Баспасөз мәслихатына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, «ҚазАгро» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлназ Атамқұлова, сондай-ақ «Агротехнологиялар трансферті және коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Азамат Садықов және «Қазақстан ұлттық аграрлық университеті» КЕАҚ су ресурстары және мелиорация кафедрасының PhD докторы Зұлпыхар Бауыржан қатысып, көрменің агротехнологиялар саласындағы рөлі туралы айтып берді.
Г.Исаеваның айтуынша, ЭКСПО-2017 тек әлемдік энергетикада ғана емес, сонымен қатар көптеген өзге салаларда да, соның ішінде агротехнологиялар саласында да инновациялар алаңына айналды.
«Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі аса қызықты жаңа технологияларды іріктеу мақсатында арнайы жұмыс тобын құрды. Бұл топ бірнеше рет ауыл шаруашылығы саласындағы алдыңғы қатарлы технологияларды таныстыруға, семинарлар мен кездесулерге қатысты», деді Г.Исаева.
Қазақстанда қолдану ықтималдығымен ауыл шаруашылығы үшін 15 елден 66 жаңа технология іріктеліп алынды. Олардың арасында ауылшаруашылық қалдықтарынан энергия және жанғыш материалдар алу, балдыр биомассасын, тыңайтқыштар алу технологиялары, дәнді дақылдар өсіру технологиялары, ауыл шаруашылығы аймақтары үшін бейне-мониторингтің ұшқышсыз авиациялық кешендерін пайдалану және т. б. инновациялық жобалар бар.
Іріктеліп алынған технологиялар ғылыми-сараптамалық баға алу мақсатында «ҰАҒБО» КЕАҚ салалық институттарына жіберілген. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 аясында әлемдік жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарымен және әзірлеушілермен ынтымақтастық орнатылды. Көрме ауыл шаруашылығын дамытуға ықпал ететін және Қазақстан мен өзге елдер арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға көмек беретін заманауи инновациялық агротехнологияларды бағалауға үлкен мүмкіндік берді, дейді Г. Исаева.
Ал «ҚазАгро» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлназ Атамқұлованың айтуынша, қазақстандық инновациялық агрожобалар ЭКСПО-2017 көрмесінде үздіктер қатарында болған. Г.Атамқұлова сонымен қатар «жасыл» технологияларды ауыл шаруашылығында қолданудың тиімділігін және Қазақстанның органикалық өнімдер өндірісіндегі әлеуетін көрсеткен «ҚазАгро» холдингінің экспозициясы туралы да баяндады. Ол, сондай-ақ келушілер отандық АӨК дамуының заманауи кезеңімен және Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығы перспективаларымен танысқанын, ресурс үнемдейтін технологиялар қолданылатын «ҚазАгро» жобаларына виртуалды саяхат жасау мүмкіндігіне ие болғанын тілге тиек етті. Мәселен, ЭКСПО қонақтары құрғақ бие сүті өндірісімен танысу және күркетауық еті өндірісі мен қайта өңдеудің толық циклін көру, Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жылыжайды, сондай-ақ емдәмдік сүт өнімдері өндірісін аралау мүмкіндігіне ие болған.
Г.Атамқұлова ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезеңінде холдингтің экспозициясын әлемнің әртүрлі елдерінен 10 мыңнан астам адам аралағанын да атап өтті. Сондай-ақ көрме аясында 2017 жылғы 25 тамызда «АгроИнвестФорум 2017» ұйымдастырылған. Форумға әлемнің 18 елінен 200-ден астам қатысушы, оның ішінде ірі шетелдік инвестициялық қорлар мен қаржы ұйымдарының 40-қа жуық өкілі, сонымен қатар қазақстандық және шетелдік агробизнес өкілдері қатысқан. Форумның қорытындысы бойынша Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестициялар тарту, оны экономикалық әртараптандыруға қолдау көрсету бойынша бірқатар маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылған.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»