Көрмеге келушілер назарға ұсынылған өткен ғасырдағы латын әрпімен басылған құжаттар, газеттер мен журналдарды үлкен қызығушылықпен тамашалады. Бұдан бөлек «Рухани жаңғыру» жобасына да арнайы орын берілді. Шара шымылдығы облыстық архив қызметкері Жазира Әкіжанованың баяндамасымен ашылды. «Болашақ» академиясының оқытушы-профессорлық құрамы студенттерге қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру жобасын барынша кең көлемде насихаттап келеді. Қазір латын графикасына қатысты тарихи деректерді мазмұнды түсіндіріп, қазақ жазуы латын қарпіне өтпейтіндігін, керісінше қайта оралатындығын атап кеткен жөн. Өйткені Қазақстанда латын графикасын қолдану тәжірибесі бұрыннан бар. 1929 жылы қазақ зиялылары латын графикасын қабылдап, мемлекеттік іс қағаздарды осы әліпбидің көмегімен жазған болатын.
Тарихымыздағы латын графикасын қолданған кезең туралы толыққанды ақпарат беру мақсатындағы өткізілген көрме көпшіліктің көңілінен шықты.
Аталмыш іс-шарада «Болашақ» академиясының профессоры Құрманғазы Сембиев қазақ жазуының тарихына тоқталып, латын графикасына көшу заман талабы екенін нақты деректермен баяндады. Академияның профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру бөлімінің бастығы Елеужан Серімов қазақ тарихындағы латын әліпбиінің даму кезеңдері, «Рухани жаңғыру» мәселелері бойынша тұжырымды пікір білдірді.
Көрмеде «Болашақ» академиясы кітапханасының қорындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен латын графикасына қатысты материалдар, облыстық архив қорындағы өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы құжаттар, хаттамалар, мақалалар қойылды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы