Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2017

Қызылордада еңбек әулеттерінің форумы өтті

746 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек күніне орай Қызылордада 4-ші еңбек әулеттерінің форумы өтті.


Қызылордада еңбек әулеттерінің форумы өтті

Еңбек әулеттері арасында өткізілген сайыстың жеңімпаздары болып Қазалы ауданындағы Жадиевтердің педагогтар отбасы (36 адам бар, барлық педагогтық еңбек өтілі 812 жылды құрайды), теміржолшылар Наурызбаевтар жанұясы (8 адам, барлығы 236 жыл жұмыс өтілі), Арал ауданынан дәрігерлер Қорғамбаевтар отбасы (4 адам, 78 жыл жұмыс өтілі), жалағаштық су шаруашылығы саласының қызметкерлері Табынбаевтар (8 адам, 98 жыл жұмыс өтілі), және Шиелі ауданынан омарташы Тоқтыбаевтар отбасы (10 адам, жалпы жұмыс өтілі 80 жыл) танылды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жиналғандарды құттықтап, Сыр өңірі қашанда адал еңбеккерлерімен аты шығып келгенін атап өтті.

Қызылорда облысында «дала академигі» Ыбырай Жақаев бастаған 102 Социалистік Еңбектің Ері болған. Ер азаматтармен бірге Шырынкүл Қазанбаева, Салима Жұмабекова, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Закира Ержанова секілді Еңбек Ерлері өскелең ұрпаққа өнеге. Тәуелсіздік жылдары олардың қатарын атақты жерлестеріміз кәсіпкер Абзал Ералиев және хирург Юрий Пя толықтырды.

«Біз еліміздің дамуына үлес қосқан еңбеккерлеріміздің еңбегін бағалаймыз. Айта кетейік, Елбасының 2013 жылғы қараша айындағы Бұйрығына сәйкес, осымен 4-ші жыл «Еңбек күнін» атап өтудеміз», - деді облыс әкімі.

Барлық қатысушы отбасылар алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ, форум аясында «Еңбек жолы» республикалық форумның жергілікті өңірде өткен сайысының жеңімпаздары, «Ең үздік еңбек династиясы» номинациясымен Мәриямкүл Тұңғышмұратова, «Жұмысшы жастардың жетекшісі» номинациясымен Шәркүл Есқожа, «Өнеркәсіптегі ең жас жұмысшы» номинациясымен Раушан Жұмашева марапатталды.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.