Дүниежүзілік диабет федерациясының деректеріне қарағанда, жыл сайын бұл дерттен 5 миллионнан астам адам көз жұмады екен. 2016 жылға дейін осы сырқаттан әрбір 7 секундта бір адам қайтыс болған, ал 2016 жылы әрбір 6 секундта бір адам көз жұмыпты. Жалпы қант диабетімен әлемде 442 миллион адам ауырады, бұл ғалам халқының әрбір 11-і деген сөз. Ал Қазақстанда бұл сырқатқа шалдыққандар саны бүгінгі таңда 300 мың адамнан артық болып отыр. Соның ішінде балалар да бар. Ал 2012 жылы олардың саны 211 мың еді. Бұл мәселе Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласында қатты өршуде.
Біздің елімізде бұл науқасты емдеу үшін 22 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Алайда, қант диабетінің проблемасы денсаулық сақтау жүйесінің бақылауынан шығып кетіп, оған қарсы жүйелі шараларды жасауды талап етеді. Жалғыз Денсаулық сақтау министрлігі емес, оған қарсы ведомствоаралық ынтымақтастық орнатып, тұрғындарымыздың денсаулығына бірлескен жауапкершілік жүктеуіміз керек. Халықаралық зерттеулердің мәліметіне қарағанда қант диабетіне қарсы төлемақының 55 пайызы пациенттерді арнайы дайындағанда ғана тиімді жұмсалады екен. Диабет мектептеріндегі тренингтердің де маңызы зор. Әсіресе, науқасқа ұшыраған балалардың тамақтануына қатты көңіл бөлінуі керек. Қант диабетімен сырқаттанатын жандарға арналады делінетін «Диеталық тамақ өнімдері», «Калориясы аз өнімдер» деген жазулары бар азық-түлік өнімдері науқастарға зиянды болуы да мүмкін, өйткені олардың қанты мен майы көп болып, науқасты күрделендіріп жіберуі кәдік. Сондықтан бұл мәселені үнемі қадағалауда ұстаған жөн.
Сонымен қатар, эндокринолог дәрігерлердің жетіспеушілігі де бізде үлкен проблема болып отыр. Егер Жапонияда 10 мың адамға осындай бір дәрігерден келсе, Қазақстанда 40 мың адамға бір дәрігерден ғана келеді. Осыларды ескере отырып мен Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, «Қант диабеті» ұлттық тізілімінің ақпараттық жүйесін жетілдіру, тұрғындарға эндокринологиялық көмек беретін медициналық ұйымдардың Ережесін қайта қарау, эндокринолог мамандар дайындауды арттыру; қант диабетіне ұшыраған пациенттерге арналған оқулар мен тренингтер ұйымдастыру, полиция органдары мен ТЖМ, жол полициясы қызметкерлерінің, жолсеріктердің және т.б. қант диабетімен ауыратын науқастарға алғашқы көмек беру тәсілдерін меңгерту мәселелерін ұсындым.
Зәуреш АМАНЖОЛОВА,
Мәжіліс депутаты,
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі