Айта кетейік, «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалі үш жылда бір рет Қызылорда облысында өткізіліп келеді. Оған Қазақстан мен алыс және жақын шетелден өнерпаздар қатысады.
Фестиваль аясында «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз- әңгімелері және әуендері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді.
– Ұлы өнерімен Ұлы Даланы тербеткен, мәңгілік өмірдің жоқшысы, күллі түркі әлемінің ортақ ұраны – Қорқыт атамызға арналған алқалы жиынның Сыр елінде өтуі тегін емес. Халықаралық деңгейдегі конференция түркі елдерінің өзара мәдени деңгейін, халықтық өнерді сақтаудағы тәжірибелерін зерделеуге мүмкіндік береді, – деді модератор алғысөзінде.
Конференцияны ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күллі түркіге ортақ Қорқыт ата тыныс тапқан мекенге келген барша қонақтарға елдің ықыласын жеткізді. Сыр өңірі мен Қызылорда қаласының түркілер мен қазақ тарихындағы маңызына тоқталды.
– Бұл фестиваль барша түркі тілдес елдердің басын қосқан рухани көпір іспетті. Елбасының бастамалары арқасында қазір туыстас елдер арасында ынтымақтастық нығайып, достық байланыс орнаған. Ұлы ойшыл Қорқыт бабаның туған жеріндегі фестиваль осының дәлелі,– деді аймақ басшысы.
Келесі құттықтау сөзді иеленген халықаралық ТҮРКСОИ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бұл конференция – ғылымның сан саласындағы Қорқыт мұрасына қатысты соны зерттеулерді таныстыратын жиын екенін атап өтті.
– Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы біздің елде ғана емес, түркі елдері арасында да ерекше қызығушылық тудырып, ірі басқосулардың арқауына айналды. Себебі әлемнің барлық елдерінде рухани арқау күрделі жағдайда. Қазіргі заманның сұраныстары мен қайшылықтары сан қилы екенін ескерсек, ұлт руханияты үшін аса маңызды тақырыпты қозғаған жиынымыздың нәтижелі өтетініне сенімдімін, – деді бас хатшы.
Конференцияда Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева өзі басқаратын оқу орнындағы дәстүрлі музыканттарды дайындаудағы жетістіктерге тоқталды. Сонымен бірге университет жанындағы Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институты атқарған жұмыстарды айтып өтті.
Конференция барысында тың ой, тосын пікір мен орынды ұсыныстар айтылып, Түркия, Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген ғалымдар музыкалық өнердің дамуы және Қорқыт шығармашылығының әлемдік музыка мәдениетіне қосқан үлесі туралы баяндамалар жасады.
Фестиваль аясында Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрда мерекелік концерт өтті. Дәстүрлі шараның ұлттық болмысын ұлықтаған, ежелгі өнерді саф алтындай сақтаған Сыр өңірінде ұйымдастырылуы тегін емес. Дүниенің төрт бұрышын араласа да өлмейтін өмірді таппай, соңында «мәңгілік өмірдің кілті – өнерде» деп тұжырымдаған Қорқыттың қаны осы жерде тамған. Бабадан бастау алатын жыраулық дәстүр мектебін қалыптастырушы Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуғандай дүлдүлдер – киелі топырақтың түлектері. Сырдың жыршы-жыраулары одан бері де әр жылдары Жапония, Америка, Франция, Голландия, Италия, Қытай, Моңғол елдерінде өткен фольклорлық фестивальдер мен алқалы симпозиумдарда жыр төгіп, тыңдаушысын тамсандырып жүр. Фестивальді ұйымдастырудағы мақсат – түбі бір түркі халқының ұлттық фольклорлық-музыкалық өнерін дәріптеу. Сол арқылы өзара мәдени қарым-қатынас пен рухани байланысты нығайту, тілі ұқсас, ділі ортақ елдердің салт-дәстүрін, қайталанбас өнерінің озық үлгілерін жұртшылыққа таныстыру.
– Төл тарихымызды таразылап жатқан қазіргі кезеңде ғасырлар қойнауына дендей еніп, елдің өткені мен бүгінін байланыстыра отырып, замана лебін дөп басып беретін осындай фестивальдің халықаралық маңызы өте зор. Осы орайда, рухы биік, ұлттық тағылымы мол фестивальдің жаңа танымдық, насихаттық, әні мен сазы, мұрасы барша түркі тілдес елдерді жарқын істерге, бірлікке, ынтымаққа жұмылдыра беретініне кәміл сенемін. Сан ғасырлар өтсе де сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамыз дәстүрлі музыканы келер ұрпаққа аманат ету – бүгінгі біздің басты міндетіміз, – деді аймақ басшысы.
Фольклорлық музыкалық шараны облыс әкімдігі халықаралық ТҮРКСОИ түркі мәдениетін дамыту ұйымымен бірге ұйымдастырып отыр. Ашылу салтанатында аймақ басшысы ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейіновті 70 жасқа толу мерейтойымен құттықтап, оған күріштен жасалған портретін табыстады.
Фестивальға Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Башқұртстан, Татарстан, Саха Республикасы, Ұлыбритания, АҚШ-тан өкілдер қатысты. Ашылу салтанатында қазақстандық және шетелдік өнерпаздар дәстүрлі музыкалық шығармаларды әртүрлі ұлттық аспаптарда шырқады. Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева және жергілікті «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің бірлесе орындауында қобыз бен скрипканың үні үйлесім тауып, ерекше әсерге бөледі.
Фестиваль барысында конференция, шеберлік сабақтары, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешеніне сапар және Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклінің көрсетілімі өткізіліп, соңы гала-концертпен қорытындыланды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы