Үкімет • 29 Қыркүйек, 2017

Сағынтаев Шымкент мұнай-өңдеу зауытында болды

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Шымкент мұнай өңдеу зауытында болып, өндірісті жаңғыртудың бірінші кезеңінің нәтижелерімен танысты, деп хабарлады PrimeMinister.kz.

Сағынтаев Шымкент мұнай-өңдеу зауытында болды

Бақытжан Сағынтаев МӨЗ-ді аралау барысында зауытты жаңғыртудың бірінші кезеңінің нәтижелерімен танысып, кәсіпорынның шағын изомеризациялау технологиялық процесі (мұнайдың төменгі октанды фракцияларынан тауарлық бензиннің жоғарғы октанды компоненттерін алу) жүретін әрі К-4, К-5 (Еуро4, Еуро5) стандарттарына жауап беретін бензин шығарылатын өндірістік ғимараттардың бірінде болып қайтты.  

Шымкент МӨЗ-ді жаңғырту жұмыстары 2011 жылы Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында бастау алды және ол 2 кезеңнен тұрады. 2017 жылдың жазында жаңғыртудың І кезеңі аяқталды. Кәсіпорында шикізатты алдын ала гидротазалау блогы бар, жеңіл бензин фракцияларын изомеризациялау қондырғысы орнатылды. Күкірт шығару қондырғысы пайдалануға берілді, дизельдік отынды гидротазалау қондырғысы реконструкцияланды. Зауыт кезеңді аяқтаған соң, К4 және К5 экологиялық тобының дизельдік отыны мен жоғарғы октанды бензинді өндіре алады.

Жаңғыртудың екінші кезеңі 2018 жылы аяқталуы тиіс. Айта кеткен жөн, қазіргі таңда Шымкент МӨЗ үш қазақстандық МӨЗ шығаратын мұнай өнімдерінің жалпы көлемінің 30%-ын өндіреді. Бұл - Қазақстанның оңтүстік өңірінде, республиканың халық тығыз орналасқан бөлігінде орналасқан жалғыз мұнай өңдеу зауыты. Қолайлы географиялық орналасқан жері мен жоғары технологиялық мүмкіндіктерін ескерсек, кәсіпорынның ішкі және сыртқы нарықтарға өнім жеткізу мүмкіндігі мол. 

Шымкент МӨЗ қуаттылығы 5,25 млн тоннаны немесе жылына шамамен 40,65 млн баррель мұнайды құрайды. Зауыттың мұнай өнімдерінің сұрыптамасы бензиннің түрлі сұрыптарынан (Аи-80, Аи-92, Аи-96), дизельдік отыннан, авиациялық керосиннен, төмендетілген газдан, вакуумдық газойльдан, мазут пен күкірттен тұрады. Сонымен қатар, қазіргі таңда Үкімет Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру жолында жұмыстар атқарып жатыр. Мұнда жаңа индустрияларды құрумен қатар, дәстүрлі базалық салалардың, соның ішінде мұнай-газ секторының дамуына қарқын беру көзделген. Үкімет бүгінде бизнеспен бірлесіп, базалық салаларды 2025 жылға дейін технологиялық қайта жарақтандыру бойынша кешенді шараларды жоспарлаумен айналысуда.