Қазақстан • 29 Қыркүйек, 2017

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы жұмысы қорытындыланды

810 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша жұмыс және сарапшылар тобының кезекті отырысы өтті. Отырысқа Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай және жоба ұйымдастырушылары, қоғам белсенділері қатысты.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы жұмысы қорытындыланды

Фото: Орынбай Балмұрат, «Егемен Қазақстан»

Биыл 7 маусымнан бастап 15 қыркүйекке дейін еліміздің түкпір-түкпірінен жобаға қатысушылардан өтініштер қабылданды. Осы уақыт ішінде El.kz порталында 2212 кандидат тіркелді. Қазіргі күні оларды іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрдің сөзінше, арнайы комиссия тобы таңдаулы 515 үміткерден 300 адамды іріктеп алады.

«Қазан айының басына жоспарланып отырған онлайн дауыс беруге 300 үміткерді іріктеу үшін сіздердің ұсыныстарыңызды күтеміз. Барша қазақстандықтар дауыс беруге белсене қатысады деп ойлаймын. Барлығыңызды осы іске шақырамыз. Жалпы халықтық дауыс беру қазан айының соңы аяқталады. Осыдан кейін барып Қазақстанның 100 жаңа есімі нақтыланатын болады», – деген министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іске асырылып жатқан аталған жобаның өнерімен, білімімен, қоғамға сіңірген еңбегімен, ерекше қасиетімен дараланған талантты азаматтарға үлкен мүмкіндік екенін айтты.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай өз кезегінде бұл бағытты іске асыру бойынша жүйелі шараларды қолға алған ассамблеяның жұмыс ретіне тоқталып өтті.

– Жобаға қоғамдық ұйымдар мен ассамблеяның құрылымдары өз тарапынан үміткерлерді ұсынды. 15 қыркүйекте өтінімдерді қабылдау аяқталады. Одан кейінгі жұмыс алгоритмін бірге жасаймыз. Жоба басталғалы бері ассамблея 520 өмірбаян тіркеді, аймақтардан 900-ге тарта ұсыныс жасалды, – деді ассамблея төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай.

Ал «Қазконтент» АҚ басқармасының төрағасы Евгений Кочетовтің айтуынша, іріктеудің келесі кезеңі 2 қазанда басталады.

– El.kz редакциясы 100esim.el.kz сайтына келген барлық өтініштерді  қабылдап, өңдеді. Өңдеу екі кезеңмен жүргізілді. Бірінші кезең де жергілікті атқару органдарымен фактчекинг жасалды. Бұл адамдар өмірде бар ма, өтініште айтқан деректері шындыққа жанаса ма? Осы мәселелер тексерілді. Екінші кезеңде редакциялық өңдеу жасалып, өтініштер сайтта жарияланды.  Қазіргі сәтте сайтта 2112 өтініш жарияланған. Енді 2 қазанда іріктеудің екінші кезеңі басталады, – деген басқарма төрағасы дауыс берудің әділ түрде жүргізілетіндігін атап өтті.

Яғни, сайтқа тіркелу  электронды почта мен әлеуметтік желілердегі аккаунттар арқылы жүргізіледі. Қолданушылар ең көп дегенде үш тұлғаға бір рет қана дауыс бере алады. Дауыс саны автоматты түрде көрініп тұрады. Сарапшылардың мәліметінше, әзірге дейін іріктелген үміткерлердің 70 пайызына жуығы ер адамдар, 33 пайызы әйел адамдар.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»