Қазақстан • 02 Қазан, 2017

ЕҰУ-де Алаштың 100 жылдығына арналған конференция өтті

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдағы желтоқсан айының ортасында Алаш жалпыұлттық партиясы және Алашор­да үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады.

ЕҰУ-де Алаштың 100 жылдығына арналған конференция өтті

Нақтырақ айтсақ, ХХ ғасырдың басында пат­шалық Ресейде болған төңкерісшіл қоз­ға­­лыстардың әсерінен қоғам жаңа форматқа ауы­сып, бодан халықтардың еркіндікке деген аң­­сары оянды. Осы тұста қазақ оқығандары бас қо­­сып, ел болудың қамына кірісті. Соның бір дә­­лелі – 1917 жылы 5-12 желтоқсанда Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ құрылтайы. 

Жиынды ұйымдастырушылар күн тәр­ті­бі­не Қазақ автономиясын құру және оның үкі­метін қалыптастыру мәселесін қой­ып, оны аса ұқыптылықпен талқылады. Алаш­шыл арыс­тардың бұл бастамасы кеңестік бо­ль­ше­виктердің билікке келуімен аяқсыз қалды. Бі­рақ бұл ұлт көсегесін көгерту жолындағы ұм­тылысқа бүгінгі тарихшылар «азаттықтың ал­ғашқы аңсары» деген баға беріп жүр. 

Осы орайда, жоғарыдағы азаттық аңсаған арыс­тарымыздың жанкешті еңбегін еске алу мақ­сатында – өткен жұма күні Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ғылыми кітапханасында «Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі: бас­тауы, қызметінің негізгі кезеңдері және Отан та­рихындағы орны» атты республикалық ғы­лы­ми-практикалық конференция өтті.

Маңызды басқосуды ұйымдастырушылар – «Қоғамдық келісім» қоры мен Дін істері және аза­маттық қоғам министрлігінің «Азаматтық бас­тамаларды қолдау» орталығы. Шараға Ж.Мәлібеков, Д.Қамзабекұлы, С.Аққұлы, А.Мұсағалиева, З.Қабылдинов, М.Тайжан, С.Байдалы, Қ.Кемеңгер, С.Негимов, К.Ілиясова бас­таған алаштанушылар мен отаншыл-елшіл аза­маттар қатысып Алаш қозғалысының басталуы мен оның саяси партияға айналуы, кейінгі қу­­ғын-сүргін жылдарындағы алаш арыс­та­ры­ның тағдыры т.б. тақырыптар бойынша ша­ғын баяндамалар жасады. 

 Негізгі баяндамашылардың бірі «Ақ жол» демократиялық партиясының хатшысы Сәбит Байдалы Елбасы тарапынан көтеріліп отырған рухани жаңғыру идеясының бір саласы – Алаш құндылығында жатыр, сон­дық­тан бұл істі жастарды отаншылдыққа тәр­бие­лейтін идеологияның өзегіне айналдыру керек десе, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­логия институтының директоры Зиябек Қа­былдин соңғы жылдары «Алаштану» тақырыбы елімізде кең қанат жайып келе жат­қа­нына тоқталды. Оған дәлел ретінде Зиябек Ермұқанұлы өзі басқарып отырған институт­ қабырғасында ғылыми-зерттеу ісімен шұғылданып жүрген 12 магистранттың 6-уы, 3 докторанттың 2-уі аталмыш тақырып негізінде ғылыми еңбек жазып жатқанын жеткізді. 

Конференция соңында Алаш қозғалысы мен Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінге байланыс­ты студенттер арасында жарияланған ең үздік ғы­­лыми мақала авторлары анықталып, оларға ар­найы тағайындалған марапат табыс етілді. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Орынбай БАЛМҰРАТ, 
«Егемен Қазақстан»