Аймақтар • 02 Қазан, 2017

Үлкен террор

5750 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Биыл үлкен әрі аса маңызды тарихи оқиғалардың мерейтойлық жылдары аталып өтуде. Соның ішінде қазақтың ұлттық «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдық мерейтойымен қатар 1937 жылы басталған қанды қасапқа (репрессияға) да 80 жыл толып отыр. Төмендегі мақалада халықаралық зерттеушілер «Үлкен террор» деп атаған осы қырғын туралы баяндалады. 

Үлкен террор

Сталиннің қолымен жасалған бұл қырғын өзінен кейін бол­ған африкалық, азиялық дикта­тор­лардың қасаптарынан әлде­неше есе зұлымдыққа толы. Мәсе­лен, бүкіл әлем айыптайтын­ кампучий­лік Пол Пот пен угандалық Иди Амин оның қасында ойыншық сияқты. Пол Пот өкімет басында­ болған 16 жылда (1963-1979) әр­түр­лі бағамдарға сәйкес репрессиялар мен аштықтан 3 миллионға жуық адам қырылса, Иди Амин басқар­ған 8 жылда (1971-1979) Уганданың 300 мың­ға жуық халқы көз жұмған. Ал Сталин басқарған 31 жылдағы (1922-1953) КСРО-да қырылған халықтың толық санына әлі ешкім жеткен жоқ. «Мемориал» қоғамы оны 12 млн десе, Саяси Бюроның бұрынғы мүшесі А.Яковлевтің комиссиясы 32 млн деді. Тарихшы Рой Медведевтің есебі бойынша олардың саны 40 млн, ал жазушы А.Солженицын 55 млн-ның маңайы деп болжайды. Қалай десек те бұл жылдар әлемдік тарихта адамды қынадай қырған заман ретінде қалды. Соның ішінде 1937-38 жылдардағы Сталиннің қолшоқпары Ежов («ежовщина») іске асырған саяси репрессияның орны тіпті бөлек. «Тазалау» деп аталған бұл қырғында «Мемориал» қоғамының есебі бойынша 1 млн 710 мың адам тұтқындалып, соның 724 мыңы атылыпты. Ал шетелдік деректерге сүйенген Калифорния университетінің профессоры Дениэл Ранкур-Лаферрьери бұл санды бес миллионнан тоғыз миллионға дейін жеткен деп жазады. 

Осының бәрі екі жылда ға­на орын алады. Соның ішін­де Қазақстанда репрес­сия­ға ұшы­рағандар саны соңғы уақытта табыл­ған деректермен 118 мың адамға жетті, олардың 25 мыңдайы атылған. («Қазақстандағы 1937-1938 жж. жаппай саяси репрессия шаралары мен салдарлары» атты кітаптан, 3-бет). Оның негізгі бөлігі өзі де аз болған қазақ зиялылары еді. 

«Халық жаулары», «ұлтшыл­дар», «исламшылдар», «түркішіл­дер», «Англияның» немесе «Жа­по­ния­ның шпиондары» деп айып­талған ата-апаларымыздың бәрі де ұлт­тың сүт бетіне шығатын қай­мақтары еді. Ұлттың бас көтерерлері түгелге жуық жойыл­ғанда халық қатты есеңгіреп, өзінің адами болмысынан, өзіндік даму бағ­дарынан айырылып, мәңгіріп қалды. 1931-33 жылдардағы аштықта халықтың саны азайса, бұл жолы сапасы құрыды. 

Саяси Бюро 1937 жылдың 5­ шіл­дедегі шешімімен ұсталған­дардың әйелдері мен балаларын да тұтқындаған. 15 жастан асқан балалар мен аналарын лагерьлерге жіберткен, ал одан кішілерін туыс­қандарына бергізген немесе балалар үйіне алғызған.

«Тазарту» жүргізу туралы­ бұй­рықты Сталин 1937 жылдың ақпан-наурыз айларында болған ОК пленумында сөйлеген «Тро­цкийшілер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша­ партиялық жұмыстардың жетіс­пеушіліктері» атты баяндамасында берген. Осындағы сөздерінде ол «түп орнымен құрту», «көздерін жою» деген сөздерді нақты атайды. Бұл негізінен, қызмет басында жүргендер мен көзі ашық, көңілі ояу, сауаттылар мен білімділерді, соның ішінде ақын-жазушылар мен өнер адамдарын құртуға ба­ғытталды. Зиялы қауыммен қатар дін өкілдерін де түп орнымен құрту мақсат етілді. Осы пленумда сөйлеген 73 адамның 56-сы атылған. Ол ол ма, мұның алдында, 1934 жылы болған 17 съездің делегаттары және съезд сайлаған ОК-і құрамының 78 пайызының көзі жойылған. Ал осы съезд тарихта Сталиннің жауларын тегіс құртып, жеке дара билікке қол жеткізген «жеңімпаздар съезі» деген атау алғаны жұрттың жадында. 

1937-38 жылдардағы террор­дың Сталиннің жеке дара билігін нығайту үшін ғана жасалғаны туралы оның сенімді серіктерінің бірі Л.Каганович 80-ші жылдардың аяғында былай деген «Олардың (репрессияға ұшырағандардың -Ж.С.) бәрі де өкімет мүшелері болды ғой. Троцкийдің өкіметі, Зиновьевтің өкіметі, Рыковтың өкіметі болды. Сондықтан олар қауіпті және оларды еркіндікте қалдыруға болмайтын. Сталиннің қарсыластарының өзі үш өкімет құра алатын. Сондықтан оларды қалай аман қалдыруға болады?»... 

Жақсы, Мәскеу мен Ресейдің өз­ге де қалаларында ол өзіне қарсы шығуы мүмкін, тіпті, билігін тар­тып алуынан қауіптенетін адам­дарды құртты делік. Ал одақтас республикалардағы көзі ашық адамдарды қыру себебі неде? Мысалы, Сәкен Сейфуллин ешқашан оның билігіне таласпас еді. Бұған Сталин өзінің «ағашты шапқанда жаңқалар ұшады» деген атақты сөзімен жауап берген. Яғни, қарсыластары құрған қарсылық ошақтарына қатысы болуы мүмкін, тіпті қатыспаса да ішінен қолдауы ықтимал деген көзі ашық адамдарды да қо­са құртқысы келгенін айтып тұр­ған сияқты. Алайда өзінің бұ­рынғы ең жақын достарына дейін тұтқындауы, тіпті жанында бірге қызмет етіп жүрген қызметкерлерінің әйелдерін, балаларын да іске іліктіріп, қаматып қоюы – бұл адамның айрықша феноменін көрсетеді. Атуға бола ма деп әкелген тізімдерге оның қызыл қарындашпен «Всех расстрелять!», тіпті кейде «Бейте еще!» деген сөздер жазғаны архивтерден табылған. Адамды өлтіруден ол ләззат алған секілді. Кейде ол бір күнде 3000-нан артық адамды өз қолымен атқызған... Ол ол ма...

«Тазарту» жүргізу бойынша өл­тірілуге тиісті адамдардың саны жос­парға енгізілген. Жергілікті жердегі жазалаушы органдар жос­парды атқарып болып, сол кездегі ұранмен артық орындау үшін жарысқа түсіп, қосымша тізімдер талап еткен... 

Осының бәрі ХХ ғасырдың ортасында, адамзаттың даму дең­гейі жоғары дәрежеге жетті деп саналатын еуразиялық мемлекетте болды. 

*  *  *
Сталин мен оның қолшоқ­парлары өкімет басына халық билігін орнатамыз, халықтың жо­ғын толтырамыз, езілгенді те­ңейміз, барлық халықтарды тең құқылы қыламыз, елдің байлығын халықтың еншісіне беріп, бай-шонжарлардан тартып әпереміз деген ұрандармен келді. Нәтижесінде ешқандай халық билігі орнаған жоқ, қо­ғамда буржуазияның орнына «коммунистік партия» деген үс­тем тап орнады. Оның номен­клатурасының қатарына енгендер елге билік жүргізіп, барлық байлығын өздерінің меншігіне айналдырды. Ал қарапайым халық соларға дауыс беріп, оларды қолдап сөйлеуге, қазақша айтқанда қолдарына су құюға мәжбүр болды. Идеологиялық құралдар, оның ішінде БАҚ халықтың санасын әбден тұман­дап, Сталиннің істерінің бәрі дұ­рыс, бәрі де халықтың бақыты, жар­қын болашағы үшін жасалып жатыр деген идеялық уды сіңіріп бақты. Бұған қарсы ешқандай дауыс, ешқандай сөз болмағандықтан халық оған сөзсіз сенді, сенбегендер дыбысын шығаруға қорықты. Сөйтіп, пролетариат диктатурасы деген, сайып келгенде, сталиндік диктатураға айналды. 

Осы күні көптеген ғалымдар Сталиннің «Үлкен террорды» жа­сау себебі неде деген сауалды өз­деріне қойып, оның ғылыми не­гізін іздеп әлек. Мәселен, ре­сейлік бір топ ғалымдар бұл Ста­линнің 1928 жылғы «таптық кү­ресті үнемі күшейте беру керек» деген сөзін іске асырудан туған деп санайды. Тарихшы Ю.Жуков террордың себебін 1936­ жылы қабылданған КСРО-ның Конституциясынан іздейді. Осы Конституцияға сәйкес 1937 жылдың желтоқсанында сайлау болатын, Сталин соның алдын алып, қарсыластарының өтіп кетуінен сақтанғандықтан жасады дейді. Бұл, әрине, ақылға сыймайтын дәлел. Өйткені 1937 жылы Сталин өзінің барлық ашық қарсыластарын құртып, ті­рілерін үнін шығара алмайтын хал­ге жеткізген. Сайлауда тек өз кандидаттарын ғана өткізетін жеке дара билік иесі болатын. Сондықтан осылар қарсыласады-ау деген күдікпен осыншалық террор жасауға негіз жоқ еді. 

Сол сияқты негізсіз пікірлерді неміс ғалымы Й.Баберовский, француз тарихшысы Н.Верт, америкалық Д.Ширер және т.б. айтқан. Алғашқысы Сталин өзінің бұйрығын орындамай, түрлі сылтауға салған жергілікті және аймақтардағы элитаны құртқысы келді десе, соңғылар шаруашылықтағы хаосты жоюды көздеді дейді. Бұл кезде Сталиннің тапсырмаларын орындамау немесе шаруашылықта оның нұсқауынан тыс түрлі шаралар жасау дегендердің мүлде ұмытылғандығы белгілі. 

Террордың ешқандай ғылыми негізін таба алмаған Ресей ғалымы А.Тепляков бастаған ғалымдар оның себебін басқа жақтан із­дейді. Атап айтқанда, олар тер­рордың себебі көпшіліктің сая­си мәдениетінің төмендігінен қоғам жеке адамның құқы мен бостандығын таптауға құштар болып, билікпен өзара үндесіп, жаппай агрессия тудырғанынан өрбіп отыр деп шамалайды.

