Кеңес барысында қатысушылар мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру, Шымкент қаласында халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын жаңғырту және салу, сумен қамту жүйесін қалпына келтіру, өсімдік шаруашылығын субсидиялау, отандық тауарларды экспорттау кезінде кездесетін кедергілерді алып тастау, АӨК-ні жеңілдікті несиелендіру, облыстың экономика салаларын цифрландыруға қатысуы, жаңа экспорт саясатын әзірлеу мәселелерін талқылады.
Бұл тақырыпта «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Karlskrona LC AB» ЖШС бас директоры Уәлихан Ахметов, «SCAT» АҚ президенті Владимир Денисов, «Қайнар май» ЖШС президенті Хали Сарманов, «Визит» АССЗ ЖШС бас директоры Вельким Злавдинов, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайнар Абасов, «Стекло и К» АТ-тобының жетекшісі Юлдашев Хондамир сөз сөйледі.
Айтылған мәселелерге қатысты ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, инвестициялар және даму вице-министрі Р. Скляр, ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов, облыс әкімі Ж.Түймебаев түсініктеме берді.
Кездесуді қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес кәсіпкерлікті дамыту елімізде экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру кезіндегі басты бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті.
Осыған байланысты ҚР Үкіметі «Атамекен» ҰКП-мен тығыз ынтымақтастықта отандық бизнесті қолдау шараларын кеңейту бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.
Оған қоса, бизнес қауымдастықтың алдында экономика салаларын цифрландыруға қатысу және өз өнімділігі мен шығаратын өнім сапасын арттыру бойынша үлкен перспективалар ашылады.
Облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны ағымдағы жылы 176,6 мың бірлікті құрады немесе 2016 жылдың осы кезеңінен 5% артық. Бүгінде өңірде кәсіпкерлікті қолдау бойынша «Бизнестің жол картасы-2020», сондай-ақ өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру басты рөл атқарады.