге жеткізді.  Бұл жерде қорғаушылар қателік жіберіп қойды.

Үшінші кезеңнің басында «Барыс» клубының бапкерлер құрамы швециялық қақпашы Хенрик Карлссонның орнына 22 жастағы Сергей Кудрявцевті шығарды. Ал арада көп уақыт өтпей командадағы ең жас хоккейші, 19 жастағы Кирилл Полохов СКА командасына соғылған жалғыз шай­баның авторы атанды. Сөйтіп Кирилл Поло­хов Құрлықтық хоккей лигасындағы өзінің алғашқы шайбасын соқты. 

Араға екі күн салып «Барыс» «Ло­комотив» хоккей клубымен сынға түсіп, тартысты өткен матчта жерлес­теріміз 6:1 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Бұл ойында қазақстандық шабуылшы Никита Михайлис екі шайба соғып, матч қаһарманы атанды. «Барыс» клубынан Михайлистан басқа Мэтт Фрэттин, (24-минут), Роман Савченко (43-минут), Линден Вей (44-минут) және команда капитаны Найджел Доус (52-минут) гол салды. Ал қонақтар сапынан жалғыз шайбаның авторы Денис Алексеев (29-минут) атанды.

Бұл «Барыстың» ҚХЛ-дағы сегізінші жеңісі. «Шығыс» дивизионы бойынша турнир кестесінде «Барыс» командасы кейінгі бір жеңіліс және бір жеңістен соң бесінші орынға тұрақтады. Команданың еншісінде 25 ұпай бар.

Енді «Барыс» клубы алдағы алты ойынды сырт алаңда өткізеді. 30 қыркүйекте «Трактормен» (Челябинск), 2 қазанда «Неф­техимикпен» (Нижнекамск), 4 қа­занда «Динамомен» (Минск), 6 қа­занда «Сочимен» (Сочи), 10 қазанда «Аван­гардпен» (Омск) және 12 қазан күні «Юграмен» (Ханты-Мансийск) күш сынасады.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар