Театр • 29 Қыркүйек, 2017

Абай атындағы драма театр Сұлтанәлі Балғабаев шығармасын сахналады

917 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

"Өнер дегеніміз – үнемі ізденіс және әрдайым алға жылжудан тұрады. Осыған орай Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры жыл сайын өз жетістіктерімен қуантуда", дейді Абай театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Еңлік Саматова.  

Абай атындағы драма театр Сұлтанәлі Балғабаев шығармасын сахналады

Биыл Атырау қаласында өткен «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалінде, Абай театрының директоры Бауыржан Түлеков басты ролді сомдап,  «Адасқан бақ құсы» спектакліндегі еңбегі үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясына ие болды. Сонымен қатар театрың актері Сапарбек Әшімбеков  «Еңбек ардагері» медалімен марапатталыпты. Биыл театр өзінің 84-ші маусымын Сұлтанәлі Балғабаевтың комедиялық жанрдағы «Ең жақсы еркек» шығармасымен ашты. Режиссер Сұлтан Сраилов қойған спектакль көрермен ықыласына бөленіп, өзінің жоғары бағасын алды. Автор пьесада қазіргі қоғамдағы өзекті проблеманы астарлы әзілмен жеткізуге тырысқан. Оқиға Алпан кейіпкердің бойжеткендерге көз салуы, сөз салуы  арқылы  өрбіп, «Бәйшешек» клубының бір топ қыздары осы мәселені  шешу мақсатында іс-әрекетке көшеді.

Сахнада Алпанның қонақ бөлмесі. Суретші Наталия Ерчихина оқиға барысына сәйкестендіріп, заттарды ыңғайлы етіп орналастырған.  Сонымен қатар актерлердің киімін де образға сай таңдалып, кейіпкер характерін ашуға септігін тигізуде.

Алғашқы көріністе режиссер Алпан мен Гүлмайданның бақытты, қуанышты өмірін бейнелейді, кейін «Бәйшешек» клубының қыздары келген сәттен Алпанның құпиясы ашыла бастайды. Басты рольдегі Азамат Нұрғамыс пен Сұлушаш Төлекова арасындағы актерлік дуэт қойылым деңгейін арттыра түсті. А.Нұрғамыс бірде  салмақты депутат, жігіттің сұлтаны болса, бірде Мәдина-Магдалина басын дуалаған сәттен әйел жанды еркек болып шыға келеді. Бұл көрініс арқылы актер өзін сан қырынан көрсете білген. Бұған дейін де комедия жанрындағы «Сотанайдың соңғы үйленуі»(Ө.Боранбаев), «Үйлену» (Е.Жуасбек) т.б спектакльдерде ойнап, актерлік шеберлігін шыңдай түсті. Ал, Гүлмайдан роліндегі Сұлушаш Төлекова кейіпкер келбетіне сай ерекшелікті, әр іс-қимылды нанымды ойнап, жоғары деңгейде алып шықты.    

- Әрине қойылымда басты жүк актерге түседі. Автор ойын, режиссер идеясын, барлығын ұштастырып алып шығу жауаптылығы актерге жүктеледі,-дейді әдебиет бөлімінің меңгерушісі Еңлік Саматова,-Бақыт Тойымбаева бастаған «Бәйшешек» клубының бір топ қыздары спектакльдің көркін кіргізуде. Қандай қойылым болмасын, тіпті екінші пландағы кейіпкерді ойнаса да көзге түсетін Дәметкен Идрисова, бұл жолы экстрасенс-емші ролін сомадады. Өзіне берілген рольді асқан шеберлікпен орындап,  ерекшелендіріп көрсетуге тырысады. Сондай талантты актрисалардың бірі Назым Мұратханова. Оның кескін-келбеті, сызыла сөйлеуі, іс-әрекеті, көзқарасы сылқым әйелге тән құбылыс. Актриса кейіпкер жанын бойына сіңіріп, шебер көрсете алды. «Бәйшешек» клубының меңгерушісі роліндегі Бақыт Тоймбаеваның және журналист Розабану роліндегі Әсем Тұрлыбекованың кейіпкер сомдаудағы шеберлігін спектакль барысынан аңғара аламыз. Шығармада оқиға тудырушы кейіпкерлердің бірі - Ләтипажан және Айләззат. Алпанға ғашық қыздардың біреуі өлең жолдарын арнаған ақын болса, біреуі мың бұралған биші. Ләтипажан роліндегі Ақерке Ризабекова қиял әлемінде жүретін сезімтал қызды жоғары деңгейде бейнеледі. Ал, Айләззат атты кейіпкерді ойнаған Аяулым Тұрысбекованың актерлік шеберлігі бір бөлек. Шығыс биін билеген актрисаның пластикасы, темпо-ритмі өзгелерден ерекше. Және роль шығаруда аса жауаптылықпен қарап, даралануға тырысады.       

Жалпы режиссер актерлермен тығыз жұмыс жасай отыра, автордың негізгі идеясын алға тартып, замандас бейнесін бүгінгі қоғамға көрсете білген екен. Көрерменнің көтеріңкі көңіл-күйде, үздіксіз соққан қошеметі спектакльдің жоғары деңгейде өткендігін аңғартты. Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры осылайша сапалы қойылымдарымен әрқашан көрермендерін қуантып келеді.

Раушан Нұғманбекова,

Семей

Суретті түсірген автор