Сонымен... оқиғаны бір-бірлеп баяндасақ біршама жылдың алдында АҚШ-тың Сиэтл қаласында Ізгі ниет ойындары өтіп жатады. Дүбірлі додаға дүниежүзінің көптеген мемлекетінен мыңдаған жарымжан, мүгедек спортшылар да келіп қатысады.
Әлем тарихында екінші рет өткізіліп отырған аталмыш ойын 20 шілде күні басталып, 5 тамызда жалауын түсіргенін білеміз. Оған дүние жүзінің 54 елінен 2600-ге тарта спортшы қатысып, спорттың 21 түрі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Мұндағы ізгі ниет ойынының тағы бір ерекшелігі – музыкалық фестивальдар, бейбітшілікті насихаттайтын көрме, конференциялар қоса ұйымдастырылған.
Содан кезегі келгенде 100 метр қашықтыққа жүгіретін тоғыз желаяқ жарыс жолына шығады. Бұлардың барлығы жарымжан-мүгедек. Аяқтарына жасанды құрал отырғызылған... Жарыс сызығына жайғасқан жігіттер төрешінің «баста» деген белгісі берілген сәтте, темір аяқтарын тарсылдатып тұра жүгіреді. Зымырап келеді десек артықтау болар, шамаларынша шапшаңдығын қосып, шапқылайды.
Жарысқа қатысушылар жолдың жартысын жүгіріп өтіп, ептеп екпін ала бастаған тұста, артқы жақтан шар еткен дауыс шығады. Жанұшыра шырылдаған үнге елең етіп, алдағылар еріксіз артына бұрылып қараса, бір аяғы тайып құлап жатыр. Көзінде өкініштің оты ұшқындайды. Қатарынан қалып барады. Тағдырдың салған қиындығы аз болғандай, адам қатарлы аяғын басып, айтулы додаға қатыстым-ау дегенде, жарты жолда сүрініп кеткенін қарамайсыз ба. Неткен өкініш! Еңкілдесін кеп.
Тайып жығылып, зар жылап жатқан бейбақты мұңдастары бәсекелестері тастап кетпеді. Бәрі бір сәт тоқтап, айналып артына қарады. Темір аяқтарын тарсылдатып, мәреге қарай емес, артқа қарай шапты. Барлығы жабылып келіп жығылған жүйрікті қолынан тартып тік тұрғызды. Көзінің жасын сүртіп жұбатты. Басынан сипап байырқалады. Топтасып тұрып, иық тірестірді. Бірін-бірі сүйемелдей қолтықтасып, қаз-қатар тізілген тоғыз жүйрік жұп жазбай жүгірген күйі мәре сызығын бірдей кесіп өтті.
Мұндайда жарыс тәртібі бұзылды деп, бұрқылдайтын төрешілерде үн жоқ. Сонау төрт қапталда иін тіресіп, қайқы орындықтарда қасқайып, жарысты тамашалап отырған жүз мың көрермен бір сәт тік тұрып, тоғыз желаяқтың ізгі ниетіне ұзақ қол соқты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»