Бұл пікірдің жаны бар сияқты. Ста­линдік идеология жиырма жылдан бері (1917-37 жж.) жеке адам, оның құқы мен бостандығы дегенді мүлде ұмыттырып, тек­ қоғам, қоғам мүддесі деген түсі­нікті ғана саналарға сіңір­ген бо­ла­тын. Сондықтан жеке адам­дардың құрбандыққа шалынуын­а көпшілік селт етпейтін халге жеткен. Бірақ мұндай сана Сталиннің миллиондаған жазықсыз адамдарды топтап қыруына негіз болған жоқ. Тек «халық жауларын әшкерелейік», оларды «түп орнымен құртайық» деген ұрандары соқыр тобырды, қалың көпшілікті бірін-бірі көрсетуге, бірінің үстінен бірі жала жабуға айдап салды. Сол-ақ екен, санасыз тобырдан мыңдаған хаттар қарақшы органдардың үстін жауып кетті. Оның ішінде жеке басының жауларын да көрсетіп, көзін құртуды көздеген мақсатпен жазылғандары да көп болды. «Іздегенге сұраған» осы еді, түпкі мақсаты «көсемнің» жеке дара билігін нығайтуды көз­де­ген «үлкен террорды» бас­тап жіберуіне және оны әрбір ай­маққа лимит енгізу арқылы қатаң бақылауға алуға қалың көпшіліктің осы сұранысы бір себеп болды. Сонымен бір­ге ұрып-соғуға шыдамаған ұс­тал­ғандардың өздері де жаным қала ма деп көптеген жазық­сыз адамдардың фамилияларын атаған. Өз кезегінде олар да біреулерді көрсеткен, сөй­тіп жазаланғандар саны гео­ме­триялық прогрессиямен өскен. Оның үстіне «халық жауларын» айыптаған толып жатқан жи­налыстардың насихаты «шолақ бел­сенділердің» құлшынысын арт­тырып, террордың көрігін қыз­дыра түскен. 

*  *  *
Сталиннің жеке басы кекшіл, кінәмшіл жан екені талай деректерден белгілі. Ол өзінің қарсы­ластарын, сонау 20-шы жылдарда сынағандарды да ұмытпай, ті­зім­ге алып жүрген екен. Зерт­теуші О.Шатуновская оның же­ке архивінде «троцкийшіл-зиновьевшіл террористік топ» деп өз қолымен жазып, жасаған тізімі болғанын айтады. Міне, сол адамдардың бәріне айып та­ғылып, олардың қылмыстары ұрып-соғумен мойындатылып, те­гіс НКВД-ның қабырғасында атылды. 

«Көсемнің» жеке басының қат­­ты шүйліккен бір тобы әске­рилер болды. Насихат құрал­дары оларды барынша дабырайтып, есімдерін елге кеңінен таратып жіберген еді. Осының өзі іші тар­ әрі қызғаншақ Сталиннің ашу-­ызасын тудырған сияқты. Оның үстіне кеңестік жоғары шен­ді әскербасылардың көбі «Жұмысшы-шаруа қызыл армия­­сын» жеке дұшпаны Л.Троц­кий басқарып жүргенде көзге түскендер еді. Міне, енді солар­дың арасында «троцкийшіл-антикеңестік әскери ұйым» болған дегенді ойлап тауып, оларға өзіне ұнамағандардың бәрін енгізіп, НКВД-ның жаныштауына бергізеді. «Тухачевскийдің ісі» деп аталған осындағы алғашқы топқа маршалдың өзінен бастап сол кездегі әйгілі әскербасылар енгізіліп, тегіс атылды. 

Сотсыз, тергеусіз адамдарды ату­ға рұқсат беретін НКВД-ның үштігі болды. Бұлар өздерінің бастықтарының талабын мүлтіксіз орындап, кей күндері 2-3 мың адамға дейін атқызып отырған. Жүздеп, мыңдап қамалған адамдар сөйтіп із-түзсіз өлімнің қанды шеңгеліне ілініп жатты. НКВД-ның Ярославль облыстық басқармасының бастығы А.Ершов өзіне Ежовтың былай айтқанын еске алады: «Если во время этой операции и будет расстреляна лишняя тысяча людей – беды в этом совсем нет. Поэтому особо стесняться в арестах не следует». 70-80-ге келген қарттарды қайтеміз дегенде сол Ежов: «Ая­ғынан тұрса болды, атыңдар» деген екен. 

Ұсталғандардың тізімі бірінші және екінші санат деп бөлінген. Соның біріншісі ату жазасына кесілгендер, ал екіншісі – 10 жыл және одан жоғары мерзімге қамалатындар. Өңірлердің басшылары осы екі өлшемдегілердің тізімдерін Сталинге бекіттіріп отырған. Киров облысының басшысы М.Родин өзіне берілген лимитті орындап, қосымша бірінші санатқа 300, екінші санатқа 1000 адам сұрап хат жазғанда Сталин біріншісін 500-ге ал екіншісін 800-ге дейін ұлғайту туралы бұйрық берген екен... Бір қызығы, бірінші топқа жатқандарға үкімді айтпаған, адам өзін ататынын тек орындайтын жерде ғана білген. Ал екінші топқа жазалану мерзімін айтып отырған.

Қазақстанға әуелде 2500 адамды бірінші, 5000 адамды екінші санатпен жазалауға жоспар берілсе, біздің жазалаушы органдар оны 10 және 18,6 есе артық орын­даған. 118 мың адамды жа­заға ілектіріп, соның 25 мыңын ат­қанын жоғарыда жаздық. Сол кездегі Қазақстанның басшысы, республика партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянның өз қолымен бірінші топтың лимитін 600 адамға, екінші топты 1000 адамға арттыруды сұрап, Сталинге өтініш жазған құпия хаты сақталған. 

Дін өкілдері де арнайы топқа жатқызылған. Олардың 165 мыңы ұсталып, 107 мыңы атылған.

Демократиялық елдерде сотсыз, тергеусіз, прокурорлық қа­да­ға­лаусыз жасалған жазалау­ шараларының бәрі заңсыз, яғ­ни қылмыс деп саналады. КСРО-да 1937-38 жылдары жа­сал­ған осынау заңсыз саяси реп­рессияның басында Сталин тұр­ды. Демек ол және оның жа­нындағылар қылмыскерлер. Өз істе­рінің қылмыс екенін олар біл­ген, бірақ тиранға қарсы сөз айтудан қорыққан. Хрущев өкі­мет басына келген бойда репрес­сиялық шараларды жасауға өзі­ қол қойған, соның ішінде сол жылдары қызмет істеген Укра­и­нада жазаланушылардың тізімін ұлғайтуды сұрап жазған құжаттарын бірден жойғызған. 1956 жылы Сталиннен бас тартып, оның қылмысын «әшке­релегендігі» де сол, жаса­ған қыл­мысынан өзін араша­лап алудың амалы еді... Сталин­нің басқа қателіктері мен қаталдықтары бір төбе болғанда осы 37-38 жыл­дардағы жасаған «үлкен терроры» ашық қылмыс екенін барлық елдердің озық ойлы адамдары мойындаған. Бұл ретте оны африкалық, азиялық диктаторлардың қатарына қоюға толық негіз бар. 

Өзінің шектен шығып бара жатқанын «көсем» де білген. Сондықтан 1938 жылдың 17 қарашасында ОК-нің №4387-ші арнайы қаулысын қабылдатып, репрессияны тоқтатуға мәжбүр болған. Онда «тұтқындаулар енді тек қана сот пен прокурордың санкциясымен ғана жасалсын, НКВД-ның арнайы бұйрығын іске асыратын «үштіктер» жойылсын, алдағы уақытта барлық істер соттарға өткізілсін, адамды тұтқындауға прокуратурадан санкция алу үшін НКВД органдары өздерінің негізделген қаулыларын ұсынатын болсын, ал прокуратура органдары негіздеменің дұрыстығын мұ­қият тексерсін» де­лінген. Бұл қаулы біршама уақыт репрессиялық шаралардың қарқынын азайтқанымен қуғын-сүргінді толықтай тоқтатқан жоқ. Ежовтың орнына НКВД-ның басшысы болған Л.Берия 1940 жылы сот пен прокуратураның адамды жазадан босату туралы барлық шешімі НКВД-мен келісілген соң ғана күшіне енеді деген заңсыз бұйрық шығарды. Конституцияға қарсы болғанымен ол бәрібір іске асты... 

Сөйтіп, миллиондаған жазық­сыз жандарды шәйіт қылған «тер­рор» толықтай болмаса да бір­шама тоқтатылды. Осы науқанда КСРО бойынша алғанда екі жыл­дың әрбір тәулігінде орта есеппен 1200-1300 адамды атып отырған. Мұндай қылмыс адамзат тарихында басқа мемлекеттерде ешқашан болған емес. 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20